Бірыңғай есеп беру күні
Кәсіпкерлік
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының ұйымдастыруымен бақылау және қадағалау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен «Бірыңғай есеп беру күні» өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов және басқарма басшылары қатысты. Іс-шарада өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтты:
— Биыл кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 1367 жоба мақұлданды. Жыл соңына дейін 1700 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Іс-шара кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, бақылау-қадағалау қызметінің реформасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Елдің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі — сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық сананы қалыптастыру — әрбір адамның басты міндеті, — дейді ол.
Іс-шарада бақылау қадағалау органдарының қызметкерлері кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді. Прокуратура органдарының өкілдері «Жасыл дәліз» жобасының артықшылықтары туралы айтса, мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері заңнамалық өзгерістер туралы баяндады.
Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Дария Балгаринаның айтуынша, интернет-платформа арқылы жүргізілетін төлемдер бір пайызға дейін азаяды.
— Мемлекеттік кірістер департаменті «Яндекс» қосымшасы арқылы жүзеге асырылатын платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Осы жылдың 4 қыркүйегіндегі дерек бойынша облысымызда пилоттық жобаға қатысушылар саны 2000-ға жуық такси жүргізушісін қамтиды. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге қол қойды. Заңнамалық өзгерістер осы жылдың 3 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Оның негізінде әлеуметтік төлемдер жарналарының мөлшері бір пайызға дейін төмендейді. Интернет-платформа операторы —интернет-платформаны пайдалана отырып, байланыс орнату, қызметтер көрсету және орындау бойынша мәмілелер жасау сынды қызметттерді атқарады. Жоғарыда аталған түзетулер такси жүргізушілеріне жүктемені азайту, сондай-ақ салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуді жеңілдету мақсатында іске асырылып жатыр, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.