Қаратоғайдағы жаңа медпункт
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында Қаратоғай ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Тұрғындар асыға күткен игілікті нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Джуманов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиев және денсаулық сақтау саласында қызмет еткен жергілікті ардагерлер, ауыл тұрғындары қатысты.
Еңселі емдеу пунктінің ашылу рәсіміне қаратоғайлықтар да ертемен жиналып, ақжаулықты аналарымыз шашу шашып, ортақ қуанышты бір-бірімен бөлісті.
— Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ауыл медицинасын дамытуға, шалғайдағы елдімекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған Ұлттық жоба әзірлеуді тапсырған болатын. Осы жобаның аясында биыл облысымыз бойынша 21 медициналық нысан пайдалануға беріледі. Бүгінгі Қаратоғай медициналық пункті —пайдалануға берілген екінші нысан. Барлық талапқа сай жабдықталған бұл емдеу пунктінің ауыл тұрғындарын аудан орталығына шапқылатпай, профилактикалық скринингтерден өткізуге, өзге де медициналық көмектер көрсетуге мүмкіндігі бар. «Халық денсаулығы — еліміздің басты құндылығы» деп Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, шалғай ауылдағы тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру— денсаулық сақтау саласының басты міндеті. Сондықтан ауыл медицинасының әлеуетін арттыруға ұдайы көңіл бөліне береді. Осы округтің аудан орталығынан шалғайлығын ескере отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жақында Қаратоғай медициналық пунктіне жаңа автокөлік беріледі, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Амангелдіұлы.
Бұл жобаның жалпы құны— 139,8 миллион теңге. Бір қабатты ғимараттағы емдеу бөлмелері қажетті жабдықтармен қамтылған.
Құрылысты жүргізген мердігер компания «Өркен» ЖШС өкілі Әділхан Ерімбетов аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Жанна Сапарбековаға жаңа нысанның символикалық кілтін салтанатты түрде табысетті. Жаңа ғимараттың ашылу лентасын «Мерейлі отбасы — 2024» ұлттық байқауы аудандық кезеңінің жеңімпаздары, ауылдағы өнегелі отбасы иелері Ахмедулла ақсақал мен Несібелі әже қиды.
Қазір Қаратоғай медициналық пунктінде 2 медбике, 2 кіші қызметкер жұмыс істейді. Іс-шараға мейман ретінде қатысқан, кезінде осы пункте қызмет атқарған Дәмегүл Күмісбайқызы, ЗәурешТемірбекқызы, Жаңылсын Сәпенова, Айсұлу Сиыршина сынды ақ жаулықты аналар ізін басқан ақ халаты әріптестеріне ақыл-кеңестерін айтып, адам денсаулығына арашашы болу барысында кешегі қиын кезеңдерде бастарынан өткен елеулі оқиғаларымен бөлісті.
— Қаратоғай — менің өрісім, кеңейіп қанатым жайылған қасиетті мекенім. 1986 жылы осында келін болып түсіп, сол кезден 2016 жылға дейін осы медициналық пункте дәрігер қызметін атқардым. Бүгінгі жаңа нысанның ашылуын көріп, мен де марқайып тұрмын. Қазір жұмыс істеймін деген адамға жол ашық, барлық мүмкіндік бар. Біз кезінде уақытпен санаспай, «аттың жалынында, түйенің қомында» дегендей, табылған көлікке мінгесіп, шалғайдағы қыстақтар мен жаз жайлауларды аралап, қызмет еттік. Жұмыс кеңсемізге қыста үйден қи тасып, жылытқан кездеріміз де болды. Қазір сол тынымсыз күндердің зейнетіне кенеліп отырмыз, «сенің еңбегің бір төбе ғой» деп айтатындай көпшіліктің бағасын алдым. Адамға керегі де осы — халықтың шынайы ықыласы ғой, — дейді зейнеткер Дәмегүл Күмісбайқызы.
Шетырғыз ауылдық округіне Қаратоғай, Тұмалыкөл ауылдары қарайды. Округ бойынша халық саны — 696 адам. Кейінгі он жылдықта осы округте бірқатар жаңашыл бастамалар қолға алынып, ауылдың әл-ауқаты арта түскен. Қазір округ орталығы Қаратоғай ауылы100 пайыз табиғи газбен, ауызсумен қамтылған. 4G жылдамдықта интернет желісі жұмыс істейді, сапалы ұялы байланысы бар.
Бұрыннан ата кәсіп — мал шаруашылығына ден қойған ауыл мемлекеттік бағдарламалармен де тиімді жұмыс жасап жатыр. Шетырғыз ауылдық округінің әкімі Жанна Әбденованың сөзінше, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша бүгінге дейін 16 жоба ұсынылып, оның 13-і мақұлданған.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.