Жаңалықтар

Табиғи өртке қарсы жедел әрекет ету алгоритмі қайта қаралады

Жиын

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиналыста дала және орман өрттерінің алдын алу және жою мәселесі қаралды. Жиналысқа қала және аудан әкімдері, төтенше жағдайлар департаменті және басқа да ведомстволардың өкілдері қатысты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қахарман Оразалин атап өткендей, облыс аумағында өрттің қауіпті кезеңі әлі де сақталуда. Осы кезеңде 84 дала  және 7 орман өрті тіркелген.

Барлық табиғи өртті сөндіруге ерікті өртке қарсы құрылымдар тартылды. Облыста 14 ЕӨҚ бірлестігі жұмыс істейді, олар 142 команда және екі мыңға жуық адамнан тұрады. Ерікті өрт сөндірушілер 200-ден астам өрт сөндіру мотопомпасы және 1500-ден астам арнайы өрт сөндіргіштермен жабдықталған.

Қахарман Оразалин табиғи өрттердің таралу қаупін азайту үшін ЕӨҚ-ны белсенді түрде тартып, аудан әкімдері тарапынан тиісті бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Аудандық әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы өрт сөндіруді қиындатып қана қоймай, қызыл жалынның үлкен аумақтарға тез таралуына да әсер етеді.

Баяндамашыны тыңдаған аймақ басшысы шұғыл әрекет ету үшін тартылған ерікті өртке қарсы құрылымдардың санын арттыруды, аудандардағы өрт жағдайын бақылау жүйесін жолға қоюды, табиғи өрттердің туындауына жедел ден қою алгоритмдерін қайта қарауды тапсырды.

— Кеше ғана облыс орталығындағы саяжай алаптарында қамыс өртеніп, үлкен аумақты шарпыды. Өртті сөндіруге көптеген құтқарушы мен техника жұмылдырылды. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін барлық келіп түскен өрт туралы сигналдарға жедел әрекет ету керек. Барлық күштер мен құралдарды жылдам ұйымдастыру маңызды. Кез келген төтенше жағдай қала және аудан әкімдерінің бақылауында болуға тиіс. Жағдайды қатаң назарға алып, ерікті өртке қарсы құрылымдарды жедел тарта, өрттің үлкен аумаққа таралуын болдырмау және залалды азайту үшін уақтылы әрекет ету қажет, — деп тапсырды әкім.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button