Жаңалықтар

Ақтөбе Әйтекесін ұлықтады

Әйтеке бидің туғанына — 380 жыл

Әділдік пен бірліктің ұйытқысы

Ақтөбе өңірі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тарихындағы ең қиын кезеңде елдікті сақтап қалу жолындағы істерге ұйытқы болған ұлы тұлғалардың бірі Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдық мерейтойын атап өтті.

Мерейтойлық іс-шаралар 11-13 қазан күндері Ақтөбе қаласы мен Қарабұтақта ұйымдастырылды.

Ең алдымен Ақтөбедегі Әйтеке би ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Бұл іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, қала әкімі Азамат Бекет, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, еліміздің басқа өңірлері мен алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар және баба ұрпақтары қатысты.

Amanat партиясы облыстық филиалының ғимаратында «XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ елі: Әйтеке би заманындағы ұлттық құндылықтар және ұрпақтар сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық мәжілісі өтті.

Жиынға тек қазақстандық тарихшылар ғана емес, сондай-ақ көрші Өзбекстан мен Ресейден келген ғалымдар, өлкетанушылар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Пленарлық мәжілісті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров жүргізіп отырды.

Бірінші сөз ұйымдастырушылар тарапына — облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырханға берілді.

Жолдас Нұрланұлы:

— Қазақтың тарихында оның бірлігі мен тұтастығын, ел болып сақталып қалуын ойлаған, әрдайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, күні бұрын ұрпақ қамын қамдаған, болмысы бөлек, нар тұлғалы ерен ерлер көп. Олардың туған халқы үшін жасаған ерлік істері мен даналық сөздері ел жадында сақталып, бүгінге дейін жетті. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін; батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін», — деп, баршаны ел қорғауға, ел бірлігі жолындағы істерге жұдырықтай жұмылуға шақырған Әйтеке би бабамыздың рухына тағзым ету — біздің қасиетті борышымыз ғана емес, сонымен бірге бүгінгі ынтымақ-бірлігімізді нығайта түсу үшін де қажет іс, — деп атап өтіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Мемлекет және қоғам қайраткері, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков өз сөзінде:

— Біз — кеңестік заманда қазақтың тарихын 1917 жылдан бастап қана оқыған буынның өкіліміз. Ал қазіргі ұрпақ ата-бабамыздың 3 мың жылдық тарихын оқып өсіп келеді. Бұл тәуелсіздіктің арқасы десек, ал сол тәуелсіздікке жетуімізге, ақыр түбінде елдіктің сақталып қалуына зор еңбек сіңірген халқымыздың асыл перзенттерінің бірі —  Әйтеке би бабамыз, — дей келе, Ташкентте жерленген Төле би мен Өзбекстанның Нұра-Ата жерінен мәңгілік тыныс тапқан Әйтеке би кесенелерінің қалай қайта жаңғыртылғаны жөнінде әңгімеледі.

Өзбек жерінің жазы аса ыстық екені белгілі. Әйтеке би жатқан 3 мың жылдық тарихы бар ескі қорымда жиын өткен күнді Зауытбек Тұрысбеков:

— Күн шыжып тұрған. Кенет аспанды қара бұлт торлап, көлеңке орнады. Сол бұлт үш сағаттай тұрып, жиын соңында жаңбыр боп сіркіреп, күн қайта ашылды, — деп еске алды. Айта кетейік, ол 2009-2012 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болып қызмет етті.

Жиынның құрметті қонақтарының бірі — Еуропадағы қазақ диаспорасының өкілі Қажыакбар Аюби. Ол Дания елінің Биллун қаласынан келген. Жиында ол Ауғанстан қазақтарының тарихына тоқталды.

Жан-жақтан жау қысым көрсеткен алмағайып замандарда, тіпті Әйтеке бидің тұсында-ақ елден көшуге мәжбүр еткен түрлі жағдайлар кезіккен. Қажыакбар Аюбидің айтуынша, Ауғанстан жеріне ХХ ғасырдан да бұрынырақ көшіп барған қазақтар болған. «Әр замандарда көшіп барған қазақтардың ұрпағы бүгінде бұл елде миллионға жетті», — деп санайды.

— Әрине, арада көп уақыт өтті. Олардың түрінің, тілінің өзгеріске ұшыраған тұстары бар. Бірақ әлі күнге дейін «ж» әрпімен сөйлейді. Ауғанстан жеріне генетик, лингвист, этнолог және басқа да мамандардан құралған комиссия барып, қазақтың ұрпағы екенін нақты анықтап, елге қайтуларына жағдай жасаса, құба-құп. Бүгінгі жиында осы ұсынысты енгізгім келеді, — деді ол.

Жиында тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Гүлбану Ізбасарова, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Самат Өтениязов, тарих ғылымдарының кандидаты, Жошы ұлысын зерттеу жөніндегі ғылыми институттың бас ғылыми қызметкері Жәнібек Исмурзин, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мұхтар Әбілсейіт, тағы да басқа, соның ішінде Башқұртстан мен Өзбекстаннан келген ғалымдар баяндама оқыды. Негізінен, Әйтеке би мен оның заманының әлі де болса терең зерттелмей келе жатқаны, Әйтеке би тарихындағы ақтаңдақтар, сол замандағы қазақ-өзбек, қазақ-башқұрт қатынастары, Әйтеке бидің ұрпақтары, т.б. тақырыптар қамтылды. Қазақ еліндегі билер институты, билердің елдегі әділдік пен бірліктің ұйытқысы ретіндегі рөлі жөнінде де кеңірек айтылды.

Башқұртстаннан келген ғалым, философия ғылымдарының кандидаты Закирьян Аминовтың:

— Тәуелсіздікті қайта қалпына келтіру — үлкен бақыт. Бауырлас қазақ халқына сондай бақыт бұйырып отыр. Біз сіздердің тәуелсіздікті нығайту жолындағы барлық істеріңізге сәттілік тілейміз, — деп, тілеулестігін жеткізуі де жиындағы толқулы сәттердің бірі болды.

Біз Әйтеке би Бәйбекұлының туғанына 380 жыл толуына арналған іс-шаралар аясындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияны облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен, облыстық тарихи-өлкетану музейі және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бірлесіп ұйымдастырғанын айта кеткіміз келеді.

 Индира ӨТЕМІС.

(Конференция туралы толығырақ материал газетіміздің алдағы сандарының бірінде беріледі.)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button