Өз тіліңді құрметте…
Тіл
Ақтөбедегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында Тіл мерекесіне орай «Тіл бірлігі — ел — бірлігі» атты кездесу кеші өтті. Оған тіл жанашырлары, өзге ұлт өкілдері, ардагерлер, ғалымдар қатысты.
Іс-шарада қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері кеңінен талқыланды.
— Халықаралық қазақ тілі қоғамының облыстық ұйымының іс-шаралар жоспарына сәйкес Тіл мерекесі қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай жиындар басталды. Оның басты мақсаты — Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін насихаттау. Алға ауданы Самбай ауылында 1895-1897 жылдары ұлт көсемі дәріс берген мектеп болған. Қазір мектеп ғимаратының орнына жаңа мекеме ашылған, сол жерге ұлт ұстазының құрметіне ескерткіш орнатылған.
Бүгінде облыста тіл үйренем деуші өзге ұлт өкілдеріне арналған 3 орталық жұмыс жасайды. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Мәміле клубында» қазақ тілі тереңдетіліп оқытылады, — деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Роман Рахиев.
Кездесу кешіне қатысушылардың бірі Ализа Қайхарованың айтуынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар көбірек өтуге тиіс.
— Мен қазақ тілін үйреніп жүрген жастарға жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттап жүрмін. Ұлтым — шешен. Университетте оқып жүріп, қазақ тілін оқытатын арнайы курс аштым. Биыл Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетін аяқтап, кәсібімді кеңейттім. Қазіргі таңда топтық және жеке курстарға жазылушыларға қазақ тілін үйретемін. Бұл курста білім алушыларға қазақ тілін үйретіп қана қоймай, оларға өңірімізден шыққан қаламгерлер туралы ақпарат беремін. Басты мақсатым — өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілді орта қалыптастыру. Әдістемелік курс 6 ай ішінде қазақ тілін меңгеруге мүмкіндік береді, — дейді ол.
Іс-шара барысында қатысушылар тіл мәртебесі, қазақ тілін дамытудың маңыздылығы туралы пікір алмасып, диалогтік алаң ұйымдастырды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.