Референдум — демократияның негізгі принциптерінің бірі
Өңірге белгілі қоғам қайраткері, мемлекеттік қызмет ардагері Сәния Қалдығұлова Қазақстанда атом электр стансасын салу жөніндегі республикалық референдумда дауыс берді. Ол Ақтөбе қаласындағы №52 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасап, референдумға қатысу әр азамат үшін маңызды екенін айтты:
— Бүгінгі референдум — әр азаматқа мемлекеттің дамуына ықпал ету үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Сондықтан ақтөбеліктер ел ертеңіне бейжай қарамай, дауыс беріп, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланғаны маңызды, — деді Сәния Қалдығұлова.
Кезінде лауазымды қызметте жүріп, елдегі маңызды оқиғалардың бел ортасында жүрген Сәния Қалдығұлова Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаторлық бағыты, ең алдымен, елдің басты билік көзі — халықтың мүддесіне негізделгенін айтты. Ол ел экономикасында, саясатта және мәдениетте орын алған өзгерістерге тоқталып өтті.
— Елімізде ауылдық округтер, аудандар және қалалар әкімдерінің тікелей сайлануы енгізілді, мәслихаттар мен Мәжіліске бірмандаттық жүйе қайта оралды, қоғамдық кеңестердің құқықтары мен өкілеттіктері кеңейтілді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттің және қоғамның барлық саласында реформалар жүргізілді. Бүгінгі рефрендум да демократияның негізгі принциптерінің бірі, — деді ол.