Мәдениет

Отандық мюзикл көрерменге жол тартты

Ақтөбеде отандық «Стоп, ночь!» киномюзиклының көрсетілімі өтті. Оған киномюзиклдің басты рөлінде ойнаған жерлесіміз Кемеңгер Орал және жас актриса Жасмина Нұрахметова қатысты.
Киномюзиклде жас музыканттың тағдыры, өнері мен отбасы арасындағы қиын таңдау суреттелген. Аты аңызға айналған A’Studio тобының әндері желісімен түсірілген отандық кинотуындының режиссеры — Фархад Шарипов.
Отандық киномюзиклде Бейбіт есімді жас музыкант табысты артист болуды армандайды. Еңбекқор жігіт өзінің «Дигидай» тобымен бірге сахнаны сәтті бағындырып, тиімді келісімшарттарға қол жеткізе бастайды. Жүрегі махаббатқа, қуанышқа, амбицияға толы жігіт сүйген қызы Алмаға үйленіп, өмірге сәби келіп, бақытты сәттері еселене түседі. Алайда әншінің өмір жолында Джулия есімді әдемі биші қыз пайда болып, Бейбіттің өмірі түбейгейлі өзгереді. Әрі қарай сюжеті тіптен қызық.
— «Стоп, ночь!» киномюзиклін түсіруге 2 жылдай уақыт кетті. Бұған дейін бірнеше фильмге түстім. Киномюзиклдің алғашқы көрсетілімі туған жерімде өткеніне қуаныштымын. Отандық кинотуындыда Бейбіттің рөлін сомдадым. Киномюзикл Алматы қаласы мен Тайланд мемлекетінде түсірілді.
Мен Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегімін. Бүгінде Алматы мемлекетік қуыршақ театрында қызмет етемін. Алдағы уақытта қазақ киноиндустриясының дамуына өз үлесімді қосқым келеді, — дейді Кемеңгер Орал.
Мюзиклде «Стоп, ночь!», «Джулия», «Солдат любви», «Грешная страсть», «Тик-так», «Еще люблю» сияқты әндер орындалады. Фильм мюзикл жанрында болғандықтан, оған әртүрлі стильдегі 500-ден астам биші қатысқан. Солардың бірі киномюзиклде биші қыздың рөлін сомдаған Жасмина Нұрахметова.
— Мен Алматыда кәсіби хореограф болып жұмыс жасаймын. Балалар мен жасөспірімдерге би өнерін дәріптеп, талантты балалардың өнерін шыңдап келемін. Мюзикл жанрында түсірілген кинода биші қыз Джулияның рөлін сомдаймын. Бұл менің дебюттық рөлім болғандықтан, барынша шынайы ойнауға тырыстым. Ұзақтығы 90 минутқа созылатын кинода A’Studio тобының әндері шырқалды. Бағасын көзіқарақты көрермен бере жатар. Барынша қолдау көрсеткен ақтөбелік көрермендерге алғысым шексіз, — дейді актриса.
«Стоп, ночь» киномюзиклі 5 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық кинотеатрларда көрсетіледі.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button