Спорт

Сағынтқан жеңістің оралуы

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 3:0

14-15 қыркүйек күндері Премьер-Лиганың 20-тур ойындары өтті.

12-орында тұрған «Жеңіс» (Астана) Қарағанды қаласында  алғашқы төртікке енуден дәмелі боп тұрған қызылордалық «Қайсарды» қабылдап, жеңіске жетті. 11-орында тұрған «Тұран» ең соңғы орында тұрған «Шахтерді» ұтып, алғашқы ондыққа жақындай түсті.

Алғашқы орын иелеріне келсек, «Астана» «Қызылжарды» ұтып, өзіне аса қажет үш ұпайға ие болса, «Ордабасы» өз алаңында «Атырауды» жеңді. «Елімай» «Тобылды» ұтып, ұпай жөнінен көшбасшымен теңесті, екінші орынға көтерілді. Бұл турда «Қайрат» ойнаған жоқ.

*   *   *

15 қыркүйек күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Жетісу» командасын қабылдады.

Бұл кездесуге жерлестеріміз жаңа бас бапкердің басшылығымен шықты.

«Елімайдан» 0:3 есебімен ұтылғаннан кейін, 6 қыркүйек күні бұрынғы бас бапкеріміз Дмитрий Парфенов қызметімен қоштасқан болатын. Парфенов бұдан әрі команданы ілгері сүйрей алмайтынын өзі де сезген болуы керек, клуб басшылығы да оған одан әрі сенім білдіре алмады.

Сірә, толғағы жетіп тұрған мәселені әрі қарай соза берудің қажеті жоқтығын ұққан басшылық жаңа бапкерді де сайлап отырса керек. Команданың бас бапкері болып Игорь Леонов келді. Сөйтіп, ресейлік бапкердің орнын украиналық бапкер басты.

Жаңа шешім қабылданған бойда И.Леонов қысқаша сұхбат берді. «Команданы жаттықтыру — кез келген бапкердің арманы. Сенім көрсеткені үшін облыс әкімі Асхат Берлешұлы Шахаровқа алғысымды білдіремін», — дей келіп жаңа бапкер негізгі мәселенің ау-жайына тоқталып өтті. «Менің алдыма нақты міндеттер қойылды. 29 қыркүйекте біз Қазақстан Кубогының финалында ойнауға тиіспіз. Алдымызға қойылған міндетті абыроймен орындап шығамыз деп ойлаймын. Дегенмен сол кездесуде «Атыраумен» ойнағанға дейін чемпионатта екі кездесуіміз бар. Осы кездесулерде жеңіске ие болып финалға көтеріңкі көңіл күймен келуді мақсат етіп отырмыз. Әрине, жарақат алып қалған ойыншыларды қалпына келтіруіміз керек. Финалдық ойынға қатыса алмайтын Кикидің орнына лайықты ойыншыны таңдауымыз керек», — деді ол.

*   *   *

Ойын басталысымен «Ақтөбе» етек-жеңін жинақы ұстап, қайткенде де жеңіске ие болуы керектігін аңғартты. Бұған дейін қатарынан төрт кездесуде жеңіске жете алмаған команданың мұнысы түсінікті де еді. Дегенмен алаң иелері ұтыссыз ойнап келеді екен деп жетісулықтар қол көтеріп шыға келе ме? Әрине, жоқ.

Қонақтар да қарап қалмады. Бірінші таймда қақпаларын құлыптап-ақ ұстады. Біздің жігіттерді допты оңтайлы пайдалануға жібермеуге тырысты. Шалып құлатты. Әйтсе де жерлестеріміз тартысты таласпен алғашқы голды өткізді. 37-минутта қарсыластардың қақпасы алдына доп әуелете тасталды да, сол жерде жүрген Дмитрий Бессмертный оны баспен қақпаға қарай бағыттады, тап осы маңға келе қалған Фредди Гондола сол сәтте бұл допты және тура баспен соғып одан әрі қақпаға сіңіріп жіберді — 1:0.

Бұрын бір допты салып алған соң ойыншыларымыз оны еселеуге асықпайтын. Сөйтіп жүргенде уақыт та жылжи беретін, шабуылшылардың тәбеті де бәсеңсіп қалатын. Жанкүйерлердің ұран-айқайына мән берілмейтін секілді еді. Шынын айтқанда, ойыншылар да шалдығып қалатын. Солайша әрі итеріп, бері жығып жүргенде қарсылас команда ыңғайын тауып бір гол өткізетін де кездесу тең аяқталатын. «Атырауға» Богдан Вэтэжелу, «Қайсарға» Арман Кеңесов, «Ордабасыға» Хосе Севальос соққан голдардың одан арғы тағдырлары осылай болған. Ал «Елімайға» 3-минутта Әлібек Қасым соққан гол, масқарасы сол — қарсы соғылған үш голдың мазағына айналғаны да бар. Бұл жолы осыны мықтап ескерген болуы керек, жігіттеріміз «темірді қызған кезінде» соқты. Кезекті шабуыл барысында Уче Агбо арқылы аяғына келе қалған допты Жан Жайро сәл ілгері жүріп барып, өзіне ыңғайлап алды да, шұғыл соққы жасады. Зырлаған күйі қақпаның оң бүйіріне аунап түскен допқа қақпашы Арсен Сикуаев еш айла жасай алмай қалды — 2:0.

