Басты жаңалықтар

Мектеп асханалары тексеріле бастады

Қыркүйектің басында Алматы қаласында «Tamos Education» физика-математика мектебінің оқушылары арасында тамақтан уланып, 7 адам зардап шекті.

Одан соң Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында мектеп оқушылары арасында тағамдық топтық инфекциялық ауру тіркелді. 400-ден астам бала зардап шекті, оның 92-сі ауруханаға жатқызылып, 2 бала жансақтау бөліміне түсті. Оқушылардың котлет пен пюре жегені белгілі болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.Осы жағдайдан соң Премьер-Министр бір ай мерзімде жалпы білім беретін мекемелердің тамақтану орындарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын тексеруді тапсырды. Біздің облыстың мемлекеттік мектептерінің асханаларында тексерулер басталды. Комиссия азық-түлікті сақтау, ыдыс жуу шарттарынан бастап, дайын тағамдар мен бұйымдардың дәмі мен салмағына дейін ескереді. Шынында да, оқушылардың денсаулығына бейжай қарауға болмайды.

9 қыркүйектен бастап құрамында білім, денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, әлеуметтік педагог, облыстық мәслихат депутаттары бар комиссия мектеп асханалары бойынша рейдтік іс-шараларды бастады.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Ардақ Мырзағалидің айтуынша, комиссия бір апта ішінде қаланың онға жуық мектебін аралап шықты. Осы аптада топ Мәртөк және Темір аудандарына барып, барлығы 53 білім беру ұйымдарын аралайды. Кейін тексеруді облыс орталығында жалғастырады.

Буфеттерде сатуға тыйым салынған өнімдердің тізімі бар, мысалы, фаст-фуд, чипсы және тағы басқа. Мұндай бұзушылық кездескен жоқ. Жалпы осы жылдың қаңтар айынан бастап жоспар бойынша біз 200-ден астам мектепті тексердік. Ата-аналартарапынан баланың белгілі бір өнімді, тағамды, жемейтіні туралы шағымдар бар, — Ардақ Мырзағали.

Денсаулық сақтау басқармасына қарасты штаттан тыс мектеп дәрігері Айғайша Көпбаева оқушының ас мәзіріне маңыз беріп, әр балаға 150 грамм гарнир және 80 грамм ет берілуге тиіс екенін айтты.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мектеп асханаларында оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру туралы өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарыДина Жаманбаева — бүгінде өңірдегі 399 мемлекеттік мектепте тегін тамақтану, оның ішінде 376 мектепте асханалық, 23 мектепте буфеттік тамақтану ұйымдастырылып отырғанын айтты.

— Білім беру ұйымдарындағы тамақтану жүйесін жетілдіру өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтауға тікелей байланысты. Облыстағы мемлекеттік білім беру ұйымдарында бастауыш сыныпта оқитын 70161 бала, 5-11 сыныпта оқитын аралығындағы  жекеленген санаттағы 9666бала, яғни 80 мыңға жуық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған.  Биыл облыстағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының оқушыларын тегін тамақтануға 8402129,6 мың теңгеқаржы бөлінді. Тағамдық талаптарды, қызмет көрсетушілердің экономикалық мүмкіндіктерін, статистиканы жүргізу жөніндегі уәкілетті органның мәліметтеріне сүйене отырып, бір баланың бір күндік тамақтану рационының құны603 теңге болып бекітілді, — деді Дина Жаманбаева.

Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы тамақтандыруды 87 кәсіпкер ұйымдастырып отыр. Мектеп асханаларындағы ас мәзірін бекіту барысында арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі, «Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің республикалық бірлестігі президентінің қоғамдық тамақтану мәселелері бойынша кеңесшісі, қамқоршылық және ата-аналар комитетінің өкілдері, диетолог, медбикелер, жеке кәсіпкерлер тартылды.

Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясат барлық адам үшін — мемлекеттік органдар үшін де, бизнес құрылымдар үшін де басымдыққа ие болуы керек.

Тамақтану сапасын бақылау мақсатында облыстық білім басқармасы, қалалық және аудандық білім беру ұйымдары жанынан құрылған ведомствоаралық топтар, мектептерде бракераждық комиссиялар мониторинг жұмысын үнемі жүргізіп келеді.

Білім басқармасы басшысының орынбасарыДина Жаманбаеваның айтуынша, биыл қаңтар айынан бастап білім басқармасы тарапынан 227,қалалық және аудандық білім бөлімдері тарапынан 296мектепке мониторинг жүргізілді.

— Қазіргі уақытта облыстық білім басқармасы жанынан құрылған ведомстоаралық сараптамалық топ Мәртөк ауданының білім беру ұйымдарындағы тамақтануды ұйымдастыру жұмыстарына мониторинг жүргізіп жатыр. Әр мониторинг жұмыстарынан кейінгі қорытынды аппараттық кеңесте қаралады. Сонымен қатар биыл облыс бойынша 64 мектептің жиһаздарын жабдықтау мен ас блогына қажетті электрлі және тамақ әзірлеуге арналған пештер, тоңазытқыштар, мұздатқыштар және тағы басқақұрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 102,1 миллион теңге қаржы қарастырылды, — дейді Дина Жаманбаева.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы №72 ІT мектеп-лицейіне «Алақан» бірыңғай жүйесін енгізу үшін 468,0 миллион теңге қаражат бөлініпті. Бұл жүйе оқушылардың оқу материалдарына лезде қол жеткізуін қамтамасыз етіп, олардың мектеп ғимаратына кіріп-шыққанын көрсетеді. Биылдан бастап алақан сканерлеу жүйесі арқылы оқушылардың тамақ ішкен-ішпегенін де көруге болады.

Жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді, бағдарламада әзірге бастауыш сынып балалары ғана тіркелген.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысыРайхан Қойшанова 2024-2025 оқу жылының басынан бастап республика бойынша мектеп асханаларында тағамдық топтық инфекциялық ауруының тіркелу фактілерінің жиіленуіне байланысты Үкімет басшысы барлық мектеп асханаларының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келуі бойынша мониторинг жүргізуді тапсырғанын айтты. Оның айтуынша,

тамақтан уланудың себептері көп, мәселен, асханалардың санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеуі, объектінің ас блогы қызметкерлерінің арасында бактерия тасымалдаушылардың болуы, тағам өнімдерін сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын ілеспе құжаттарсыз қабылдауы,тамақ дайындау технологиясының бұзылуы, ас блогы қызметкерлерінің қолданыстағы санитарлық қағидалардың негізгі талаптарын сақтамауы.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен облыстық білім басқармасы2024-2025 оқу жылына білім беру нысандарының дайындығы бойынша байқау және бағалау жүргізу туралы бірлескен бұйрыққа сәйкес мониторинг ұйымдастырды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысыРайхан Қойшанованың айтуынша, облыстағы 358 мектептің асханаларына мониторинг жүргізілді. Департаменттің аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мәліметтеріне сәйкес, мектеп асханаларында санитарлық талаптар бойынша қандайда бір кемшіліктер немесе бұзушылықтар анықталған жоқ.

Біздің өңірде мектеп оқушылары арасында мектеп асханаларына байланысты жаппай жіті ішек және тағамнан улану жағдайлары тіркелген жоқ.Облыс бойынша бақылауда 425 мектеп тұр, оның ішінде оқушыларды тамақтандыру бойынша 393 ас блоктары қарастырылған және 25 мектепте буфет ұйымдастырылған, 6 мектеп асханасы кейтеринг қызметі арқылы тамақтанады. Қазіргі таңда аталған мектептердегі 3 ас блогы мен 2 буфетте санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ. Олар: Есет батыр тұрғын алабында 900 орындық жаңа мектептің, Алға ауданында Көлтабан және Еркінкүш ауылдарындағы негізгі мектептердің ас блоктары, Мұғалжар ауданында Сабындыкөл мен Темір мост стансасындағы №59 негізгі мектептердегі буфеттер. Қорытынды болмауының себептері: ас блоктар мен буфеттерде тиісті үй-жайларының жиынтығы жоқ, ыстық су қарастырылмаған, асхана жабдықтары жеткіліксіз,  сору желдеткіші болмай отыр. Аталған мәселе бойынша облыстық білім басқармасына және аудандық білім бөлімдеріне хат жолданды, — деді Райхан Қойшанова.

Аталған департаменттің аумақтық бөлімшелерінің мамандары мониторинг барысында мектептегі тамақтандыру бөлімшелерінің қызметкерлері мен жалға алушыларына тамақтан уланудың алдын алу және санитарлық талаптарды сақтау бойынша консультативтік көмек көрсетіп, 68 ақпараттық-түсіндіру шарасын өткізіп,7 семинар жүргізген.Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары облыс тұрғындары арасында жаппай тамақтан улануды болдырмау мақсатында тұрақты негізде тамақтан уланудың алдын алу, кәсіпкерлік субъектілерімен, сондай-ақ халық арасында қолданыстағы санитарлық ережелерді түсіндіру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

— Тамақтан уланудың алдын алу үшін сақтық шараларын сақтау қажет:белгіленбеген сауда орындарында, қолдан, көшелерде тамақ өнімдерін,үйде дайындалған өнімдерді сатып алмаңыз, азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде қаптаманың тұтастығына, дайындалған күніне, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына назар аударыңыз, жеміс-жидектерді мұқият жуыңыз,тағам дайындау барысында жеке бас гигиенасын сақтаңыз. Өкінішке қарай, соңғы уақытта көптеген адамдар әлеуметтік желілер арқылы үй жағдайында дайындалған торт, тоқаш, суши, салат секілді тағамдарға тапсырыс беруді әдетке айналдырған, себебі бұл ыңғайлы және кафе немесе мейрамханаларға тапсырыс бергеннен әлдеқайда арзан. Әлеуметтік желілерден тағам тапсырыс бермес бұрын, тағамның қайда, қалай және кім дайындағаенын ойланыңыз. Тапсырыс берген тағам лас, дайындауға қажетті қарапайым жағдайы жоқ бейімделген үй-жайларда, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағам өнімдерінен жасалуы немесе шикі және дайын тағам өнімдеріне бір ыдыс қолданылуы мүмкін. Ал тағам дайындайтын адам сізге және сіздің балаларыңыздың денсаулығына қауіпті инфекциялық аурумен ауыратын немесе бактерия тасымалдаушы болуы да ықтимал, — деді Райхан Қойшанова.

Ал егер тағамнан секем алып, улануға күдіктенсеңіз, тез арада қажетті медициналық көмек алу үшін дәрігерге жүгіну қажет. Мамандарөздігіңізден ем алмауға кеңес береді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button