«Ақтөбе» — 100!Басты жаңалықтар

Берік байланыс, сенімді серіктестік

Баспасөз — 2025

Күз түзсе, баспасөзге жазылу науқаны басталатыны белгілі. «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген ғибаратты сөзді газетке байланыстырып айтар болсақ, түсінген адамға, басылымның оқырман үшін берері мол, айтары көп. Ең бастысы — қанша жерден әлеуметтік желі арқылы жылдам ақпарат таратылғанымен, газеттің қоғам өміріндегі маңызы, адамның зердесін, дүниетанымын қалыптастырудағы орны айрықша.

Осы аптада «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының әкімшілігі мен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, «Үш таған» журналының басын қосатын «Ақтөбе Медиа» ЖШС, бірқатар республикалық басылым өкілдері бірлесе өткізген «Басылымдарға жазылу» іс-шарасы ұйымдастырылды.

Ынтымақтастықтың үлгісі

Жыл сайын дәстүрге айналған іс-шара «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының бас кеңсесінде ұйымдастырылды. Ашық есік күні ретінде өткізілген іс-шараға пошта қызметкерлері мен «Хабар Сервис» баспаханасының, «Ақтөбе Медиа» ЖШС өкілдері мен ардагер журналистер, республикалық басылымдардың меншікті тілшілері мен оқырмандар қатысты.

«Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Динара Хасанғалиева жиналғандар алдында сөз сөйледі.

— «Қазпошта» мен басылым редакциялары арасында ынтымақтастық жылдан-жылға жалғасып келеді. Қазір ақпараттың заманы. «Қазпошта» — мерзімді баспасөз бен оқырман арасын жалғайтын көпір іспетті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін мерекелік іс-шараға келген редакция ұжымдарына алғысымды білдіре отырып, жоғары технологиялар заманында баспасөз дамып, өркендей  берсін дегім келеді. Сонымен қатар «Ақтөбе Медиа» ұжымын мерейлі мерекелеріңіз — облыстық «Ақтөбе» газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл толуымен құттықтаймын. Бүгінгі «Ақтөбе» газеті — Президент саясатын халыққа жеткізіп отырған, айтар ойы салмақты, заманауи дизайнмен әдіптелген басылым. Тынымсыз да тыңғылықты еңбектеріңіздің арқасында облыстың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Соның нәтижесінде жыл сайын газет оқырмандарының қатары көбейе түседі. Сіздермен арадағы серіктестігіміз қала мен аудан тұрғындарына өңірімізде болып жатқан жаңалықтарды, ақпаратты дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді. Осындай ынтымақтастығымыз  алдағы күндерде де өз жалғасын табатындығына сенемін, — деген филиал басшысы осы бір қиын да тынымсыз еңбек жолында аянбай қызмет етіп жүрген газет ұжымына, ондағы барлық журналиске сарқылмас  идеялар, шығармашылық даму мен қызықты сюжеттер, тартымды аудитория тіледі.

Лайықты құрмет, мерейлі марапат

Бұдан әрі бірлескен іс-шараның тізгінін өз қолына алған «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкері, ақын Талғат Тілеулес жарыққа шыққанына 100 жыл толған «Ақтөбе» газетіне арнау айтып, көпшіліктің көңілін бір желпінтіп тастады.

Қазақтың көрнекті тұлғасы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген даналық сөзін жиналғандардың есіне тағы бір мәрте салған ол ғасырлық тарихы бар облыстың қоғамдық-саяси басылымдар — «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттері осы міндетті бүгін де жоғары деңгейде атқарып, елдің тыныс-тіршілігін, қоғамымыздың алға дамуы мен өркендеуінің өнегелі көрінісін жүйелі түрде жариялап келе жатқанын айтты.

Ашық есік күнінде жиналғандарға биыл облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойы лайықты деңгейде аталып жатқаны да айтылды.