Бұл ойынның 44-минуты еді.

Осымен бірінші тайм аяқталды.

Екінші таймда, қанша дегенмен, Қайрат Нұрдәулетовтің жігіттері жігеріне міне алмады. Сірә, алаң иелерінің қарқынынан сескеніп қалса керек. Ал біздің жігіттер шабуылдаудан танбады. Ақыры үшінші гол да соғылды. 75-минутта бұрыштамаға кезек берілді де, сол жерден Амаду Думбия әуелете жеткізген допты Әлібек Қасым шалт қимылмен баспен соқты, көз ілеспес жылдамдық дегеніңіз осы шығар, бұл ретте де қарсыластар қақпашысына ешкім кінә таға алмады — 3:0.

Сонымен, «Ақтөбенің» жаңа бапкері Игорь Леоновтың алғашқы қадамы сәтті болды. Егер осының алдындағы төрт кездесуде төрт доп қана соғуға шамамыз әзер жетсе, мына бір ойында үш доп соғуымызды, бәлкім, жаңа бапкердің ойын тактикасына енгізген жаңалығының нәтижесі деп тануымыз керек шығар.

Осылайша «Ақтөбе» турнир кестесінде қайтадан бірінші орынға көтерілді.

Дегенмен келесі турда Қостанайда «Тобылмен» кездесетінімізді де ұмытпауымыз керек. Өзімізбен иық тіресіп тұрған командалардың қай қайсысы да қалған ойындарға бар күшін сарқа жұмсайтыны, әрине, бөлек әңгіменің еншісі.

«Ақтөбе»-«Жетісу» — 3:0

Гол авторлары: Фредди Гондола, 37-минут (1:0); Жан Жайро, 44-минут (2:0); Әлібек Қасым, 76-минут (3:0).

Ескерту қағазын алғандар: Әділхан Таңжарықов, 40-минут, Амаду Думбия, 49-минут, Бағдат Қайыров, 59-минут («Ақтөбе»), Гиа Чадунели, 66-минут, Асхат Балтабеков​, 90+2 минут («Жетісу»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Дмитрий Бессмертный (Леонел Струмия, 67-минут), Әлібек Қасым, Габи Кики, Богдан Вэтэжелу, Бағдат Қайыров, Әділхан Таңжарықов (Арман Кеңесов, 81-минут), Уче Агбо, Амаду Думбия (Ыдырыс Умаев, 81-минут), Жан Жайро, Фредди Гондола (Дорни Ромеро, 63-минут).

Бас бапкер — Игорь Леонов.

15 қыркүйек 2024 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Жеңіс»-«Қайсар» — 1:0

«Тұран»-«Шахтер» — 2:1

«Астана-«Қызылжар» — 2:1

«Елімай»-«Тобыл» — 2:1

«Ордабасы»-«Атырау» — 1:0

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5 гол;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 5;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4;

Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3;

Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 3,

Габи Кики, қорғаушы — 2;

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,

Хосе Севальос, жартылай қорғаушы — 2;

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Матео Барач, қорғаушы — 1;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;

Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;

Арман Кеңесов, қорғаушы — 1;

Фредди Гондола, шабуылшы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 19 кездесу өткізіп, 9 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 3 рет жеңілді. Ұпай саны — 34. Доп айырмашылығы — 32-19.

*   *   *

20-турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

  1. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 34 ұпай;
  2. «Елімай» (Семей) — 34 ұпай;

3.«Ордабасы» (Шымкент) — 33 ұпай;

  1. «Қайрат» (Алматы) — 32 ұпай;
  2. «Қайсар» (Қызылорда) — 25 ұпай;
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 24 ұпай;
  4. «Астана» (Астана) — 24 ұпай;
  5. «Атырау» (Атырау) — 23 ұпай;
  6. «Жетісу» (Талдықорған) — 20 ұпай;
  7. «Қызылжар» (Петропавл) — 19 ұпай;
  8. «Тұран» (Түркістан) — 16 ұпай;
  9. «Жеңіс» (Астана) — 13 ұпай;
  10. «Шахтер» (Қарағанды) — 9 ұпай.

*   *   *

21-тур ойындары

21 қыркүйек, сенбі

«Атырау» — «Жеңіс»

«Қайрат» — «Қайсар»

22 қыркүйек, жексенбі

«Тұран» — «Қызылжар»

«Шахтер» — «Елімай»

«ТОБЫЛ» — «АҚТӨБЕ»

«Ордабасы» — «Астана»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button