Жаңалықтар

«Бауырлас елдердің ынтымақ-бірлігін нығайта түседі»

8 қыркүйекте Елордадағы «Астана Арена» стадионында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті.

Алдымен үлкен экранда «Қош келдіңіздер!» деген сөз көрінді. Сосын Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы ортаға шығарылып, Әнұран орындалды.

Салтанатты жиынға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Ресей Федерациясынан Татарстан және Саха Республикаларының басшылары Рустам Минниханов пен Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Намбарын Энхбаяр сынды мәртебелі қонақтар қатысты.

Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған жиында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы мен дүбірлі доданы ұйымдастыруға атсалысқан жандарға алғысын жеткізді.

Қазақстан көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға көп күш жұмсады. Бұл қазақ халқының күш-қуатын, дәстүрге адалдығын айқын көрсетті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бауырлас елдердің ынтымақ-бірлігін нығайта түседі, — деді ол.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ашылуында3 мың өнерпаз, оның ішінде белгілі әншілер, еліміздің түрлі өңірінен мәдениет саласының өкілдері өнер көрсетті. Олардың арасында әлемге әйгілі әнші, жерлесіміз Димаш Құдайберген мен Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан мен Қырғызстанның Халық артисі Роза Рымбаева да болды. Димаш Құдайберген «Киелі мекен» әнін орындады.

Салтанатты шараны 20 мың көрермен тамашалады.Сондай-ақ «Қазақстан», «Қазспорт», «Хабар», «Ел арна», «Jibek Joly», «Silk Way», «Sport Plus» арналарымен қатар, Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түрікменстанның мемлекеттік арналары тікелей эфирде көрсетті.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары тарихында халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынған. Жалпы, БАҚ-қа арналған аккредитацияға 64 елден 1185 өтінім түскен.

Ұлы Дала дүбірі ұранымен өтіп жатқан Ойындар аясындағы жарыстар елордадағы «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені секілді нысандарда өтеді.

Бұдан бұрын айтқанымыздай, халықаралық іс-шараға 1,5 мың ерікті тартылған.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button