Мәдениет

Қазанғап күйлері насихатталды

Өлмес мұра

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде күйші, композитор Қазанғап Тілепбергенұлының 170 жылдығына арналған «Саз сазгері — Қазанғап» атты танымдық іс-шара өтті. Оған жергілікті қазанғаптанушылар, Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында Қазанғап мұрасын зерттеуші, Мәдениет саласының үздігі Нұрболат Жанаманов, Қазақстанның құрметті журналисі Жанғабыл Қабақбаев сөз сөйлеп, Қазанғап шығармашылығын республика көлемінде дәріптеу керектігін айтты.

—  Академик Ахмет Жұбанов күйші мұраларын зерттеп, 1940 жылдары Қазанғаптың күйшілік шеберлігі туралы «Замана бұлбұлдары» атты этнографиялық кітап жазған екен. Бірақ бұл кітап «ескіліктің қалдығы» деген сынға ұшырап, жойылған. Оны Ахаң кейін өзгертіп жазып, әйтеуір халыққа жеткізген. Қазанғаптың Матай Қуантайұлы, Құрманғали Өмірзақов, Нұрқат Қосуақұлы, Кәдірәлі Ержанов, Жәлекеш Айпақов, Медеубай Бақтыбергенұлы сынды көптеген шәкірттері болған. Олар да өздерінің шәкірттерін тәрбиелеген. Мәселен, Қазанғап күйлерінің бүгінге саф алтындай таза қалпында жетуіне еңбек сіңірген бірегей талант иесі, күйшінің үздік шәкірттерінің бірі Кәдірәлі Ержанов екені белгілі. Ал кәсіби зерттеуші, домбырашы Сәдуақас Балмағанбетов болса, Ахмет Жұбановтан кейін Қазанғаптың күйлерін зерттеп, оның шығармаларын нотаға түсіріп, «тірі Қазанғап» атанған. Ол 20 күйдің шығу тарихын баяндап, үнтаспа етіп шығарған. Жуырда Шалқар ауданында Қазанғап мұрасын насихаттауға бағытталған республикалық күйшілер байқауы өтеді. Аудандық мәдениет бөлімі ауқымды іс-шараға дайындықты бастап кетті. Жас күйшілерімізді осы байқауға шақырамыз, — деді Нұрболат Жанаманов.

Танымдық іс-шара барысында Қазанғап атындағы өнер мектебінің оқушылары Қазанғаптың «Ақжелең», «Торы жорғаның бөгелек қағуы» сынды бірқатар күйлерін орындап, жиналған көрерменді бір серпілтіп тастады.

Бүгінде жас домбырашылардан жасақталған кіші топта 70-ке жуық оқушы тәлім алып жатыр. Олар көптеген байқауларда топ жарып келеді. Балаларымыз белгілі күйшілердің күйлерін біліп, естіп өссе, олардың бойында елге, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік қалыптасады. Сондықтан қазақтың күй өнерін жастардың бойына бала кезден сіңіруіміз қажет, — дейді Қазанғап атындағы өнер мектебі домбыра класының жетекшісі Қуаныш Нұралиев.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button