Пікір

Жауапты қызметтің жаңа белесі 

Айнаш ҚОҢЫРБАЕВА,

№53 орта мектептің география пәнінің мұғалімі,

педагогика ғылымдарының магистрі.

Жылдағы дәстүр бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын ұстаздар қауымы да ықыласпен тыңдады. Әсіресе Президенттің педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге баса мән бергені көңілден шықты.

Білім беру саласында еңбек еткеніме 12 жылдан асты. Педагогика ғылымдарының магистрімін. Болашақта әлі де білімімді жетілдіріп, докторантурада оқымақ ойым бар. Қай кезде де түрлі семинар-тренингтерден, білім беру жобаларынан қалмауға тырысамын. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлыныңмұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге айрықша тоқталғаны үлкен үміт ұялатты. «Ұстаздар — ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет», — деген Президенттің сөзінің жаны бар. Педагогикалық мамандыққа баланы шынымен жақсы көретін, оны білім нәрімен сусындатуға ықыласты жастар ғана келуі керек. Өйткені өзгеге білім беру — сауапты ғана емес, жауапты қызмет.

Жолдауда мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін көтеру жайы назардан тыс қалмады. Бұл да күрмеуі қиын, түйіні шешілмеген мәселелердің бірі. Бюджеттік сала қызметкерлеріне баспаналы болу, өзге де әлеуметтік жеңілдіктер алу жағынан оңтайлы жағдай жасалса, тек қуанар едік.

Сөзімді түйіндей келе, біздің, педагогтер қауымының ел Президентінің жаңа Жолдауынан күтер жақсылығымыз көп.

 Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button