Іс-шарада «Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин:

— Биыл «Ақтөбе Медиа» серіктестігі үшін елеулі жылға айналып отыр. Себебі облыстық «Ақтөбе» газетіне 100 жыл толды.  «Кедейден» басталған «Ақтөбе» кейінгі жылдарда «Алға», «Социалды жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» сияқты  атауларды иеленді. Ал тәуелсіздіктің алдында газетіміз өзінің қазіргі «Ақтөбе» атауын алды. Бүгінде «Кедейден» кемелденген жағдайға жетіп тұрмыз, — деген ол «Қазпошта» акционерлік қоғамында Ашық есік күні жыл сайын өткізілетінін айтып, филиал басшылығына ризашылығын білдірді.

Раукен Отыншиннің айтуынша, баспасөзге жазылу іс-шарасы биыл жылдағыдан ерекше аталып өтіп жатыр.

— Газет өзінен-өзі шыға қоймайды. Газетті біз дайындағанмен, шығаратын баспахана бар. Ол — «Хабар Сервис» ұжымы. Одан кейін дайын өнім «Қазпошта» арқылы барлық оқырманымыздың қолына жетеді. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына байланысты құттықтау хатын жолдады. Оны газетіміздің дәл туған күні — 7 маусымда облыс әкімі Асхат Шахаров редакциямызға арнайы келіп, табыстаған болатын. Сондай-ақ биыл бұқаралық ақпарат құралдары күніне байланысты Астана қаласында өткен салтанатты іс-шараға әр өңірден журналистер жиналды. Сол салтанатта «Көптеген игі бастаманың ұйытқысы болған қара шаңырақта талай қарымды қаламгер еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырды. Бүгінде «Ақтөбе» осы сабақтастықты сақтап, жүйрік журналистердің шығармашылық шеберханасына айналды. Сол арқылы ұлттық баспасөздің дамуына зор үлес қосты» деген мәтінде Мемлекет басшысының қолынан Алғыс хат алдым.  Президентіміздің бұл Алғыс хаты мен құттықтауы — тек «Ақтөбе» газетінің ұжымына ғана емес, осы облысқа көрсетіліп жатқан құрмет деп есептейміз. Біз қашанда оқырмандарымызға ризамыз. «Оқырманын тапқан газет өміршең болады» деген сөзді әрдайым айтып жүремін. Сонау 1924 жылы алғашқы саны жарық көрген «Ақтөбенің» бүгінде 100 «жасқа» жетуі, орыс тілінде шығатын «Актюбинский вестник» газетінің де ғасыр жасауы оқырмандарының арқасы деп білеміз. Қазіргі күні «Қазпошта» мекемесінің барлық аудандағы филиалы газет-журналымызға жазылуға зор үлес қосып отыр. Әсіресе шалғайдағы Шалқар, Ырғыз, Ойыл және Байғанин сияқты аудандарында  оқырманымыз көп. Жазылушыларымыздың дені — осы аудандардан, —  деген Раукен Отыншин жыл сайын қос басылымның редакция ұжымы аудандарды аралап, ондағы оқырмандарымен жүзбе-жүз кездесу ұйымдастыратынын да айтты. «Ақтөбенің» 100 жылдығына байланысты газеттің алғашқы бетінде «Жүз жыл жылнамасы» деген атпен арнайы айдар ашылып, газет тарихынан сыр шертетін мақалалар жыл бойы жарияланып жатқаны оқырмандарымызға аян. Осындай топтағы жарияланымдардың қатарын «Барсаң, сәлем айта бар Байғанинге…» деген тақырыпта үлкен экспедициялық мақала толықтыра түскенін де компания басшылығы тілге тиек етті. Мақалада автор редакция ұжымының арнайы Байғанин ауданына барып, қалың оқырманмен жүздескен сәтті газет жазылушыларына шебер жеткізген болатын.

«Ақтөбенің» көші ілгері

Кезінде Құрал Тоқмұрзин, Қуандық Шаңғытбаев, Тобық Жармағамбетов сияқты белгілі қаламгерлер жұмыс істеген бүгінгі «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері аптасына екі рет шығады.

