АЭС салу уақыт талабы, оған үлкен дайындықпен баруымыз керек
Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе филиалының ұйымдастыруымен «Ақтөбе Медиа» ЖШС баспасөз клубында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауы, сондай-ақ елімізде атом электр стансасын салу мәселесі жан-жақты талқыланып, түсіндірілді.
Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің төрағалығымен өткен жиынға физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, жоғары дәрежедегі сарапшы Қуанышбек Шүнкеев, Журналистер одағының ардагер-журналистері мен мүшелері қатысты.
Жиын барысында Раукен Отыншиннің айтуынша, журналистер үшін сарапшының пікірін тыңдау маңызды. Өйткені қалам иелері алдағы референдум тақырыбында мақала жариялау арқылы қоғамдық пікір қалыптастырады.
Кездесу барысында спикер тақырыпқа байланысты өз ойын ашық айтып, елімізде атом электр стансасын салудың қажеттілігіне тоқталды.
— Атом электр стансасы бір жылда салынатын құрылыс емес. Бұл нысанды салуға 10-15 жыл уақыт кетуі мүмкін. Елімізде атом электр стансасын салуды өз басым қолдаймын. Бұл жерде тек қана іргелі ғылым емес, бұл — үлкен технология, алға қарай қозғалыс. Ең бастысы — Еуропа елдерімен теңбе-тең келетіндей өзімізде ғылыми-техникалық прогрес болады. Бұл жерде кадр мәселесі басты орында тұр. Қазір елімізде жастар «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып жүр. Бұл жағдайда «Болашақ» бағдарламасына іріктеу мәселесінде жастарды атом электр стансасының құрылысына байланысты мамандандыру жағына басты назар аудару керек деп ойлаймын. Дүниежүзіндегі атом электр стансасының негізгі жұмыс тілі — ағылшын тілі. Сондықтан бұл жерде ескі емес, заманауи атом электр стансасында еңбек еткен, ағылшын тілін жетік меңгерген, технолог, инженер, физик мамандар болуы қажет, — деді өз сөзінде Қуанышбек Шүнкеев.
Сондай-ақ жиында Қазақстанның құрметті журналисі Аманқос Орынғалиев та тақырыпқа байланысты өз ойын ортаға салды.
Кездесу барысында спикерге журналистер тарапынан сауалдар қойылып, нақты жауап берілді.
Арайлым НҰРБАЕВА.