Басты жаңалықтар

Өндірістік қуаты жоғары өңір

Жұмыс сапары

Өткен жұма күні Премьер-Министр Олжас Бектенов облысқа жұмыс сапарымен келді. Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру барысын тексерген  Үкімет басшысы энергетика секторындағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және білім беру сапасын жақсарту ісімен танысты. Сонымен қатар өнеркәсіптік бірқатар кәсіпорынның өндірістік қуатымен танысты.

ЭНЕРГИЯ ҚАЖЕТТІЛІГІН ЖАБУ ЖӘНЕ АУЫЛДА БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ

Премьер-Министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру барысын тексерді. Атап айтқанда, Бадамша ауылындағы бірқатар нысандарды көріп, Үкімет басшысы энергетика секторындағы инфрақұрылымдық мәселелерді шешу және білім беру сапасын жақсарту ісімен танысты.

Итальялық ENI энергетикалық компаниясының жел электр стансасына барған кезде Премьер-Министрге «Бадамша», «Бадамша-2» ЖЭС-ның жұмысы туралы баяндалды. Бұл жобаларды іске асыруға 69 млрд теңге жеке инвестиция салынды. Қазіргі уақытта «Бадамша-2» турбиналары Қазақстандағы ең ірісі саналады. Жоба шеңберінде жыл сайынғы электр энергиясын өндіру шамамен 195 ГВт сағ-ты құрайды, бұл шамамен 37 мың үй шаруашылығының энергия тұтыну көрсеткішіне тең және CO2 қалдықтарын жылына 172 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Премьер-Министрге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлескен жоба – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы гибридті электр стансасының іске асырылу барысы туралы баяндалды.

Arm Wind өндірістік қуатын тексеру барысында Олжас Бектенов экономикалық тұрақтылықты экологиялық тұрақтылықпен үйлестірудің маңызды екенін баса айтты және көміртексіздендіру мен шығарынды мөлшерінің төмендігін ескере отырып, энергетика инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша тұтынылатын электр қуатыңың орташа мөлшері 947 МВт, оның ішінде жергілікті көздермен генерациялау 496 МВт-ты (52%) құрайды. Электр энергиясының тапшылығы — 451 МВт (48%). Жүктеменің өсу динамикасына, сондай-ақ KEGOC болжамына сүйене отырып, 2028 жылға қарай Ақтөбе облысында электр энергиясын тұтыну көлемі 1 270 МВт-ты құрайды деп жоспарланып отыр.

«Жел және күн электр стансалары Қазақстандағы «жасыл» энергия үлесін арттыруға бағытталған жалпы жұмыстың маңызды бөлігі саналады, олар бүгінде еліміздегі жалпы электр энергиясы көлемінің 6 пайызын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еліміздегі энергетика секторының 70 пайызға жуығы көмір электр стансаларына тәуелді. Өкінішке қарай, елімізде ЖЭО тозуының жоғары деңгейі және қажеттілік көлемінің артуы энергияға тәуелділікке алып келеді. Біз мұны Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Ресейден электр қуатын сатып алып отырған Ақтөбе облысының мысалынан көріп отырмыз. Ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін елімізге энергияның орнықты баламалы көзі қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Өздеріңіз білетіндей, 6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша республикалық референдум өтеді. Халық қолдаған жағдайда, атом энергетикасын дамыту елімізді тұрақты әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Президент тапсырмаларын орындау аясында еліміздің шағын қалалары мен ауылдарындағы 1 мыңға жуық мектеп жаңғыртылып, 1,5 мыңнан астам пән кабинеті жабдықталды.

«Сапалы білім тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық тұрғынға қолжетімді болуға тиіс. Қала мен ауыл арасында білім сапасындағы алшақтықты азайту — Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта біз халықтың, әсіресе ауылдардағы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен дамуына мүдделі белсенді бизнесті толық қолдаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бадамша ауылында Премьер-Министр №2 орта мектепті жаңғырту нәтижелерін қарап шықты. 55 жыл бұрын салынған оқу орны өңірде алғашқылардың бірі болып «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық жобасына енді. Заманауи жиһаздар, интерактивті панелдер, компьютерлер сатып алынды, STEAM-зертхана, ART-студия, телестудия, музыка кабинеті, Intellectum холл, кітапхана, акт және спортзалдары жабдықталған.

