Мәртөктегі мерейлі кездесу
Баспасөз — 2025
Құрамында 32 елді мекені бар Мәртөк ауданының бірнеше ауылында көше жолдарына асфальт төселіп, газ құбырлары тартылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып жатқан жобалар да жетерлік. Өткен аптада «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына орай облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының басын қосатын «Ақтөбе Медиа» ЖШС өкілдері Мәртөк ауданында жергілікті оқырманмен кездесулер өткізді. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин бастаған делегация құрамында «Тілеу батыр» қоғамдық қорының төрағасы Қанатбай Елеусізұлы, «Үш таған» журналының бас редакторы, ақын Ертай Ашықбаев, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаева, Қазақстанның құрметті журналисі Нұрмұханбет Дияров болды. Жүз жыл жылнамасын насихаттай келген топты аудан әкімі Медет Ысқақов қабылдады. Кездесу барысында ауданның жетістіктері, алдағы уақыттағы әріптестік мәселелері және жазылу науқанының барысы жөнінде айтылды.
Әлеуметтік нысандар ашылады
Ақтөбеден шыққан топ ең алдымен Мәртөк ауданының Бұлақты, Қаратоғай ауылдарына барып, «Родники Агро» ЖШС мал шаруашылығы кешенінің және әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты. Ауылда атқарылып жатқан игілікті істерді баяндаған Бұлақты ауылдық округінің әкімі Равиль Сандыбайұлы жергілікті тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға бағытталған бірнеше жоба іске асырылып жатқандығын айтты.
— Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында іргелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Мәселен, құс және ет фермалары ашылды. Сонымен бірге жыл соңына дейін 300 орындық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға беріледі. 1980 жылы іргесі қаланған мәдениет ошағы заманауи құрылғылармен жабдықталып, көрермен залындағы орындықтар, сахна, сахна шымылдығы түгел жаңартылады. Былтыр Республика күні қарсаңында денешынықтыру–сауықтыру кешені ашылды. Мұнда спорттың 9 түрімен шұғылдануға мүмкіндік қарастырылған. Спорт кешені «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында бой көтерді. Жоба құны — 140 миллион теңге шамасында. Бүгінде Бұлақты ауылында 1542 адам тұрады. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 5 адам кәсіп ашты. Негізінен, өсімдік және құс шаруашылығы бойынша кәсіпті қолға алғандар көп. Ауылда жұмыссыз жүрген жастарды қолдау мақсатында көптеген жобалар, бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Дипломмен — ауылға» бағдарламалары арқылы жұмысқа орналасқан жастар баршылық. Мәселен соңғы төрт жылда «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы арқылы 6 жас маман жұмысқа орналасып, баспаналы болды, — дейді Р.Сандыбайұлы.
Сондай-ақ ақтөбелік делегация Қаратоғай ауылдық округінде салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысып, Мәртөк аудандық тарихи-өлкетану музейін аралады.
— Қаратоғай ауылдық округінің аумағы — 22840 гектар. Халық саны — 1400 адам. Биыл ауылдық округте «Еңбек» бағдарламасы арқылы 3 адам қысқа мерзімді оқуға жіберілді. Округте 13 шаруа қожалығы тіркелген. Бүгінде денешынықтыру–сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, Тәуелсіздік күніне дейін пайдалануға беріледі. Спорт кешеніне қажетті жабдықтар демеушілер есебінен сатып алынады, — дейді Қаратоғай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Бақытбек Есенжолов.
Бұдан кейін Мәртөк ауылына барып, аудандық тарихи-өлкетану музейінде болған делегация мүшелеріне музей директоры Ұлдай Төрәліқызы құнды экспонаттарды таныстырып, экскурсия жүргізді.
Өміршең газеттің оқырмандары
Жүзжылдық аясындағы мерейтойлық кездесу Мәртөк ауданындағы Қамбар Медетов атындағы балалар өнер мектебінде өтті. Кіреберісте оқырманға ғасырлық тарихтан сыр шертетін көшпелі музей жасақталды. Байырғы газет тігінділері мен қызметкерлер қолданған ескі заттар, әр жылдары атауын өзгерткен басылым тарихы мен марапаттарды қызықтаушылар көп болды.
Басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин, «Тілеу батыр» қоғамдық қорының төрағасы Қанатбай Елеусізұлы, «Үш таған» журналының бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ертай Ашықбаев, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаева сөз сөйлеп, ақпараттар ағынынан рухани азық алатын, ізгілік нұрын себетін дүниелер іздейтін оқырманға ризашылықтарын жеткізді.
