Су қоймалары талапқа сай ма?
Өңір тұрғындары көктемгі су тасқынынан бойын енді тіктеп, жаңа баспаналарына орналасып, тірлігін түзеп жатыр. Жойқын су мыңдаған құрылысқа зиян келтіріп, су қоймаларының жұмысына жүк түсірді. Қыс — қыр астында. Одан әрі көктем қайта келеді. Су қоймаларының қазіргі жайы қалай? Іргесін қатайтып, келер көктемге сақадай сай қыла алдық па? Жоспарлы жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Осы және өзге де сауалдар бойынша жауапты мамандармен тілдескен едік…
Тіршілік түлейтін уақытты асыға күтетін облыс тұрғындарын көктемнің тосын мінезі әбден әбігерге салғаны бар. Мамандар мұндай су тасқыны облыс тарихының бергі 100 жылдығында болмапты деседі. Бүгінде қарғын су ерте келген қыруар мәселелер мен кеткен олқылықтардың орнын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су шаруашылығы саласын дамытудың кешенді жоспары да әзірленген. Ол туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылған еді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша 2024-2028 жылға арналған жұмыс жоспары аясында жаңа су қоймалары салынып, қолданыстағы қоймалар жөндеуден өтпек.
— Су тасқыны кезінде су қоймасының арнасы суға толып, тұтас қалаға қауіп төндірген еді. Дегенмен мамандардың жанкешті еңбегінің арқасында апаттың алдын алдық. Қазір облыс аумағында орналасқан 24 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, техникалық базасы жаңартылып жатыр. Облысаумағында 206 гидротехникалық құрылыс бар, олардың 22-сі жекенің меншігінде. Бүгінде атқарылып жатқан жұмыс нәтижесінде 2 нысанды жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Оның біреуі — Мәртөк ауданында орналасқан Мәртөк бөгеті, екіншісі —Темір ауданындағы Қара бөгеті. Бұл мақсатта атқарылатын жұмыстарға мемлекеттік бюджеттен 7 миллиард теңге қаражат бөлу жоспарланған. Сонымен қатар облыста 4 жаңа су қоймасы салынады. Бұл жобалардың мақсаты — ауыл шаруашылығы алқабын сумен қамтамасыз етіп, қажеттіліктер үшін еріген қар суын пайдалану. Қазір осы жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге қатысты шаралар қолға алынды. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады, — деді Ж.Бақыткелді.
Сондай-ақ келер жылғы жөндеу жұмыстарына тағы 17 нысанның тізімі бекітілген, бұл нысандардағы жұмыстар қаражат бөлінісіне қарай жүргізілмек.
Ақтөбе су қоймасы
Қаладан оңтүстік-шығысқа қарай 10 шақырым қашықтықта ақтөбеліктер «Ақтөбе теңізі» деп атап кеткен су қоймасы бар. Тарихы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы институтында «Гидропроект» жобасы бойынша салынған «Актюбводстрой» нысанынан басталған. Кейін 1988 жылыАқтөбе су қоймасы деп аталып, пайдалануға берген. Сыйымдылығы 245 млн шаршы метр болатын Ақтөбе су қоймасына Елек өзенінің Жарық, Тамды, Есет, Табантал, Ақжар, Көктөбе тәрізді салалары құяды. Салынғалы жөндеу көрмеген ескі қоймаға биылғы көктемде 2,5 есе су келген. Қала тұрғыны Ныш Ұжымақов су қоймасының қазіргі кейпіне алаңдаулы. Оның айтуынша, су деңгейі едәуір түскен екен.
— Су жағалаудан 10 метрге дейін алыстап кетті. Бүгінде қоймада 150 миллион текше метрдей су қалды деп жатыр. Әлі де 4-5 есеге дейін төмендейді деп айтылуда. Біз су деңгейі бұрынғы қалпына келмей қала ма деп алаңдаулымыз, — деді ол. Тұрғындар қойған сауалды жолдамақ болып, су қоймасының мамандарымен тілдестік. Қазір бұл жерде жөндеу жұмыстарынан бөлек, су реттеу қондырғылары да жаңартылып жатыр екен.
— Қазір көктемгі су тасқыны кезінде түбін су шайып кеткен тірек қабырғаларды тас аралас құммен қайта бекітіп, нығайтып жатырмыз. Одан кейін қабырғалардың жақтауларына бетон құямыз. Оны да көктемде су шайып кеткен. Күрделі жөндеу жұмыстары маусым айында басталған болатын. Бұл жерде жөндеу жұмыстарынан бөлек, нысандарда күзет жүйесі күшейтіліп, бейнебақылау, жарықтандыру жүйелері, электр желілері де жаңартылады. Қосымша блок-бекет пен күзет қою да жоспарда бар. Жұмысты 45 жұмысшымен жергілікті мердігер «ЭлитСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі істеп жатыр, — деді «Ақтөбе» су қоймасының басшысы Елібай Ізмаханов.
Жөндеу жұмыстары аяқталған соң көктемгі дайындықты бастамақ. Оған қойманы әзірлеу, инертті материалдарды дайындау тәрізді жұмыстар кіреді. Осыған сәйкес су қоймасы 10 тонна қиыршықтас пен 20 тонна құм қажет етеді екен.
