Жаңалықтар

Егін орағы аяқталуға жақын

Жиын-терін

Облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бүгінде 425,3 мың гектар дәнді дақыл орылды, 603,8 мың тонна өнім жиналды, орташа өнім — гектарына 14,2 центнер.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі егін орағы науқанының барысы талқыланды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жерқатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, бірқатар шаруа қожалықтары орақ науқанын аяқтап үлгерген. Бүгінде дәнді дақылдарды жинау жұмыстары Әйтеке би мен Хромтауда ғана қалған. Бұлар — облыстағы ірі астықты аудандар.

Өңірде қазір майлы дақылдарды жинау жалғасуда. 12,9 мың гектар алқап танастық жиналып, орташа өнімділігі гектарына 10,3 центнерден 13,3 мың тонна өнім алынды. 3,2 мың гектар жерден картоп жиналып, орташа өнімділігі гектарына 182,6 центнерден жалпы көлемі 57,8 мың тонна өнім жиналды. 2,5 мың гектар жерден 42,8 мың тонна көкөніс жиналды. Орташа өнімділігі — гектарына 173,2 центнер.

Биыл 18,2 гектар алқапқа күздік дақылдар, сондай-ақ келесi жылдың өнiмi үшiн 143,3 мың гектарға сорго, 77,6 мың гектарға бидай егiлген.

Жиын барысында суармалы жерлердің ирригациялық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі сөз болды.

Құсайын Сәрсембай облыстағы суармалы жерлердің көлемі 30,2 мың гектар екенін атап өтті. Суармалы жерлердің көп бөлігі Мәртөк, Қарғалы аудандарына және Ақтөбе қаласына тиесілі.

Өңірде суарудың тиімділігін арттыру және су тұтынуды азайту мақсатында ылғал үнемдейтін технологиялар енгізіле бастады. Мәселен, 0,6 мың гектар жерге тамшылатып суару және 20,5 мың гектар жерге қазіргі заманғы жаңбырлатып суару жүйесі қолданылады. Бұл суды айтарлықтай үнемдеуге және ылғалдың ұзақ сақталуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылшаруашылығымен айналысатын шаруаларға заманауи ирригациялық жүйелерді сатып алуға және қажетті инфрақұрылымды салуға инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Биыл 442,5 млн теңге көлемінде субсидия төленді. Сондай-ақ суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджет есебінен айналымға 10,6 мың га жер енгізіледі.

Бүгінгі таңда Қобда, Мәртөк, Ойыл, Хромтау аудандарындағы 3,7 мың гектар жерге жүргізілген құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Ал Қарғалы ауданы мен Ақтөбе қаласында 5,6 мың гектар жерге жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Басқарма басшысы Құсайын Сәрсембайдың баяндамасын тыңдаған өңір басшысы егін жинау науқанының қарқынын бәсеңдетпеуді және оны қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Әкім егістіктерді тиімді суару маңыздылығына тоқталып, бұл әсіресе климаттың өзгеруі жағдайында тиімді екенін, сапалы суару өнімді арттыруды қамтамасыз ететінін және суды тұтынуды оңтайландыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button