Құқық

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Заң

Сақтандыру қаржысын қалай тез алуға болады?

— Мен көп жылдан бері автомобиль әуесқойымын. Әрине, жыл сайын көлігімізді сақтандырып қоямыз. Жаман айтпай жақсы жоқ, жол-көлік оқиғасына ұшырай қалсақ, сақтандыру қаржысын қалай алуға болады?

Нұрболат Ахметжанұлы,

Ақтөбе.

 

— Жол-көлік оқиғасы бола қалса, үш күннен кешіктірмей өзіңіз шартқа отырған сақтандыру компаниясына жолығуыңыз міндетті. Төлем туралы өтінішіңізге сақтандыру полисін, жүргізушілік куәлігінің, машинаның техникалық төлқұжатының көшірмесін, жол полициясы рәсімдеген оқиға болған жерден хаттаманы, жараланғандар, зақымдалған мүлік туралы қолда бар мәліметтерді қоса тапсырасыз. Негізі, оқиға болған сәтте сақтандыру компаниясының өкілін де шақырғаныңыз абзал.

 

Оқығаным үшін неге төлемейді?

— Балабақшада шаруашылық меңгерушісімін. Педколледжге сессияға барған оқу демалысының ақысын директор төлемей отыр. «Жұмысың бір басқа, оқуың бойынша мамандығың сәйкес келмейді, төлей алмаймын», — дейді. Осы дұрыс па?

Нұргүл Шатқалқызы,

Ырғыз.

— Еңбек кодексінің 112-бабына сәйкес білім беру ұйымдарында оқып жүрген қызметкерлерге сынақтар мен емтихандарға дайындалу және оларды тапсыру, зертханалық жұмыстарды орындау, дипломдық жұмысты (жобаны) дайындау мен қорғау үшін оқу демалыстары беріледі. Ал оқу демалысына ақы төлеу осы баптың 2-бөлігінде көрсетілгеніндей, еңбек шартында, ұжымдық шартта, оқу шартында айқындалады. Оқуыңыз қазіргі кәсібіңізден алшақ болса және аталған шарттарда болашақ мамандығыңыз үшін оқу демалысы берілгенде ақы төлеу көзделмесе, жұмыс берушінің одан бас тартуға құқығы бар.    

 

Айыппұл салынуы дұрыс па?

— Үйге, жұмысқа жеке меншік машинаммен қатынаймын. Жақында жол полициясының қызметкерлері ұстап алып,  құжаттарымның бәрін түгел қарап шықты. Әшейінде жүргізушілік куәлігімді тексерумен шектелетін еді. Бұл жолы маған «мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегенсің» деп айып тақты. Мемлекеттік техникалық байқаудан өтпеген  көлік иесіне айыппұл салына ма?

Дәмелі Рысдәулет келіні,

Хромтау.

 

— Айыппұл салуы дұрыс. Мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегені үшін биылға 4536 теңге айыппұл төлету көзделген. Келесі жылы көбеюі мүмкін.

 

Салықтан басым қатты

— Кәсіпкерлікпен айналысамын. Бірақ салықтың не екенін, оның түр-түрін түсінбей қойдым. Шамалы болса да түсініктеме беруді өтінемін. Тікелей және жанама салық дегендер бар екен. Оған салықтың қандай түрлері жататынын түсіндірсеңіздер оң болар еді.

Нұрлан Исаұлы,

Шалқар.

— Салықтар тікелей және жанама болып бөлінеді. Жанама салыққа қосымша құн салығы және акциз жатады. Тікелей салықтар дегеніміз – корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, экспортқа рента салығы, жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдері мен салықтары, әлеуметтік салық, көлік салығы, жер салығы, мүлік салығы, ойын бизнесі салығы, тiркелген салық, бiрыңғай жер салығы (Салық кодексінің 55-бабы).

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 57-92-10; 51-04-13; 8-702-318-04-13

E-mail: sultan.ns@mail.ru

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button