Референдумға дайындық қалай?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 6 қазанда атом электр стансасын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін мәлімдеді. Осы орайда қазір облысымызда референдумға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Біз облыстық және аудандардағы референдум комиссиясы төрағаларынан осы бағыттағы жұмыстар жайын сұрап білген едік. Сонымен…
Өңірде 530 референдум учаскесі бар
Облыстық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, биылғы референдумда өңірде жалпы саны 530 учаске жұмыс істейтін болады. Оларда тіркелген сайлаушылар саны — 569 846.
— Осыдан екі жыл бұрын елімізде өткен республикалық референдумда өңір бойынша 525 учаске жұмыс істеген болатын. Биыл учаскелер қатарына тағы бесеуі қосылып отыр. Атап айтсақ, биыл Ойыл ауданындағы Екпетал ауылы көктемгі тасқын кезінде түгел суға кетіп, елді мекен аудан орталығына көшірілді. Солсебептен осы ауылдағы бір сайлау учаскесі жабылды. Есесіне Ақтөбе қаласында учаскелердегі сайлаушылар саны үш мыңнан асуына байланысты жаңадан алты сайлау учаскесі ашылды. Нәтижесінде биыл өңірімізде референдум кезінде 530 учаскеде дауыс беру ұйымдастырылады, — дейді Н.Жүсіпов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы референдум учаскелерінің саны жағынан бірінші орында Ақтөбе қаласы (175 учаске) болса, екінші орында Мұғалжар ауданы (46 учаске) тұр. Үшінші орында Шалқар ауданы (36 учаске) болса, одан кейінгі орындарда — Мәртөк (35 учаске) пен Алға (34 учаске) аудандары.
Бүгінде Ақтөбе қаласындағы және барлық аудандағы учаскелер референдум өткізуге дайын. Олардың барлығы материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған.
— Сайлау учаскелері референдумның күнтізбелік жоспарына сәйкес 16 қыркүйекте өз жұмысын бастады. Бүгінде учаскелік референдум комиссияларының мүшелері сайлаушыларға референдум өту күні, уақыты және дауыс беретін орны туралы шақырулар таратумен айналысып жатыр. Сондай-ақ 20 қыркүйектен бастап белгілі бір себеппен дауыс беретін күні өзінің тіркелген учаскесіне бара алмайтын азаматтарға есептен шығару куәлігі беріліп жатыр. Мұндай куәліктер өңірімізде5 қазан күнгі кешкі сағат 18.00-ге дейін беріледі. Сондай-ақ тағы бір айта кететін жайт, облыста дауыс беру күні референдум учаскесіне денсаулық жағдайына байланысты бара алмайтын сайлаушыларымыз да болуы мүмкін. Ондай сайлаушылар 6 қазанда күндізгі сағат 12.00-ге дейін өзі тіркелген референдум учаскесіне жазбаша арыз түсіруі керек. Содан кейін комиссия мүшелері үйден дауыс беруді ұйымдастырады. Жалпы бүгінде облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі 2426 сайлаушы бар. Оның ішінде 937-і — арбада отыратындар, 764-і — көзі көрмейтіндер, 725-і — есту қабілеті бұзылғандар. Көзі көрмейтін азаматтардың 35-і — брайль қарпімен оқитын зағип жандар. Оларға Орталық сайлау комиссиясынан арнайы бюллетеньдер жасалады,— дейді облыстық референдум комиссиясының төрағасы.
Биылғы референдумға«Сайлау туралы заң» талаптарына сәйкес аккредиттелген байқаушылар ғана қатыса алады. Олардың қатарында саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бар. Бүгінге дейін республикада Орталық сайлау комиссиясы арқылы аккредитациядан 12 ұйым өткен. Оның 11-і қоғамдық ұйым болса, біреуі — саяси партия. Бұл ұйымдар еліміздің барлық өңірінде бақылау жүргізе алады. Ал біздің облыста бүгінге дейін 4 қоғамдық ұйым аккредитациядан өтіпті. Олар: «Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесі» қоғамдық бірлестігі және «Ақтөбе фермерлік орталығы қауымдастығы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың бірлестігі.
— Барлық бюллетень Орталық сайлау комиссиясы арқылы дайындалып, дауыс беруге үш күннен кем емес уақытта учаскелерге жеткізіледі. Бюллетеньде «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал болады. Осы сауалға сайлаушылар «иә» немесе «жоқ» деп жауап береді. Дауыс беруші дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгіні қояды, — дейді Нұрлыбек Жүсіпов.
«Ақтөбенің» анықтамасы
Биылғы референдумда еліміздегі барлық облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 12 244 683 азамат өз таңдауын жасайды.
