Білім

Балдырган

Мамандық

Анамның жолы

Мен дәрігер болғым келеді. Маған осы таңдаған мамандығым ұнайды. Болашақта жақсы маман иесі атанғым келеді. Қазақстан медицинасын дамыту үшін қызмет жасаймын.  Халықтың дені сау болуына өз үлесімді қосамын.

Отбасымда анам — дәрігер. Анамның жолын қуып мен де дәрігер болғым келеді. Маған ешкім сен дәрігер бол немесе басқа маман иесі бол деп айтқан жоқ. Бұл — өзімнің жүрек қалауым.

Негізі ақ халатты дәрігерлерге кішкентай кезімнен қызығатынмын. Дәрігерлер адам жанының арашашысы ғой. Мен сол ақ халаттылардың бірі болуды армандаймын.

Нұрдәулет ІЗБАСАРОВ,

№32 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Менің елім

Бүгінді ертеңге жалғаймыз

Тәуелсіздіктің жақсы сөз екенін білемін. Себебі бұл сөзді апайымнан, теледидардан көп естимін.

1 қыркүйек күні мектепке келгенде сүйікті апайымның алғашқы сабағы «Тәуелсіздік сабағы» деп аталды. Тәуелсіздік күні 16 желтоқсан екенін біз 1-сыныптан білеміз. Менің ойымша, тәуелсіздік — еркіндік, бостандық. Еліміздегі мен сияқты балалар еркін өмір сүреді, тегін оқиды, ата-аналарымен қайда барам десе, бара алады, ойнайды, қыдырады. Еліміздің бүкіл қазба байлығы, суы, көлі, тауы, тіпті өсімдігі, жануар-жәндіктері, балығы, барлығы — халықтікі.

Апайымыз бізге Тәуелсіздіктің оңай келмегенін айтады. Нұрсұлтан атамыздың ақылы, көп білетін білімінің арқасында біз қазір үлкен мемлекеттермен қатар тұрмыз. Өзіміздің рәміздеріміз бар. Ана тілі сабағын ту, елтаңба туралы өлеңдерді оқып, жаттаумен бастадық. Әр дүйсенбі сайын мектебімізде сабақ басталмас бұрын әнұран шырқаймыз.

Міне, тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толғалы отыр. Жиырма жас — ағалар жасы, олар осы жасында елге қызмет етеді.

Тәуелсіздік көп нәрсе берді. Көптеген ескерткіштер салынды. Мен солардың үшеуін өзімнің сүйікті «Балдырған» журналынан көріп, оқыдым. Сондай әдемі, биік ескерткіштер салған ағаларға рахмет айтамын. Әсіресе, маған ұнағаны — «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші. Тәуелсіздікке жетелеген Желтоқсан оқиғасында құрбан болған аға-апалардың орнына біз келген сияқтымыз. Сондықтан осындай тыныш өмірімізге күнде қуанып, сабағымызды тек жақсы оқып жүруіміз керек деп ойлаймын. Себебі Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген екен. Бұл сөздің мағынасын бізге апай түсіндірді.

Анеля ЖАҚСЫҒАЛИЕВА,

№18 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Тілек

Өз елім

Менің жүрегім әрқашан «Қазақстан — өз елім» деп соғады. Жер бетінде тыныштық болса, адам мен табиғаттың да тыныштығы бұзылмайды.

Менің жұдырықтай жүрегім бейбітшілікті тілейді. Әр үйде әр елде сәбилер жыламасын, аналар жалғыз қалмасын.

Мен бейбітшілікті қалаймын.

Нұрай ҚҰЛМҰРАТОВА,

№4 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

Сыр

Туған күн

Анамның туған күні жақындады. Мен анама ашық хат және қолдан бұйым істедім. Туған күнге досымды да шақырдым. Ол қуана-қуана алдын ала келді. Бірақ досым анама істеген бұйымды бұзып алды.

Бүгін — анамның туған күні. Шіркін, қолымда сиқырлы таяқ болса екен. Мен онымен бұзылған бұйымды қайта істеп, уақытты кері айналдырар едім және анама қымбат бір сыйлық сыйлар едім. Досымның қате қылығын болғызбас едім.

Бекзат ЖОЛАУШЫБАЕВ,

№6 қазақ орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.


Оқушының өлеңі

Астана

Астананың көркі қандай тамаша,

Көшесінде жасыл желек жараса,

Бой көтеріп қосылады күн сайын,

Зәулім үйлер аспанменен таласа.

 

Нұр Астанам желбіретіп байрағын,

Таң қалдырып отыр бүгін жан-жағын.

Нық басады кеуде керіп шаттана,

Орындалды неше күнгі арманым.

Айдана СЕЙСЕНОВА,

Шұбарши орта мектебінің оқушысы.

Темір ауданы.


Ана

Ана деген асыл бағы жұмақтың,

Ана деген қайнар көзі бұлақтың.

Сағынасың, сағынасың сен өзің,

Болмаса егер қасыңда ол бір-ақ күн.

 

Ана деген қайтпас қайсар болаттай,

Ана деген қалың шыққан құрақтай.

Ана өмірдің тіреуіші секілді

Шаңырақты ұстап тұрған құлатпай.

Марфуға ӘНІБЕКҚЫЗЫ,

Матайқұм орта мектебінің оқушысы.

Дияр ауылы,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button