— Қазір жаһандану заманында ақпараттар ағыны көп. Біздің басылымдар үйлеріңізге өңірдегі жаңалықтарды жеткізіп, сіздер үшін қызмет етіп жатыр. «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері — уақыттың талай сынынан халықпен бірге өтіп келе жатқан басылымдар. Бүгінгі буын журналистерінің де басты мақсаты — ғасырлық тарихы бар газет шежіресін одан әрі қалың оқырманға жеткізу. Қазір газеттің 15 мыңға жуық оқырманы бар. Бұл — республика бойынша жақсы көрсеткіштердің бірі. Оқырманмен арадағы байланысты нығайта түсу үшін аудандарда газет күндерін өткізіп, түрлі мәдени іс-шаралар, кездесулерді үзбей ұйымдастырып жүрміз, — деді Р.Отыншин.
Кездесуде қазіргі жаһандану, цифрландыру заманындағы баспасөздің рөлі, артықшылықтары жөнінде сөз болды. Сондай-ақ облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тігінділерінде өңір тарихы қаттаулы тұрғаны, бұл газеттердің облыстағы ең көне басылымдар екені де айтылды.
— Баспасөз — біздің рухани қуат берушіміз. Біздің газеттер — уақыттың талай сынынан халықпен бірге өтіп келе жатқан басылымдар. Алпауыт мемлекеттердің өзі газеттен бас тартқан жоқ. Керісінше, баспасөзді басқа бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтордың тасасында қалдырмауға, дамытуға күш салып отыр. Өйткені тасқа басылған газет сөзі — қашанда соңында сұрауы, жауапкершілігі бар, салмақты сөз. Газет сөзі — ертеңгі күні тарих парағына айналатын, ұрпаққа аманат болып қалатын асыл сөз. Газеттің басқа ақпарат құралдарынан басты артықшылығы — сенімділігі. Онда жазылған ақпарат ешқашан жойылмайды. Яғни сол кезде айтылған сөз әлі де қолымызда тұр, әлі де санада өткенді жаңғыртуға, тірілтуге қабілетті. Жүзжылдық аясында ұйымдастырылған іс-шараға атсалысқан барша жанашыр оқырманымызға алғысым шексіз. Сіздерге шығармашылық табыс, қажымас қайрат, береке-бірлік тілеймін, — деді ақын Ертай Ашықбаев.
Жиынға қатысқан мемлекеттік қызмет ардагері, «Тілеу батыр» қоғамдық қорының төрағасы Қанатбай Елеусізұлы облыстық қос басылымның өз өміріндегі орны туралы сөз қозғады.
— Баспасөзге жазылу науқаны аясында Мәртөк ауданына арнайы келіп, оқырмандармен кездесіп жатқаныма өте қуаныштымын. Осы өңірден шыққан белгілі тұлғалар жөнінде газет бетінде талай мақалалар жазылды. Мен бір ғасырдан астам тарихы бар «Ақтөбе» газетін 50 жылдан бері үзбей оқимын. Басылым беттерінде бірнеше мақалам жарияланған болатын. Газет-журнал, кітап десе, ішер асын жерге қоятын мен үшін осындай айтулы шараға қатысу үлкен мәртебе. Облыс баспасөзінің шеберханасы атанған «Ақтөбе» газетінде мазмұнды айдарлар ашылып, оқырманы көбейе берсін. Ұжымды басылымның жүзжылдық белесімен, ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, — деді ол.
Іс-шара соңында баспасөзге жазылу науқанында белсенділік танытқан Әсет Нығметов, Ақмарал Мұқанова, Айдай Досқалиева секілді газет оқырмандары «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Р.Отыншиннің Алғыс хатымен марапатталды.
Жиынға қатысқандар арасында №3 Мәртөк орта мектебінің ұстаздары мен мектеп директорлары да бар. Солардың бірі — «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманы Гүлфана Өтеген.
—Газет қоғамдағы түйткілді мәселелерді шынайы жеткізетін айна іспеттес. Мен бала кезімнен «Ақтөбе» газетін сүйіп оқимын. Ойыңа ой қосатын, рухани азық беретін, таным кеңістігіңді ашатын сүбелі дүниелерді осы дәстүрлі басылым беттерінен оқып тұрамыз. Бір есте қалғаны, біз бала кезде ата-анамыз газет-журналдарға үзбей жазылатын. Газеттің әр санын асыға күтетін мен үйге келген мерзімді басылымдарды соңғы бетіне дейін оқуды әдетке айналдырдым. Әсіресе газеттегі «Әдебиет» айдары арқылы жерлес ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқып шығып, қаламгерлеріміздің әдеби шығармаларымен сусындап келеміз. Облыс баспасөзінің шеберханасы атанған «Ақтөбе» газетінде алдағы уақытта да оқырманына айтары бар, ой салатын мазмұнды айдарлары ашылып, оқырманы көбейе берсін, — деді мектеп дефектологі Гүлфана Өтеген.
Кездесуде жиналғандарға «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің және «Үш таған» журналының жаңа сандары таратылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.