Дауыс беру референдумның 10 327 учаскесінде өтеді. Оның ішінде 2024 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша дауыс беру азаматтарды тіркеу орны бойынша 9 709 учаскеде, сондай-ақ 63 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасының өкілдіктері жанындағы 78 учаскені қоса алғанда, азаматтар уақытша болатын 618 учаскеде өтеді.
Азаматтарға дауыс беруге арналған бюллетеньдер жеке басын куәландыратын құжатты ұсынғаннан кейін референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдері негізінде беріледі. Бұл ретте Е-gov порталынан немесе банктік қосымшалардың бірінен электронды құжат ұсынылуы мүмкін. Азаматтар бюллетень алу тізіміне қол қояды. Бюллетеньді дауыс берушілер жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады. Оларды толтыру кезінде дауыс берушіден басқа біреудің қатысуына тыйым салынады. Егер бюллетеньді өз бетінше толтыра алмайтын азаматтар болса, олар өздері сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы.
Мұғалжар: жұмысшылар таңғы сағат 6.00-ден бастап дауыс береді
Биылғы референдумда Мұғалжар ауданында 46 учаске жұмыс істейді. Оларда тіркелген сайлаушылар саны — 41 605.
Мұғалжар аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Ғалым Дәрімбетовтің айтуынша, аудандағыреферендум учаскелерінің ішінде ең көбі Қандыағаш қаласында орналасқан. Мұнда 11 референдум учаскесінде 19 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Жалпы, аудандағы референдум учаскелерінің дені мектептер мен Мәдениет үйлерінде, сондай-ақ теміржол мекемесінде орналасқан. Бүгінде бұл мекемелердің референдумға дайындығы — 100 пайыз. Барлық учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус, шақыру нүктесі орнатылған, дауыс беруге арналған кабиналар талапқа сай жабдықталған.
— Дауыс беру 6 қазан күні референдум учаскелерінде таңғы сағат 7.00-де басталады. Ал аудандағы №330, №332 референдум учаскесінде таңғы сағат 6.00-де басталады. Себебі бұл учаскелерде вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылар дауыс береді. Олар таңертең ерте дауыс беріп, жұмысына кіріседі.
Бұл күні әрбір азаматтың дауыс беруге қатысуы біз үшін маңызды. Ал дауыс беруге алғаш қатысқан сайлаушылар үшін қызықты оқиға болып саналады. Сондықтан ондай азаматтарға арнайы сыйлықтар беріледі. Негізі, бірінші рет дауыс беретіндерге ерекше назар аударылуы керек. Себебі жас сайлаушылар өздерінің конституциялық міндеттерін орындауға келгендіктен, сайлау учаскесінде оларға ілтипат білдірген дұрыс, — дейді Ғалым Дәрімбетов.
Айта кету керек, Мұғалжар ауданында сайлаушыларының саны аз референдум учаскесі Ащысай ауылдық округіне қарасты Сабындыкөл ауылында орналасқан. Мұнда 48 сайлаушы тіркелген.
Ырғыз: саяси науқанға нұралықтар да қатысады
Ырғыз ауданында биылғы референдум кезінде 22 учаске жұмыс істейді. Олардың дені мектептер мен балабақшаларда, Мәдениет үйлерінде орналасқан. Бүгінде барлық учаске референдум өткізуге дайын.
— Аудан бойынша 7975 сайлаушы бар. 26 қыркүйекке дейін аумақтық комиссия мүшелері сайлаушыларға саяси науқанға шақыру қағаздарын таратып шықты.Жалпы, ырғыздықтар еліміз үшін маңызы зор саяси шараларға белсенді түрде қатысады. Биыл да жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенеміз. Қазіргі таңда барлық учаске дауыс беруге дайын.
Референдум кезінде елді мекендерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да дауыс беруіне барлық жағдай жасалады. Айта кеткен жөн, бүгінде ауданымызда мүмкіндігі шектеулі 30-ға жуық тұрғын бар. Олардың қатарында көзі көрмейтін, құлағы нашар еститін, сондай-ақ арбада отыратындар бар, — дейді Ырғыз аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Болат Итібаев.
Биыл Ырғыз ауданында тасқын кезінде үйлері суға кетіп, бүгінде баспаналарын күтіп жүрген нұралықтарға да референдумға қатысуға жағдай жасалған. Нұра ауылындағы «Керемет» дәмханасында орналасқан №232 референдум учаскесінде 165 сайлаушы өз таңдауын жасайтын болады.
Айта кету керек, су тасқынының салдарынан баспанасыз қалған нұралықтарға қазір Сарыоба деген жерден жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр.
Данагүл ҚАЗИХАН.