Басты жаңалықтарМәдениет

Ахтанов театрындағы жаңа маусым: жаңа ғимарат, жас мамандар және премьералар

Жылдағы дәстүр бойынша қыркүйек айының соңында өнер ұжымдары кезекті маусымын бастайды. Сол ізбен өткен аптада Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрындағы қазақ труппасы — 34-ші, ал орыс труппасы мерейлі 60-шы маусымның шымылдығын түрді.

Қос труппаның да көрерменіне ұсынар жаңалығы көп: ең маңыздысы —театр ғимаратының құрылысының басталуы. Актерлік құрамда да оң өзгеріс бар. Аталған театрдың директоры Сайлау Қамиев репертуардың жаңа 3-4 спектакльмен толығатынын, премьералардың ішінде Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұловаға арналған қойылымның барын атап өтті. Сонымен…

Көптен күткен қуаныш

Ахтанов театрының осы маусымдағы басты жаңалықтарының бірі — Ақтөбе қаласында жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстарының басталуы.Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге келген жұмыс сапары барысында осыған байланысты тапсырма бергені белгілі. Еңселі һәм барлық театр талабына сай келетін ғимарат жоспар бойынша 2026 жылы тапсырылуы керек.

Артистер көптен күткен қуаныш бұл ғана емес. Театр болашақта музыкалық бағытқа басымдық беріп, аталған жанрдағы спектакльдерді көбейтуі бек мүмкін. Оған себеп те жоқ емес. Жақында ғана ұжым Астанадағы  Қазақ ұлттық өнер университетінің «Актерлік шеберлік» мамандығының 10 студентімен толыққан. Дуальды оқыту жүйесі бойынша онлайн түрде оқуын жалғастырып әрі театрда жұмыс істейтін жас талаптар қазірден өнерін паш етіп жүр.

Олардың барлығы штатқа қабылданды. Өзім елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры болғандықтан, оқытудың осы әдісін қолдануды жөн көрдім. Сондағы басшылық та қолдады. Бір жағынан, бес минутсыз дипломын алғалы тұрған жастарға бұның пайдасы зор. Өйткені тәжірибеге ештеңе жетпейді. Жас буынның музыкалық әрі хореографиялық мүмкіндігі айтарлықтай.

Сол сияқты орыс труппасына жаңадан актерлер қабылдау үшін іріктеу жүргізіп жатырмыз. 15 қазанға дейін бізге осы театрда жұмыс істегісі келетін жігіттер мен қыздар жолыға алады. Бұйыртса, жыл соңына дейін 3-4 актер қабылдау жоспарымызда бар, — дейді театрдың директоры Сайлау Қамиев.

Биыл жаңадан қосылған он жасты атап өтсек: Айбар Жақып, Нұрхат Ибадулла, Рамазан Отарбаев, Ерсін Сәрсенбеков, Дамир Сейсенбек, Жарқынай Жалғасова, Ажар Жәрденбекқызы, Аида Қабылбекова, Нарқыз Күнғали, Нұрай Нұрлан.

Жалпы, қазіргі таңда облыстық драма театрында 68 актер еңбек етеді.

«Әлия» мюзиклі сахналанады

Қазақ труппасының 34-ші маусымы ақтөбелік жұртшылық үшін орны бөлек тарихи тұлға — Қобыланды батырдың құрметіне қойылған драмамен ашылды.  Эпос желісімен сахналанған қойылымның қоюшы режиссері — Дина Жұмабай. Өткен жылы ғана ақтөбелік театр сүйер қауымның назарына ұсынылған спектакльде артистердің диалогі, пластикалық би арқылы кейіпкерлердің ойыны, жалпы оқиға барысы түрлі әдіс-тәсілдер арқылы қамтылған.

Ал орыс труппасы мерейлі 60-шы маусымын бірден премьерамен бастағалы отыр. 27 қыркүйек күні грузин драматургі Авксентий Цагарелидің «Ханума» музыкалық комедиясы көрермен қауымға жол тартады деп күтілуде. Қоюшы режиссері — Татьяна Лукомская. Мұнда басты рөлді ҚР Мәдениет саласының үздігі Ангелина Недюжина ойнайды.