«Біз өз газетімізді басқа облыстық газеттермен  салыстырамыз. Әріптестерімізбен тілдескенімізде, «Ақтөбенің» мерейі әлдеқайда үстем екенін байқаймыз. Себебі кейбір аймақтардағы облыстық газеттердің таралымы 3 мыңның әр жақ, бер жағында ғана. Көршілес облыстардағы газет таралымының санын естігінде, біздің газеттеріміздің таралымы көп екеніне қуанамыз. Қазір облыстық «Ақтөбе» газетінің таралымы 15 мың болса, орыс тіліндегі «Актюбинский вестник» газеті 5 мың таралыммен шығып жатыр. Бұл — біздің оқырмандарымыздың арқасы, сіздердің қолдауларыңыздың нәтижесі. «Ауыл болсаң, қауым бол» демекші, бәріміздің бірлесіп жасайтын газетті дайындау, шығару, тарату сияқты жұмыстарымыз алдағы күндерде де өз жалғасын таба берсін. Сол үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», — деді «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин.

Ардагерлер лебізі

«Басылымдарға жазылу» тақырыбында өткізілген Ашық есік күніне ардагер журналистер — Идош Асқар, Аманқос Орынғалиев, Жанғабыл Қабақбаев, Жақсылық Айжанов және «Үш таған» журналының редакторы Ертай Ашықбаевтар қатысты.

— «Ақтөбе» газетінің шыға бастағанына 100 жыл толыпты. Соның 55 жылында мен осы газетпен байланыс жасап келе жатқан адаммын. Сірә, бұрынғы аға буыннан қалғандардың ішіндегі ең үлкені мен болуым керек…. Бұл газетте тамаша журналистердің легі шықты. Қазір олардың көбі өмірден өтті. Мен, мүмкін, солардың атынан шығып тұрған шығармын. Олардың бәрі де әлі келгенше, шама-шарқынша осы газетте қызмет етті. Газет бізден қалды, сіздерге жетті. Жақсы шығарып жатырсыздар. Оны мойындау керек. Біздің уақытымызда май-май болып әріпті қолмен теретін еді. Ең үлкен жетістігіміз — линотип дейтін қорғасынмен жасайтын машина болды. Оның өзі бұзылады. Ал енді қазір техника дамып, керемет жақсы өзгерістер болды. Соған сәйкес газетті де құлпыртып шығарып жатырсыздар, жүз жылдыққа жақсы келдіңіздер. Ел басшысы газетке құттықтауын жолдапты. Біздің уақытымызда да құттықтаулар болатын еді. Бірақ мұндай үлкен құттықтауды көргеніміз жоқ. Осындай жақсылықтарға жете беріңіздер, — деді «Ақтөбе» газетін біраз жыл басқарған белгілі журналист Идош Асқар.

Ал «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ертай Ашықбаев:

— Газеттің бүкіл күндерін мереке деуге болады. Себебі әр нөмір шыққан сайын оның барлығында облыстың, ондағы адамдардың өмірі, жасап жатқан тіршілігі баяндалады. «Ақтөбе» газетінің жеткен жетістігі көп. Газет жыл сайын түрленеді, жыл сайын жаңаша өзгерістер енеді. Соңғы 10 жылға таяу осы газетпен бірге айына бір рет «Үш таған»  журналы шығып келе жатыр. Газетке сыймай, ескерілмей қалған нәрселер осы журналда жазылады. Сондықтан журналистердің барлығына зор табыс, оқырмандарға аманшылық, саушылық тілеймін, — деді.