Премьер-Министр жаңғыртудан кейін қолжетімді болған оқу үдерісінің жаңа элементтерімен танысты. Мектеп оқушылары биоәртүрлілікті қорғау әрі сақтау, медицинада, экологияда, қауіпсіздікте және т.б. қолдануға болатын өсімдіктердің қасиеттерін сараптау және зерттеу саласындағы өз жобаларын ұсынды.

Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев бағдарламаның мақсаты — Қазақстанның 169 аудан орталығы мен 27 моноқаласының әрқайсысында бір тірек мектеп ашу екенін айтты. Ақтөбе облысында бүгінде 12 тірек мектеп құрылды, олардың әрқайсысына 3 шағын жинақталған мектеп бекітілді. Жоба іске асырылған 3 жыл ішінде еліміздің ауылдық 135 мектебінде материалдық база жаңартылды, 5 мың мұғалім біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысты. НЗМ жетекші оқытушылары білім беру сапасының мониторингін қамтамасыз етеді, ауыл педагогтерін қарқынды оқыту бағдарламасын жүргізеді және оларға әдіснамалық қолдау көрсетеді.

ӨНЕРКӘСІП, ЛОГИСТИКА ЖӘНЕ АӨК

Премьер-Министр Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өнеркәсіптік бірқатар кәсіпорынның өндірістік қуатымен танысып, олардың мысалында отандық бизнесті қолдау шараларының тиімділігін және Жолдауда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттердің жүзеге асырылу барысын тексерді.

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика саласы мен АӨК назарға алынды.

Олжас Бектенов Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өндірістік қуатымен танысты. Кәсіпорын жылына 430 мың тоннаға дейін: теміржол рельстері мен пішінді илек өнімдерінің кең номенклатурасы мен арнайы профильдер және басқа да өнімдер шығарады. Зауытта рельстерді термоберіктеудің жоғары сапасын қамтамасыз ететін инновациялық технология қолданылады. Өндірілген өнім еліміздің теміржол құрылысында пайдаланылады, сондай-ақ Түркия, ТМД елдері, Эстония, Латвияға экспортталады.

Мұнда Ақтөбе облысындағы өнеркәсіптің дамуы мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды. Жалпы, биылғы 8 айда өңірдің өнеркәсіп көлемі 6,9%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгеге дейін; өңдеу өнеркәсібі – 15 пайызға, 699,2 млрд теңгеге дейін өсті. Өңірлік пулға бүгінде ТКМ, құрылыс индустриясы, энергетика, мұнай-газ химиясы сияқты және басқа да салаларда құны 3,9 трлн теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба кіреді. Оларды іске қосу 15 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Олжас Бектенов отандық кәсіпорындарды қолдау Үкіметтің басым міндеті екенін атап өтті. Қолдау шаралары көрсетіледі, сонымен бірге импортты алмастыруға әсер ететін сапалы әрі қолжетімді тауарлар түріндегі нәтижелер қажет.

Ақтөбе ферроқорытпа зауытын аралау кезінде Премьер-Министр өндіріс барысымен танысты. Жобалық қуаты жылына 740 мың тоннадан асатын зауытта қож өңдеу цехы, тау-кен байыту және басқа да қосалқы нысандар жұмыс істейді. Өндірілетін феррохром, ферросилиций және басқа қорытпалар аса берік болат өндіруде, шойынды легирлеуде, сондай-ақ металлургияның басқа да бағыттарында пайдаланылады. Зауытта 4060 жұмыс орны ашылды. Көлемді одан әрі ұлғайту мақсатында балқыту пештерінің қуаты 300 мыңнан 700 мың тоннаға дейін арттырылды.

Олжас Бектенов инновациялық технологияларды енгізудің маңызды екенін атап өтті, бұл жоғары деңгейде өңделген өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік, экология мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша отандық бизнеске қажетті қолдау көрсетілуде. Алып кәсіпорындардың өндіріс көлемінің өсуі өз кезегінде аралас салалардың дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға, адамдардың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартуға серпін береді.

«Акватория-Ақтөбе» ЖШС өндірістік алаңдарын аралау кезінде ТКШ саласын сапалы жаңарту шараларына назар аударылды. Мұнда кәріз-сорғы стансалары, автоматтандырылған жылу пункттері, блок-модульдік қазандықтар, энергетикалық ресурстар мен сумен жабдықтауды есепке алу жүйелері жасалады. Кәсіпорынға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдігі бар қарыз түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілді, бүгінде мұнда 100-ге жуық маман жұмыс істейді. Олжас Бектенов нарық сұраныстарына баса назар аудара отырып, шығарылатын тауарлар желісін одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы бірінші кезектегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді тапсырған болатын, осыған байланысты мұндай отандық кәсіпорындар Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру үшін аса маңызды. Сондай-ақ Ақтөбеде «Dina Market» ЖШС сауда-логистикалық орталығына барды. Кәсіпорынға мемлекет тарапынан 1 млрд теңгеден астам сомаға кредит мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдау көрсетілді. 130 адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Бұл еліміздің батысындағы барлық инфрақұрылыммен жабдықталған алғашқы «А» класты сату қоймасы. Нысанның тауарларды тиеу және түсіру үшін пайдаланылатын жеке теміржол желісі бар. Логистикалық орталықтың қуаты 70 мың тонна жүкті құрайды.

СЛО алаңын тексеру барысында Премьер-Министр өсіп келе жатқан қажеттілікті ескере отырып, өңірдің логистикалық әлеуетін одан әрі дамытуға назар аударды. Қытай бағытындағы автомобиль тасымалы жыл сайын 2 еседен астам өсім көрсетіп отырғаны, контейнерлік тасымалдар 2011 жылғы 1 мың ЖФБ-дан (жиырма футтық баламасы) 2023 жылы 1 млн ЖФБ-ға дейін өскені атап өтілді.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика саласын дамытудың стратегиялық басымдығын атап өтті. Біз өзімізді «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарындағы ағындарды қамтамасыз ететін Еуразия орталығындағы көлік хабы ретінде дамытып келеміз. Халықаралық жүк ағындарына қосылу арқылы біз өз аумағымызда жүктерді өңдеуді қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін тиісті терминалдық қуаттар құрылуға тиіс. Қолданыстағы сауда-логистикалық кешендерді кеңейтуді және іске қосуды жандандыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-Министр Ақтөбе облысындағы «Айс-плюс» ЖШС-на барып, өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің дамуымен танысты. Кәсіпорынның тауарлы-сүт фермасы секілді өзіндік шикізат базасы бар. Жыл сайын өңірде және одан тыс жерлерде сұранысқа ие 40 мың тоннадан астам сүт өнімдері шығарылады. Өндірісте 400-ден астам адам еңбек етеді.

«Айс-плюс» ЖШС басшысы Қуаныш Ищанов өздеріндегі шикізат көлемін ұлғайту үшін ферманы 1,6 мың басқа кеңейту жоспарлары туралы хабарлады. Ол үшін кәсіпкер жеңілдігі бар несие түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануды жоспарлап отыр.

«Отандық сүт өнімдерімен толық өзін-өзі қамтамасыз етуге көшу – Президенттің тапсырмасы. Оны іске асыру үшін бізде қажетті шикізат, ресурстар, кадрлар, технологиялар барлығы бар. Үкімет тауарлы-сүт фермаларын іске қосуды белсенді қолдайды және ынталандырады. Инвестициялық салымдар, аналық мал басын сатып алу, сүт өндіру құнын арзандату, сондай-ақ жемшөп сатып алу шығындары субсидияланады. Мұндай жобалар бірден екі негізгі мәселені шешуге тиіс — елімізді сапалы және арзан отандық өніммен қамтамасыз ету және ауылдық жерлердің тұрғындары үшін жыл бойы жұмыс орындарын құру», — деп атап өтті Премьер-Министр.

primeminister.kz.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button