Ең құнды инвестиция
Нарқозы ҚАРТЖАН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар мәселеге тоқталды. Соның ішінде білім мен ғылым саласына қатысты нақты міндеттер қойды.
Айталық, рейтинг бойынша ең көп дауыс алған жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру тапсырысының басым бөлігін алатын тәжірибені енгізу тапсырылды. Мемлекет басшысы сол арқылы талапкерлердің басым бөлігі үздік жоғары оқу орындарына түсе алатынын айтты. Меніңше, бұл білім саласын ғана емес, жас ізденушілерді де алға жетелейтін оң қадам. Өйткені бәсеке бар жерде ғана даму болады. Рейтингтен үздік шыққан оқу орнына талапкерлер көптеп оқуға түсіп, оған бөлінетін мемлекеттік тапсырыс та молынан түссе екі тарапқа бұның тиімділігі зор. Сөйте тұра, өңірлердегі жоғары оқу орындарына да дамуға мүмкіндік берілсе деймін. Өйткені барлығы орталық қалалардағы университеттерге оқуға түссе, бұл ішкі миграцияға кері әсер етеді. Сондықтан «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін», екі жаққа оңтайлы тәжірибе басшылыққа алынса, нұр үстіне нұр.
Өзім әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің директоры болып жұмыс істейтін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде қазіргі таңда 13704 студент білім алады. Оның 6332-сі грант негізінде оқиды. Менің ойымша, егер Президенттің тапсырмасы іске асса, еліміздің батыс бөлігінде тұратын жігіттер мен қыздар біздің университетті таңдап, білім алушылардың саны анағұрлым артады. Өйткені Жұбанов университеті — Қазақстанның батысындағы жетекші оқу орны.
Жас оқытушы ретінде жастарға білім алуда бұдан да жақсы жағдай жасалса, соның ішінде оларға ең мықты деген оқу орындарда оқуға мүмкіндік берілсе деймін. Өйткені білімге құйған инвестиция ең құнды әрі өміршең.
Ақтөбе қаласы.