Жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Референдум — 2024
Шығармашылық академиясында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен республикалық референдум қорытындысын қолдауға арналған жиын өтті. Іс-шараға педагогтер мен мектеп басшылары қатысты.
Қатысушылар атом электр станциясының экономикалық тиімділігін, энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығын, экологиялық тазалығы мен қауіпсіздігін талқылады. Қоғам белсендісі, қамқоршылық кеңес төрағасы Қуаныш Табаналының айтуынша, Қазақстандағы энергетикалық ресурстардың тиімді пайдаланылуы ел экономикасының дамуына әсер етеді.
— Елдегі энергия өндірісінің 70 пайызы көмірге негізделген электр стансаларынан алынады. Бұл еліміздің энергетикалық жүйесінің көмірге тәуелді екенін көрсетеді. Жаңартылған энергия көздері де дамып жатыр, алайда жалпы үлесі әзірге аз. Сондықтан АЭС салу елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, уран қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қолданыстағы электр энергиясына тоқталып қалмай, басқа да энергия көздерін пайдаланған жөн. Елімізге арзан да, қолжетімді тиімді, электрэнергиясын өндірудегі қажетті шикізаттарды қолдана отырып энергия көздерін пайдаланған дұрыс шешім деп ойлаймын, — дейді ол.
Сонымен қатар жиында жас зерттеушілердің АЭС тақырыбына ғылыми тұрғыдан басымдық беруі, атом энергетикасы саласы бойынша халықаралық ұйымдармен байланысты арттыру мәселелері талқыланды.
— АЭС салу энергия тапшылығының алдын алады деп есептеймін. Қазірдің өзінде елімізде электр қуатына сұраныс артып, энергия тапшылығы байқала бастады. Осыған байланысты мамандар дабыл қағып, АЭС салу туралы бастаманы қолдап жатыр. Қазіргі уақытта жел мен күн сынды баламалы энергия көздерін пайдалану — жоғары дәрежеде деп айту қиындау. Себебі мамандардың есебі бойынша елімізде жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі бір пайыз екен. Атом электр стансасын салу көп уақыт пен қаражатты талап етеді. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, елімізде «таза энергия» көзін өндіретін АЭС салынады деген үміттемін, — дейді Әбіш Кекілбаев атындағы
№72 мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Еркін Тобылбаев.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.