Референдум

Біздің таңдауымыз — жарқын болашақ

Әлішер ТЫНЫШТЫҚ,
«Жастар рухы» жастар қанаты
облыстық филиалының төрағасы

Биылғы референдумда біздің облыс өзге өңірлермен салыстырғанда жақсы белсенділік көрсетті. Бұл — ақтөбеліктердің ел дамуына және болашаққа деген сенімінің айқын көрінісі.
Жалпы, референдум — демократияның ажырамас бір бөлігі. Себебі саяси науқанда халық өзінің пікірін, көзқарасын ашық білдіреді. Көргеніміздей, биылғы референдумда учаскелерге ағылған халықтың қарасы үзілмеді. Бұл да тұрғындардың жарқын болашаққа деген нық сенімі мен жанашырлығын көрсетеді.
Бұған дейін еліміздегі ғалымдар АЭС салудың артықшылықтарын айтып, сарапшылар нақты деректерді келтіргені мәлім. Біз, жастар, қашан да бұл бағытта аға буынның тәжірибесі мен ақылына сүйенеміз.
Сарапшылардың айтуынша, елімізде атом электр станциясы салынса, жұмысшылар мен мамандарды көптеп тартуды талап ететін сауда, қоғамдық тамақтандыру, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында қызмет көрсететін жергілікті бизнес өркендейді. Құрылысшылар мен өндіріс орындарының жұмысшылары тарапынан осы қызметтерге сұраныстың өсуі жаңа кәсіпорындардың ашылуы мен кеңеюіне серпін береді. Екіншіден, атом электр станциясын салу мен пайдалану айтарлықтай материалдық жабдықтар мен техникалық қызмет көрсетуді талап етеді. Мұндай тауарларды өндірумен және жеткізумен айналысатын жергілікті компаниялар жұмысын бұрынғыдан да артық жандандырады. Соңғы технологиялар пайдаланылып, ғылым саласы дамиды.
Үшіншіден, атом электр станцияларының ұзақ мерзімді жұмысы тұрақты жұмыс орындарын құруға және инфрақұрылымды дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Тұтастай алғанда, бұл жоба еліміздің дамуына зор серпін беріп қана қоймай, энергия тапшылығы мәселесін шешеді, өңірлерде жаңа құрылыстардың салынуына түрткі болады. Мен бұл бастаманы қолдаймын және Қазақстанның жарқын болашағына сенемін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button