Жаңалықтар

300 түп қарағай, терек екті

 

Сенбі күні Ақтөбе қаласындағы Есет батыр шағын ауданының аумағы 300-ден астам көшетпен толықты. Ағаш егуге мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері, тұрғындар жұмылдырылды.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Есет батыр ескерткіші маңында жиналған бір топ ақтөбелік қарағай, терек ағаштарын егіп, айналаның жасыл желекке айналуына үлес қосты.

— Көктем мезгілінен бері қаланың әр жерінде сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарының жүргізілгені, тонналап қоқыстың шығарылғаны белгілі. Енді ағаш егуге кірісіп жатырмыз. Қай аумаққа ағаштар керек, сол жерлерге түрлі өскінді көптеп егуге тырыстық. Айталық, Есет батыр шағын ауданындағы гүлзар маңына 320-ға тарта тал-терек егілді. Бұл іске облыстық басқармалар мен департаменттер, қалалық бөлімдер мен оған қарасты коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлерлері, және тұрғындар атсалысты. Барлығы 230-ға жуық адам тартылды. Ағаштарды егіп қана қоймай, суарып, жан-жағын талапқа сай қоршап, қажетті жұмыстарды атқардық. Алдағы уақытта да бұл іс жалғасады, — дейді Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Жарасқан Минайдаров.

Ақтөбе қаласына қарасты Алматы ауданы әкімі аппараты тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Алмас Селубаев ағаш егу жұмыстарына 2 суару техникасының жұмылдырылғанын атап өтті. Сондай-ақ мұндай акция 11-шағын аудандағы аллеяда да өткізілген.

Бұл күні облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Жанаргүл Әжіғалиева да әріптестерімен бірге көшеттер екті. Оның айтуынша, бұл — игілікті іс.

— Біздің мекемеден 6 адам сенбілікке қатысты. Қызметтестермен бірге 15 тал ектік. Өзіміз суарып, жайқалып өсуі үшін барынша қажетті амал-тәсілдерді іске асырдық. Қаламыз гүлдене берсін! — дейді ол.

Экологиялық акцияда студенттер мен оқушылар да жұмылып, аға буынға қолғабыс көрсетті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button