Спорт

Үлесіміз үш гол болды

Ұлттар лигасы

Словения-Қазақстан — 3:0

Словениямен ойын қарсаңында футбол мамандарының аузынан Қазақстанға қатысты жылы сөз шықпай қойды. «Қазақтар жеңіледі» деді бірауыздан. Тек кейбіреулері ғана сәл жылышырай байқатты. Есеп 2:1 немесе 1:0 болады деген солар ғана. «Е-е, көрерміз» дедік те қойдық. Ақыры көрдік: 3:0 есебімен жеңілдік.

Үш күн бұрын Норвегиямен тең ойнаған, сөйтіп, мақтауларға ие болған абыройымыздан түк қалмады. Жалпы үш күн бұрынғы тамаша ойын қайталануға тиіс деп ойлаған сияқты біздің футболшылар. Бірақ норвегиялық Холланды аттатпай қойған жігіттеріміз бұл жолы Беньямин Шешкоға қарсы ем таба алмады. 23-минутта Максим Самородов көзбе көз айырылып қалған доп уақыт оздырмай Шешконың аяғына келіп ілікті. Ал қақпаға тіке ұмтылған Беньямин қас қағымда біздің үш бірдей қорғаушымызды әуелі Сергей Малыйды, сосын Нұралы Әліпті, оған ілестіре Александр Марочкинді алдап өтіп, жібек торды желп еткізді. Қақпашымыз Игорь Шацкийдің қолы ауа қармап қала берді 0:1.

Арада бес минут өтер-өтпесте, 28-минутта шабуылға Петар Стоянович араласты. Бұл жолы да қорғаушыларымыз әрекетсіз қалды. Бөгет жасаудың ешқандай ебін таппаған қорғаушыларды көктей өткен Стоянович тепкен допты Игорь қайтарғанымен де доп іле Шешконың алдына келіп түсті. Беньямин және бір голды соқты — 0:2.

Келесі гол екінші таймда соғылды. Ислам Чесноков айып алаңының сыртында жүріп словениялық футболшыны шалып құлатты да айып добы белгіленді. Айып добын орындаушы допты тікелей қақпаға қарай әуелете тастады да тағы да Шешко көзге түсті. Не қорғаушы Александр Марочкин, не қақпашы Игорь Шацкий кедергі бола алмаған допты Беньямин баспен соғып қақпаға кірігізіп жіберді — 0:3.

Рас, қонақтар да шабуылдаудың ырымын жасады. Бірақ Ян Облакты қапы қалдыратындай қитұрқы соққылар бола қойған жоқ. Біздің жігіттер не қисық тепті, не тура қақпашының өзін көздеді. Жалпы, неге екені белгісіз, алғашқы турда тәп-тәуір ойнаған жігіттер бұл жолы тұсаулы аттай кібіртіктеді де қалды. Оңтайлы пас берудің реттерін таба алмады. Алдарындағы доптан айырылып қалып жатты. Максим қарсыласына беріп қойған доптың голға айналып кетуі соның бір көрінісі еді. Оның есесіне алаң иелері алғашқы минуттан бастап-ақ ерекше қарқынмен ойнады, біздің жігіттерді тықсырумен болды, еркін соққы жасауларына мүмкіндік бермеді.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов: «Мен мұны трагедия деп ойламаймын. Бас бапкерге не істеу керектігі және алда қандай шешімдер қабылдау қажеттігі анықтала түсті. Словениямен кездесуде біздің ойыншыларға физикалық даярлық жетіспеді, әңгіме тіпті ұзақ уақыт ұшып келгенімізде де емес. Жекеленген ойыншылардың даярлығы нашар болды. Дұрыс сабақ алдық. Алдағы уақытта Черчесов не істеу керектігін жобалайтын болды», — деді.

Словения-Қазақстан — 3:0

Голдардың авторы: Беньямин Шешко, 23-минут (1:0), 28-минут (2:0), 63-минут (3:0).

Қазақстан төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Ян Вороговский, Александр Марочкин, Сергей Малый (Әлібек Қасым, 46-минут), Нұралы Әліп, Марат Быстров ( ​Лев Скворцов, 76-минут), Асхат Тағыберген, Бактиер Зайнутдинов, Рамазан Оразов (Эльхан Астанов, 57-минут), Максим Самородов (Ислам Чесноков, 46-минут), Абат Айымбетов (Айбар Жақсылықов, 76-минут).

Бас бапкер — Станислав Черчесов.

9 қыркүйек 2024 жыл. Любляна қаласы, «Стожице» стадионы, Словения.

Келесі ойынды біздің құрама 10 қазанда сырт алаңда Австриямен өткізеді де, 13 қазанда өз алаңымызда Словенияны қабылдайды.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button