АЭС қауіпсіздігі — қолданатын технологияға байланысты
Гүлнар НҰРМҰХАНОВА,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экология кафедрасының доценті:
— Қазір көпшілік қоятын сауалдың басым бөлігі қауіпсіздікке байланысты. Өте ауқымды сауал болғандықтан маман ретінде өз пікіріммен бөлісе кетейін. Ең алдымен, АЭС экологиялық тұрғыдан не бере алады деп қарастырғанымыз жөн. Тиімділігі — қалдықтардың аз болуы. Мүлдем қалдық болмайды деп те айта алмаймыз. Себебі кез келген кәсіпорынды алсақ, одан шығатын қалдықтар бар. Дәл сол тәрізді АЭС-та да қалдық болады, оның мөлшері едәуір аз. Екіншіден, радиоактивті қалдықтардың шығарылуы технологияға байланысты. Радиоактивті қауіпсіздікті білетін мамандар экологиялық қауіпсіздікке баса назар аударуы, қалдықтарды залалсыздандыруы керек. Осы жерде айтқым келетіні, бұл қалдықтар көлге қайта құйылмайды. Шыққан қалдық “өлі су” болғандықтан, оны әрі қарай өңдеп, қайта қолдануға мүмкіндік те бар. Оның қауіпсіз сақталуы талап етілсе, кері әсері болмайтыны анық.
АЭС үшін қолданылатын III және III+ буын реакторларының қауіпсіздігі жоғары стандарттарға сәйкес келеді және олар апаттардың алдын алу үшін арнайы жүйелермен жабдықталған. Бұл құрылыстың тиімді екенін айтқым келеді. Әрине, қауіпсіздік шаралары сақталмаса, ядролық апаттың болуы ықтимал. Қазір ақпарат тарататын неше түрлі парақшалар да бар. Осының салдарынан қоғамда теріс пікірлер де айтылып жатыр. Ол — қалыпты құбылыс. Дей тұрғанмен жүйелі түрде адамдарды ақпараттандыру қажет. БАҚ өкілдері арқылы халықтың экологиялық сауатын ашуымыз керек. Ол үшін білікті мамандар жанашырлықпен жұмыс істеп, осы мәселелерді шешге ат салысуымыз маңызды деп ойлаймын.