36 жыл тарихы бар құрылыс нысанының алғашқы күнінен бүгінге дейін қызмет атқаратын жұмысшылары бар. Қазір зейнетке шықса да, білгенін бөлісіп, жастарға үйретіп жүрген Шыңғыстау Әбдиев — жойқын суға төтеп беріп, ерлік жасағандардың бірі. Алайда ол өз ісін ерлікке емес, күнделікті жұмысына балайды.
— Алдымен тұрғындар жолдаған сауалдың жауабына тоқталайын. Тұрғындардың «су қоймасына экологиялық қауіп төніп тұр» деп алаңдауына еш негіз жоқ. Себебі су жіберу жұмыстары жоспармен жүзеге асырылып жатыр. Биыл төнген қауіп салдарынан жиектегі бетон қабырғаларында жарықтар пайда болды. Оны қайта қалпына келтіру үшін судың көп бөлігін ағызып жіберуге мәжбүр болдық. Мәселен, секундына 25 текше метр су қоймадан шығарылады. Қоймада 5 шлюз бар. Әрқайсысының салмағы — 50 тонна. Бір шлюзді ашу үшін 20 минут уақыт кетеді. Жыл сайын қажетті мөлшерде су шығару үшін бір шлюзді ашу жеткілікті болатын. Биыл оның екеуін ашуға тура келді, — деді «Ақтөбе» су қоймасының су реттеушісі. Көктемгі су тасқыны кезінде ескі қойманың екінші шлюзін ашып жатқанда техникалық ақау туындаған. Осы кезде 36 жылдық тәжірибесі бар маман жедел шешім қабылдап, қауіпті сәттің бетін қайтарғанын айтады.
— 1983 жылы Орал қаласында ауылшаруашылық техникумын тәмамдадым. Кейін өзімнің туған жеріме келіп, қазіргі Ақтөбе су қоймасына жұмысқа орналастым. Алғашында жас маман ретінде су шаруашылығы маманы, одан краншы қызметін атқарып, осы салада жүріп зейнет жасына да жетіппін. Бұл кезең — әр адамның еңбегінің тәтті жемісі мен сәтті аялдамасы. Осы аралықта темірдің тілін меңгеріп, мол тәжірибе жинадым. Халық басына қиындық түскенде ел көзіне көрініп, еленіп жатқаным — үлкен мәртебе. Алайда мен өз ісімді ерлік емес, еңбегімнің жанғаны деп түсінемін, — деді Ш.Қибашұлы. Аймақта су тасқыны басталған кезде оның кәсібилігі мен тәжірибесі төтенше жағдайды шешуге және қаланы су тасқынынан құтқаруға көмектесті. Бұған дейін бір ғана шлюзді ашып келген мамандарға сол сәтте секундына 1000 текше метрге дейін су жіберу туралы шешім қабылданыпты. Бұрын бұл кранды қолданбағандықтан, мамандар оны жүргізе бастағанда тежегіші істен шығып, рельстерге кептетіліп қалған. Су мөлшері сағат сайын артқанда әр минуттың өзі маңызды болды дейді.
— Желтоқсан айында зейнеттік демалысқа шыққан едім. Әлі есімде, наурыздың 28-і жұмысқа жедел түрде жету керектігі жөнінде қоңырау түсті. Небәрі 2-3 сағаттың ішінде суды жіберіп үлгеру керек болды. Содан кранға өзім отырып, екінші шлюзді аштым. Соның арқасында уақытында судың қажетті мөлшерін жіберіп, Ақтөбе су қоймасының тасып кетуінің алдын алдық. Шамамен 30 жыл бұрын қоймаға 1250-1300 текше метр су мөлшері келген болатын. Осындай 2-3 жағдай болғаны есімде. Бұл жолы 1700 текше метр су келіп жатты. 12 сағаттың ішінде су қоймасының толғанын бірінші рет көрдім. Осылайша басшылықтың қолқа салуымен 29 наурыздан бастап қайтадан кран машинисі қызметіне кірістім. Бойымда қуатым барда жастарды үйретуге міндеттімін, — деді Шыңғыстау Әбдиев. Ақсақалдың артынан ерген 3 ұлы бар екен. Арасында әке жолын қуып, су шаруашылық саласына бет бұрғандары да бар. Жұмыс бабымен табысталған баспанасында 36 жыл бойы тұрмысын түлетіп, 3 баласынан 7 немере көріп отырған кейіпкердің бүгінгі ерлігі — көпке үлгі.
Облыс аумағына 4 су қоймасы салынады
Олардың ішінде ең ірісініңкөлемі 75 миллион текше метр болады. Бұл су қоймасы Мұғалжар ауданында салынбақ. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданында да жаңа су қоймалары пайда болмақ. Қала аумағындағы ЖаманҚарғалы өзені арнасына сыйымдылығы 33,8 млн текше метрболатынӨлке Мұғалжар ауданында сыйымдылығы 75 млн текше метр болатын Жарық, Хромтау ауданы Ор өзені бассейнінде сыйымдылығы 60 млн текше метр болатын Жамбыл, Қобда ауданында сыйымдылығы 14,2 млн текше метр болатын Әлия су қоймаларын салу жоспары енген. Аталған жұмыстардың құрылысы бойынша сметалық жобаларын жасау тапсырылған.
Айдана АЛТЫБАЕВА.