Пікір

Оңтайлы шешімдер мен белсенді ынтымақтастық

Арман ЖЫЛГЕЛДІ,
Облыстық кәсіпкерлер палатасы Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің төрағасы:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Салық және Бюджет кодекстеріне қатысты маңызды бастамалар айтылды. Біз, облыстық кәсіпкерлер палатасы, салық заңнамасын реформалау бойынша стратегияны толығымен қолдаймыз. Бұл — елдегі бизнестің әл-ауқатын жақсарту үшін қажетті қадам.
Салалық кеңестер жұмыс істей бастағаннан бері біз палатада, бизнес-қауымдастықта жаңа салық кодексінің жобасын қызу талқылап жатырмыз. Біздің команда орталық органдарға бірқатар ұсыныс жіберді, олар өзгерістер енгізу кезінде ескеріледі деп үміттенеміз. Бизнес пен мемлекет арасындағы сындарлы диалог кәсіпкерлер үшін неғұрлым тартымды жағдай жасауға және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге септігін тигізетініне сенімдіміз.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығы мөлшерлемесін көтеру бизнес үшін қосымша шығындарға әкелетінін және мемлекет бұл шығындардың орнын толтыруға дайын екенін айтты. Бұл мәлімдеменің кәсіпкерлер үшін тиімділігі зор. Себебі экономикалық саясаттағы өзгерістер жағдайында кәсіпкерлердің мемлекет тарапынан қолдауды сезінуі маңызды.
Мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысы өңірімізде кәсіпкерлікті дамытуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін тиімді салық жүйесін құруға әкеледі деп сенеміз. Бизнес пен Ақтөбе өңірлік «Атамекен» палатасы нарықтың барлық қатысушылары үшін ең оңтайлы шешімдерді бірлесіп табу мақсатында белсенді ынтымақтастық пен пікір алмасуды жалғастыруға дайын.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button