Импортталатын электр энергиясының бағасы үш есе жоғары болады – сарапшы
Егер атом электр станциясын салу мәселесі референдумда қолдау тапса, АЭС қуаты Қазақстанға қандай артықшылықтар бере алады. Бұл сұраққа «Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Сергей Агафонов жауап берді.
Бұл тұрғыда сарапшы елімізде атом энергетикасын дамытуға қатысты негізгі аргументтерді келтірді. Біріншісі – электр энергиясына деген тапшылықты еңсеру.
«Біз электр қуатының тапшылығына тап болдық. Қазір электр энергиясы бойынша тәуелділікті жылына шамамен 60 млрд теңгеге бағалап отырмын. Тапшылықтың негізгі кезеңі екі жыл бұрын байқалған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түседі. Қазірдің өзінде импорттық электр энергиясының бағасы біздегіден үш есе қымбат. Әрине, бір атом электр станциясы бұл мәселені шешпейді, бірақ атом энергетикасын дамытуға серпін береді. Жеке өз басым үш атом электр станциясы елеулі үлес қосады деп ойлаймын», – деді С. Агафонов елордада өткен конференцияда тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Екіншісі – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Сарапшы Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша халықаралық міндеттемелерге қол қойғанын еске салды. Оның пікірінше, бұл мақсаттарға атом электр станцияларынсыз қол жеткізу мүмкін емес.
«Қазіргі кезде Қазақстанның энергетикалық балансының құрылымында көмір генерациясы 70 пайыздан астам. Мен жаңартылатын энергия көздерін көбейтуді қолдаймын, бірақ тек жаңартылатын энергия көздері арқылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізе алмаймыз», – деді Агафонов.
Сонымен қатар ол үшінші аргумент ретінде АЭС құрылысының экономикалық тиімділігін атады.
«Атом электр станцияларынан тиімді ештеңе жоқ. Электр станциясы 80 жылдай уақыт жұмыс істейді, яғни бұл кезеңдегі өзін-өзі ақтауға 20 жыл ғана мерзім керек. Қалған 60 жыл бойы ол 90% тиімділікпен жұмысын жалғастырады», – деді сарапшы.
Оның сөзіне қарағанда, жаңартылатын энергия көздерінің жұмыс істеу мерзімі қысқарақ – шамамен 25 жыл, ал бұл уақыттың жартысы станция шығындарын ақтауға жұмсалады. Қазақстандағы мұндай станциялардың тиімділігі 40 пайыздан аспайды.
Бұдан бөлек ол АЭС-тің пайдасына экологиялық аспектіні жатқызды.
«Баршамыз көмірмен энергия өндіретін станциялардың мұржасынан күнделікті шығып жатқан түтінді көріп жүрміз. Олар қоршаған ортаға күл мен шаң шашып, ластап отыр. Көмір шаңы да қауіпті екенін білуіміз керек», – деді Сергей Агафонов.
Бұған дейін NNWI Central Asia Kazakhstan консультативтік кеңесінің төрағасы Бауыржан Ыбыраев алдағы жылдары қаржы институттары атом энергиясын қолдауға қомақты қаражат бөле бастайтынын айтты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Республикалық референдумға: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылады.