Ерболаттың етіктері

Елімізде отандық өнім өндірушілердің саны күн санап артып келеді. Оның ішінде екінің бірінің қолынан келе бермейтін етікшілік кәсібі де бар. «Ерінбеген етікші болады…» демекші, шеберден шыдамдылық пен ыждағаттылықты қалайтын осы кәсіпті шалқарлық Ерболат Айтжанов қолға алды.
Өңірімізде сирек кездесетін етікшілік ісін ол «Ауыл аманаты» жобасымен жүзеге асырып отыр. Аталған бағдарлама арқылы 7 миллион 300 мың несие рәсімдеп, оған етік тігуге қажетті тігін машиналарын, өзге де құрал-саймандарын әкеліп, түрлі өлшемдегі аяқ киім қалыптарын жасатқан. Жеке тұрғын үйінің жанындағы етік тігу шеберханасында қазір үш адам жұмыс істейді. Цехтың заманауи тігін машиналарымен айына 200 сыңар қысқы етік дайындауға мүмкіндігі бар.
—Етікшілік —ата-бабамыздан мирас болған кәсіптің бір түрі. Өнімің сапалы болса ол жерде қалмайды. Біз әзірге ересектердің қысқы етіктерін тігеміз. Оның ішінде түрлі өлшемдегі қонышты аяқ киіммен қатар,түздегі шаруашылыққа арналған саптама етіктер бар. Пайдаланылатын былғарының барлығы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі цехтарда мал терілерінен өңделген. Қажетті шикізаттың алғашқы топтамасын Шымкент, Алматы, Тараз қалаларынан, табанына қолданылатын материалды Ресейелінен тапсырыспен алдырттық.
Біздің қолымыздан шыққан етіктер қыста жылы әрі толығымен табиғи өнімнен жасалған деп, нық сеніммен айта аламыз,—дейді кәсіп иесі.
«Deshoes» деп аталатын аяқ киім жасау цехының алға қойған бірнеше жоспары бар. Соның бірі балалар аяқ киімін көптеп жасау және оны тұтынушыға қолайлы бағада ұсыну. Қазір бұнда дайындалған cаптама етіктің бағасы — 20 мың, қонышты аяқкиімдер 30 мың теңгенің шамасына бағаланып отыр.
Тың кәсіпке ден қойған Ерболаттың бұл істе ақылшысы және шеберхана жұмысын үйлестірушісі, етік шебері Досбол Әбдібаев есімді Тараз қаласының тумасы екенін білдік. Кәсіп иесіне ағайын болып келетін Досболдың тері өңдеу жұмысынан бастап, аяқ киім тігу ісінде жинақтаған тәжірибесі 20 жылдан асады. Кәнігі етікші бізге: «Жанымызда Қытай сынды алып мемлекет тұрғанда жазғы аяқ киім тігіп бәстесуіміз әзірге қиындау. Бірақ олар да осындай шағын цехтарда өндірілген өнімдерімен әлем нарығына шығып отыр. Бұл жерде тәуекел мен қолдау керек деп есептеймін. Сапалы болса қысқы аяқ киімге сұраныс болады. Біздің елде мал терісі тегін болғанымен,былғары материалы тым қымбат. Оған себеп — тері өңдеу шаруашылығы кенжелеп тұр. Осыны әр өңірден де жандандыратын уақыт келді» деген тілегін айтты.
Ресми БАҚ-тағы деректерге сүйенсек, мемлекетімізде аяқ киім өндіретін 70 шақты шағын және орта кәсіпорын бар. Алайда олар ішкі нарықтың 5 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Сондықтан елімізде саудаланатын аяқ киімнің 95 пайызы импорт болып есептеледі екен.
Отбасылық кәсіп ретінде бастаған Ерболат Маратұлының етік тігу цехы еліміздің аяқ киім өндірісіне тамшыдай болса да өз үлесін қосарына сенеміз.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар қаласы.



