Білім

Мектеп басшыларына арналды

Семинар

«Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының облыстық филиалында «Мектепте білім сапасын басқару: стратегиядан — практикаға» атты облыстың мақсатты мектеп басшыларына арналған үш күндік оқыту семинары өтті.

Семинарға қатысқан Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев тұрақты білім беру нәтижелеріне қол жеткізуде сапа менеджменті саласында мектеп басшыларының басқару құзыреттілігін дамытудың маңыздылығын атап өтті. 

Іс-шараға Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, облыстық білім басқармасының, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығының облыстық филиалының, облыстық және қалалық әдістемелік орталықтарының өкілдері де қатысып, мақсатты мектеп мұғалімдерінің құзыреттілігін арттыру және дамыту бағыттарына тоқталды. Семинардың алғашқы күніндегі 1-2 сессия жұмысында басшылар — мектептің ағымдағы жай-күйіне, оның өзекті мәселелері  мен әлсіз тұстарына, төмен нәтижелердің себептеріне талдау жасады. Практикалық сессияда мұғалімдердің кәсіби дамуы, облыстағы білім беру ұйымдарының үздік басшыларының, Мария Құрманалиева атындағы №32 гимназиясы, №17 мектеп-гимназиясы, №9 орта мектеп-гимназиясы, №10 орта мектептерінің тәжірибелерімен бөлісті. SWOT-талдау арқылы мүмкіндіктер мен қатерлерді анықтап, қолжетімді мақсаттар мен мектептің даму стратегиясын жоспарлаудың тиімді тұстарын талқылады. Әзірленген жүйе мақсатты мектептерде оқу мен оқыту сапасын үздіксіз жақсартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл — табысты білім беру процесінің кепілі. Биыл тамыз айынан бастап облыстың 796 педагогі «LMS «Өрлеу» платформасында өтетін пән мұғалімдері арналған Live-сессияларға қатысып жатыр. Демалыс мерзімінде негізгі оқыту курсы ұйымдастырылады, содан кейін курс офлайн режимінде өтеді, — дейді облыстық әдістемелік орталығының бөлім басшысы Светлана Жұбаева.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен тамыз айында «943-елдегі нысаналы мектептерді дамыту» жобасы іске қосылғаны белгілі. Республикада мақсатты мектептер саны — 943, ал облыста — 14 мектеп. «943-еліміздегі  мақсатты мектептерді дамыту»  жобасы 2028 жылға дейін жұмыс істейді.

№36 қазақ орта мектебінің директоры Бауыржан Сариннің айтуынша, семинар педагогтердің біліктілігін арттырып, өзара байланыс орнатуға септігін тигізеді.

— Мектеп басшылары мен педагогтер курстан кейінгі қолдау көрсету аясында әдістемелік көмекпен қамтамасыз етіледі. Тренерлер әрбір педагогке тиімді кері байланыс жасап, мұғалімдерге қажетті кәсіби қолдау көрсетеді. Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруға тиіс. Әрбір педагог ата-анамен, оқушымен тығыз қарым-қатынас орнатып, кері байланыс парағын оқи отырып, жұмысының сәтсіз шыққан тұсын және сәтті шыққан қадамын, ендігі іс-әрекетін қалай жақсартуға болатынын алдын ала білуге тиіс.

Оқу ордасында мектеп инспекторымен кездесу ұйымдастырылады. Мектепте волейбол, баскетбол үйірмелері ашылды. Сондай-ақ оқушыларымызға «Көңілді қоңырауда» асық ойнауға мүмкіндік жасалған. Мектебімізде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жобалар іске асырылып жатыр. Бір қуантарлығы, мектебімізде тоғызқұмалақтан Азия чемпиондарының қатары артып келеді. Биылғы оқу жылында оқушылардан құралған волейбол командасы республикалық жарыста топ жарып,  үздіктер қатарынан көрінді. Жас спортшылармыз тек мектеп ішінде ғана емес, «Әлихан» спорт кешенінде де жаттығады, — дейді ол.

Семинарға облыстық білім басқармасы, Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» білім беруді зерттеу және бағалау  ұлттық орталығы және облыстық әдістемелік орталығы, мектеп директорлары және директор орынбасарлары қатысты.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button