Адал азамат —Адал еңбек

«Еңбектің наны тәтті»

Өмірде кейбір адамдарды көргенде «нағыз ер азамат екен» деп айтатын кездер болады. Біз сөз еткелі отырған бүгінгі кейіпкеріміз де осы сөзге лайық. Ол ешқашан «денсаулығымда кінәрат бар» деп қол қусырып отырған емес, керісінше, ізденіп, өзіне ыңғайлы кәсіппен айналысып отыр.

Жәнібек Нарынбаев 1966 жылы Кемерши ауылында дүниеге келді. Осында 8 класты тәмамдаған соң 1981-1985 жылдары Темір техникумында оқыды. 1985-1987 жылы Отан алдындағы борышын өтеген. Одан соң отбасынан көрген өнегелі тәрбиені бойына сіңірген азамат еңбекке араласқан. 1987-1997 жылдары тракторшы, тракторшылар бригадасында қызметкер болады. 1997-2015 жылдары Кемерши өндірістік кооперативінде бригадир қызметтерін атқарады.

2015-2019 жылдараралығында да «Көркем» шаруа қожалығында тракторшы болған. Одан соң кенеттен ауырып қалып 2020 жылы ота жасатқан. Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болып, дәрігерлер тарапынан «мүмкіндігі шектеулі» деген қағаз беріледі. Үнемі еңбекке етене араласып келген Жәнібек Ығылманұлы үшін бұл жағдай оңайға соқпады. Енді ол өз денсаулық шамасына қарай еңбектенуді жөн санап, жолдарын іздей бастайды. Ойлана келе құс шаруашылығына тоқтайды. Шаруашылыққа қажеттілерді алу үшін кәсіпкерлікті қолдайтын мекемелерден кеңес алып, құжат та тапсырады. Алайда олардың бәрінен «несие берілмейді» деген жауап келеді. Жастайынан еңбекке араласқан егде азаматтың үйде қарап жатуға намысы жібермей, құс шаруашылығы бойынша ізденіп, өздігінен әрекет ете бастайды. Ақырында былтыр қараша айында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 1 миллион 380 мың теңге қаражатқа қол жеткізеді. Одан соң қора жайын дайындап, аманатқа берген ақшаға 100 тауық сатып алады.

Жем суы уақытында беріліп, қорасы жайлы болса,бұл кәсіптің берекесін көру қатты қиын емес. Денсаулығым осы салаға ғана жарағасын бел буып, тәуекел деп іске кірістім. Қазіргі салқын уақытта тауықтардың 30-40 пайызы жұмыртқасын беріп тұр. Әдетте бұл көрсеткіш жазғытұрым жоғарылайды. Әзірге бір жұмыртқаның бағасы — 60-70 теңге. Жылы маусымдарда шөпке шыққасын бағасын төмендету ойда бар. Кәсіпті балаларымның көмегімен кеңейтсем деген де жоспар бар, —дейді Жәнібек.

Жылы қора дайындап, бройлер, инкубатор, гриль аппараттарын сатып алу да болашақтың еншісіндегі шаруалардың бірі екен.

Жәнібек Ығылманұлының бүгінгі кәсібі— дені сау бола тұра жұмыс жоқ деп жауапкершіліктен қашатын жандарға үлгі-өнеге. «Еңбектің наны тәтті» болатынын есінде мықтап ұстап, адалынан табыс табуды қиындықтарға да қарамай еңсерген Жәнібек балаларына да осы қағиданы үйретіп келеді. Немерелері болса атасына қолғабыс етуге де жарап қалған. Жәнібектің жары үй шаруашылығымен айналысады. Жарасымды жұп отбасын бірінші орынға қойып, еңбек майданында шыңдалып, азаматтық ұстанымнан ешқашан айныған емес.

Бүгінгі кейіпкерім нағыз еңбек адамы деуге әбден лайық емес пе!?

 Рита ХАЛЫҚҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button