Референдум

Халықтың таңдау жасауы — игі іс

Ақтөбе қаласындағы №46 орта мектепте орналасқан №524 референдум учаскесіне небәрі 2730 адам тіркелген. Учаске төрағасы Нұрлан Баймұрзиннің айтуынша, түске дейін 500-ден астам тұрғын дауыс берген.
Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рақым Бекназаров №524 референдум учаскесіне барып, дауыс беріп, оның маңыздылығы туралы пікір білдірді.
— Референдумға дайындық барысында елде болып жатқан оқиғаларға халықтың шынымен де алаңдағаны байқалды. Референдум — демократиялық мемлекеттің маңызды құралдарының бірі, яғни мемлекетіміздегі күрделі мәселелерді Конституция деңгейінде халықпен ақылдасатын диалог алаңы. Негізі заң бойынша оны жалпы дауысқа шығаруға Президент немесе Үкімет құқылы. Сайлау құқығы бар әрбір азамат бұл мәселеге қатысты өз көзқарасын білдіре алады. Сондықтан халықтың пікір білдіруі, таңдау жасауы игі іс деп есептеймін. Бүгін мен де өз дауысымды беріп, таңдауымды жасадым, — деді Рақым Бекназаров.
№524 референдум учаскесінің төрағасы Нұрлан Баймұрзин тұрғындар тарапынан белсенділік барын, олар өздерінің конституциялық құқықтарын білетінін айтты.
— Егде жастағы адамдар референдум учаскелеріне ертелетіп баруға дағдыланған. Мәселен, алғашқылардың қатарында Рақым Бекназаровтың әкесі — жасы сексеннің бесеуіне шыққан Ағыбай Бердімұратов Балауса тұрғын алабының ақсақалдары мен көрші-көлемін ерте келді, — дейді Н.Баймұрзин.
Осы учаскеде дауыс берген облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Тәттігүл Талаева:
— Дауыс беру — азаматтық ұстаным. Мұндай маңызды мәселені халықтың талқысына салу — еститін мемлекеттің белгісі. Бір жыл бұрын Президент атом электр станциясын салу мәселесін халық шешеді, сондықтан олардың пкірін білу маңызды деп мәлімдеген болатын. Бүгін біз өз таңдауымызды, өз пкірімізді білдіруге келдік, — дейді.
Бұл учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған, пандус пен тактильді жолдар бар, арнайы кабиналар орнатылған.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button