Алдағы жоспарларға келсек, қазан айында талантты режиссер Әлібек Өмірбекұлы ақтөбелік актерлермен бірге жаңа спектакльдің дайындығына кіріспек. Таяуда ғана осында қатарынан 4 күн бойы шеберлік сағатын өткізіп, әріптестерімен тәжірибе алмасқан өнер иесінің нақты қай туындыны сахналайтыны әзірге құпия.

— Бір анығы, бұл біздің театр үшін жаңа белес, тың тәжірибе болмақ. Әлібек Өмірбекұлының әр қойылымы өзгеше талқылауға, жаңа көзқарасқа құрылғанын ескерсек, репертуарымыз ерекше дүниемен толығатыны сөзсіз. Жоспар бойынша премьера желтоқсан айында өтеді.

Бұдан бөлек осы маусымдаәлемдік режиссураның алыбы, реформатор Римас Туминастың төл шәкірті, мәскеулік режиссер Гүлназ Балпейісованың жетекшілігімен жаңа спектакль сахналанғалы отыр. Бір кезде Ақтөбеде тұрып, осында мектепте оқыған талантты қыздыңнақты не ұсынатынын айта алмаймын. Ең бастысы, екіжақты келіссөздер сәтті аяқталды. Театр өнерінен хабардар жұртшылық Гүлназ Балпейісованың да мәскеулік театр сахнасында мойындалғанын, қазақстандық театрда да өзіндік қолтаңбасымен таңғалдырып жүргенін біледі. Бұның біздегі актерлік құрамның шығармашылық тұрғыдан өсуіне, жаңа мүмкіндіктердің ашылуына зор ықпалы болатынына сеніміміз кәміл, —дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының баспасөз хатшысы, театртанушы Сағадат Ордашева.

Келер жылы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толады. Атаулы датаға орай облыстық театрдың қос труппасы бірлесе «Әлия» мюзиклін сахналамақ. Театр директоры Сайлау Қамиев бұған дайындық жұмыстары қаңтар айында басталатынын, ал премьера 9 мамыр — Жеңіс күніне орайластырылатынын тілге тиек етті. Мерген қыздың соғыстағы ерлігі, адами болмысы, жалпы қамшының сабындай қысқа ғұмыры түгелдей дерлік қамтылатын спектакльде әскери әндер, сондай-ақ Ақтөбеден шыққанкөрнекті ақын Бәкір Тәжібаев пен танымал композитор Сейдолла Бәйтерековтің тандемінен туған әйгілі «Әлия» композициясы да орындалады.

Сонымен бірге Мөңке бидің 350 жылдығына орай тарихи қойылым сахналау жоспарда бар.

Мерейтойлар мен бенефистер

Биыл бірқатар театр артистерінің мерейтойлық бенефисін өткізу де жоспарға енген. Айталық, театрдың ақсақалы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мағзом Бақытжанов 75 жасқа толса, актрисалар Айнагүл Өлмесекова, Ангелина Недюжина, Ольга Павловалар да әдемі жасты еңсерген. Осыған орай орыс труппасының актрисалары Ангелина мен Ольга қараша айында бенефисін ұсынғалы отыр. «Басқалардың да мерейлі жасын атаусыз қалдырмаймыз. Биыл үлгермесек, келер жылға жоспарлаймыз», — дейді театр директоры С.Қамиев.

Гастрольдік сапармен көршілес облыстарға барады

Театралдар үшін фестиваль, байқаулардың орны ерекше екені түсінікті. Шығармашылық адамдарының шабыты шалқып, тәжірибесі молаю үшін мұндай өнер мерекелері ауадай қажет. Қазақ труппасы алдағы қазан айында Өскемен қаласына жол жүргелі отыр.

«Қобыланды» спектаклімен осымен 30-шы рет өтетін республикалық фестивальге жолдама алдық. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған өнер бәйгесінен жүлдемен ораламыз деген ойдамыз.

Сондай-ақ келер жылы Атырау, Орал қалаларына гастрольдік сапармен бару жоспарда бар, — дейді театр басшысы.

Артистер өткен жылдан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыстық деңгейде гастрольдік сапарлар ұйымдастырып жүргенін айту керек. Соған сәйкес бірер аптада Темір және Байғанин аудандарында «Келіндер көтерілісі» спектаклі мен «Жеті лақ» ертегісі көрермен назарына ұсынылмақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button