Асхат Шахаров Халықаралық қарттар күнінде ақтөбелік зейнеткерлерге арнайы барып, құттықтады
Өңір басшысы алдымен ақсақал Сандыбай Имағамбетовтың шаңырағына барды. Сандыбай Әбішұлы Шалқар ауданының Көкбасты ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы кезінде балық зауытында жұмыс істеп, майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуге ат салысқан. Кейін совхозда зоотехник болып жұмыс істеген.
Еңбек жолында аудан әкіміне дейін түрлі лауазымдарды атқарды. Ол 8 бала тәрбиелеп өсіріп, 26 немере сүйіп отыр. Ақсақал қалаға көшкенімен, жазда туған ауылына барып тұрады.
Асхат Шахаров Сандыбай ақсақалдың халін біліп, жағдайын сұрастырып, қарияға ұзақ ғұмыр тіледі.
Облыс әкімі Нина Вавилованың да үйіне барды. Нина Кузьминична – тыл еңбеккері, еңбек ардагері. Өмір бойы Ақтөбе гидрометеорология орталығындағы метеорологиялық станцияда инженер-синоптик болып жұмыс істеген. 36 жыл ішінде «Еңбек ардагері» медалімен, «Азаматтық қорғаныс үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Оның қызы, 2 жиен немересі, жиеншарлары бар.
Облыс әкімі екі зейнеткерді де Қарттар күнімен құттықтап, аға буынға деген құрмет пен қамқорлықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Сіздердің еңбектеріңіз, даналық және өмірлік тәжірибелеріңізге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Әрбір ардагеріміз, аға-апаларымыз – дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыздың қамқоршысы. Әр кеңестеріңіз бен қолдауларыңыз біз үшін өте маңызды. Аман болыңыздар, зор денсаулық, бақыт және ұзақ ғұмыр тілеймін. Әр күніміз тек қуаныш әкелсін», – деді әкім Нина Кузьминична мен Сандыбай Әбішұлына.