Белсенді жазылушы ұжымдар

Іс-шара барысында «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева  «Қазпошта» ұжымы мен басылым өкілдерін айтулы күнмен құттықтап, осы салада жүргеніне жиырма жылдай уақыт болғанын айтып: «Бүгінде 106 жыл тарихы бар «Актюбинский вестник» газеті оқырмандарына басылымды оқып, жазылғаны үшін алғысымды білдіремін. Әсіресе «Қазпошта» ұжымын, оның ішінде шалғай ауылдардағы пошташылардың күннің ыстығы мен суығына қарамай, газет-журналдарымызды үй-үйге уақытында жеткізіп жатқаны үшін шексіз ризамыз, — деген әріптесіміз өз сөзінде «Ақтөбе» газетінің ұжымын мерейлі жылымен құттықтады.

Іс-шара барысында «Қазпошта» мекемесінің Байғанин, Ырғыз, Шалқар және Ойыл аудандары бөлімшесі ұжымына «Ақтөбе Медиа» тарапынан құрмет көрсетілді. Себебі аталған бөлімше ұжымдары облыстық газеттердің таралуына сүбелі үлес қосып келеді. Сонымен қатар облыстық қос газет пен «Үш таған» журналына белсенді жазылған Ақтөбе қаласындағы №7 емхана мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің және №47 орта мектеп ұжымдарының еңбегі ерекше аталып, Раукен Отыншин аталған ұжымдардан келген өкілдерге Алғыс хатпен бірге сый-сияпаттар ұсынды. «Ақтөбе» және «Актюбинский вестниг» газеттері мен «Үш таған» журналы басылып шығатын «Хабар Сервис» баспаханасында тәжірибелі баспагер Бижамал Қарамұрзинаға компания басшылығы «Шипагер» шипажайына тегін жолдама табыстады.

Жазылымнан тасылымға дейін

«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы бүгінде газет-журналдарға жазылудың тиімділігі сол — жазылу бағасының сақталуын да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мекеме қызметкерлері өнімді оқырманға сапалы түрде, делдалдардың көмегінсіз жеткізеді. Олар жазылымнан бастап тасылымға дейін, «қолдан-қолға» тәсілі бойынша басылымдарды жеткізуді өздерінің тікелей міндеті санайды. Пошта өкілдері газет-журналдарға жазылу жұмыстарына өз үлестерін қосып жүрген бірқатар республикалық басылымдармен қоса, жергілікті газеттерді, оның ішінде облыстық қос басылымның да атын ерекше атады.

Іс-шара барысында «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Баян Сәрсембина:

— Бұл — «Қазпошта» мен газет арасындағы байланысты нығайтудың бір механизмі. Қазір баспасөз, газет саласындағылар үшін қиындау уақыт болып тұр. Оқырман азайып, әлеуметтік желі белең алды. Соған қарамастан, газеттер тұрақты шығады, жүз жылдан астам тарихы бар басылымдардың өз оқырманы бар. Мерзімді басылымдарды оқитын адам қай кезде де табылады. Сондықтан сіздермен әріптестігіміз баянды болсын, — дей келіп, мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, елімізде болып жатқан жақсы істерді насихаттайтын аға  басылымдармен қатар, облыстық газеттердің қоғамдағы рөлін айрықша атады.

Назира Әметова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті кітапханасының бас кітапханашысы:

— Университет кітапханасы жыл сайын «Ақтөбеге» жазылады. Мұнда 2009 жылдан бері жұмыс істеймін. Қазір кітапханамызда газеттің бірнеше жылдық тігіндісі бар. Оқытушылар мен студенттер кітапхананың оқу залында  «Ақтөбені» жиі алып жатады. Бізден осы газеттен тарихқа, әсіресе өлкемізге қатысты мәліметтер сұрастырып жататын оқырмандарымыз көп. Кітапхананың өзіне облыстық газеттердің үш данасы келеді.  Бұл газетпен кішкентайымнан доспын. Үйіме алты ай сайын жаздырып аламын. Газет бетінде қажетті мәліметтер көп.

