Мәдениет

Бала тілі — бал

Байқау

Қалалық мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» атты қалалық тіл фестивалі аясында  түрлі ұлт өкілдері арасында «Бала тілі — бал» атты қалалық байқау өтті.

Елімізде қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, мемлекеттік тілді қастерлеп, мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуына атсалысып жүрген өзге ұлыс өкілдері қаншама. Байқауға қаламыздағы мектепке дейінгі ұйымдардағы мемлекеттік тілді меңгерген  4-5 жастағы бүлдіршіндер қатысты. Олар «Сәлем — сөздің анасы» кезеңінде көрерменмен амандасып, өздерін таныстырды. «Жаңылмай айт жаңылтпаш» кезеңінде әр үміткер екі жаңылтпаштан айтты. «Мен өнерлі баламын» кезеңінде қатысушы балақайлардың бірі билеп, тағы бірі ән салды. «Суреттер сөйлейді» кезеңіндеберілген суреттерге қарап көріністі өз әлдерінше әңгімелеуге тырысты. Сахнаға шыққан әр балаға балабақша тәрбиешілері көрнекіліктермен көмектессе, залда отырған ата-аналар да қол соғып, жанкүйер болды.

Осылайша «Бала тілі — бал» атты қалалық байқауда №9 «Бәйшешек» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі Кира Еремеева жүлделі І орынға ие болды. №35 «Балбұлақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі Халида Мильят және «Зере» балабақша тәрбиеленушісі Римма Башмухамбетова жүлделі ІІ орын иеленсе, №14 «Қонжық» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі Руслан Жасанов, №37 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі Эвелина Выходец және  №44 «Тұлпар» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі Вера Сазонова жүлделі ІІІ орын алды.

Төрешілер «Мемлекеттік тілдң мәртебесі әрқашан биік болсын!» деген тілекпен, сүйкімді балақайларды құттықтап, әрқайсысына диплом мен ойыншық табыстады. Балалардың өнеріне қолдау білдірген «Жаңа KZ» тобы, «Сұңқар» тобы, жас әнші Шахислам Әбдіғазиз байқауды әнмен әрледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button