Бақытгүл Дабылова, оқырман:

— Еңбек жолымды банк саласында қызмет етуден бастадым. Кейін жолдасымның қызметінің ауысуына байланысты, ауылдық жерде есепші болдым. Жиырма жылдан астам уақыттан бері «Актюбинский вестник» газетін жаздырып алып оқимын. Бір уақыт көз тоқтатып, газет оқығанды жаным сүйеді. Газеттен қажетті мәліметтерді жинап жүремін. Басылымда қызықты материалдар, мәліметтер жиі беріледі. Газеттің жарнама айдарынан да өзіме қажетті нәрселерді көп көремін. Демалыс бетінде езу тартарлық әзілдер жарияланады. Әсіресе денсаулық тақырыбында материалдар жиі шығады. Алдағы уақытта да осы тақырыпта оқырманға қажетті мәліметтер, мамандармен сұхбаттар жиі жарияланса деген ұсынысым бар.

Мирғали Кереев, «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманы:

— Газеттерге жыл сайын жазыламын. Бұл орайда «Қазпошта» мекемесі қызметкерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді. Себебі пошташылар газетті үйімізге уақытында жеткізеді. Қазір жастардың қолында кемі 500 мың теңге тұратын телефондар жүреді. Айтпағым, 20-30 мың теңгеге газет-журнал жаздырып оқуға көпшілігінің жағдайы келсе де, оны істемейді. Бұл орайда жетіспейтіні — жарнама. Меніңше, сол газет-журналдардың жарнамасын  жақсартса, басылымдарға жазылушылардың да қатары көп болар ма еді?! Тағы бір мәселе — қазір әлеуметтік желіде балаларымыздың оқымайтыны жоқ. Мәселен, Жапонияда 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынып жатыр. Өзбек елінде қажет емес желілер жабылып жатыр. Сондықтан бала тәрбиесін жүйелі жолға қоюда қоғамда газет-журналдардың рөлі жоғары.

Өзім биыл мерейлі жасқа жеткен «Ақтөбенің» тұрақты оқырманы екенімді зор мақтанышпен айтамын. Үйімде газеттің сонау жылдардан бері жиналған ескі тігінділері де сақтаулы тұр. Газетте, негізінен, жергілікті материалдар басылады. Қала мен облыс аумағында болып жатқан оқиғаларды газет бетінен көремін. Жақында бір досымның мемлекеттік награда алғанын басылым бетінен көріп, құттықтадым. Сол уақытта іссапарда болған едім. Қазір кәсіпкерлік саласында еңбек етемін. Кейбір замандастарыма газетте құнды мәліметтер, әсіресе тарихқа қатысты тың деректердің жиі басылатынын үнемі айтып жүремін. Мәселен, жақында облыстық «Ақтөбе» газетінде Алмат сардар туралы тарихи материал жарық көрді. Өлке тарихынан сыр шертетін осындай құнды мәліметтермен қатар, өз салама — кәсіпкерлік бағыттағы материалдарды газет бетінен көптеп көргім келеді.

P.S. Ашық есік күнінде пошта қызметкерлері оқырмандар мен арнайы шақырылған қонақтар арасында «Пошта» тақырыбында викториналық сұрақтардан ойын ұйымдастырды. Сондай-ақ олар дәстүрлі іс-шарада тұрақты оқырмандар — Мирғали Кереев пен Самал Ульяроваға және ең жас жазылушы Ғани есімді балақайды марапаттауды ұмытпады.  Редакция ұжымдары мен оқырмандар тоғысқан тамаша іс-шара «Ақтөбе Медиа» компаниясының қызметкері Азамат Жалмағамбетовтің орындауындағы «Ауылға барам» және мектеп оқушысы Ләйлә Дабыл шырқаған «Туған өлкем» сияқты әндермен көркемделді.

Бұл күні жиналғандар «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұйымдастырған шағын көрмені де тамашалады. Облыстық газеттердің ескі тігінділері мен бір кездері журналистер қолданған құралдар, газеттің жетістіктерінен тұратын жәдігерлер компания мұражайынан әкелінді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button