Басты жаңалықтар

Облыс әкімі егін жинауды жеделдетуді тапсырды

Өңірімізде егін жинау науқаны басталғаннан бері 90,2 мың гектар дәнді дақыл жиналды. Бүгінгі таңда ақтөбелік фермерлер 117,6 мың тонна өнімді қамбаға құйды. Бұл — жоспардың 22,4 пайызы. Орташа өнімділік — гектарына 13,0 центнер.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен кеңесте өңірде егін жинау науқанын өткізу мәселелері қаралды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, облыстағы биылғы егістің жалпы ауданы — 677,2 мың гектар, мұнда 403 мың гектар дәнді дақыл, 48,4 мың гектар майлы дақыл, 220,5 мың гектар жемшөп дақылдары, тағы 2,8 мың гектар картоп және 2,5 мың гектар көкөніс егілді.

Егін жинауға 1,5 мың трактор, 700-ге жуық комбайн, 800 трактор тіркемесі және 500-ге жуық жүк көлігі қатысады. Күзгі дала жұмыстарына 7,4 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Бұл көлем аймақтың қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етеді.

Астықты сақтау үшін сыйымдылығы 685,1 мың тонна 7 астық қоймасы және сыйымдылығы 304,1 мың тонна фермерлік қожалықтардың қоймалары бар. Қазіргі уақытта элеваторларда 75 мың тонна астық (оның ішінде 64 мың тонна бидай) сақталады, жүктеме — жалпы қуаттың 19,7 пайызы. Оның ішінде 34,5 мың тонна астық — жаңа өнім.

— Шілде-тамыз айларында жауын-шашынның ұзаққа созылуына байланысты дәнді дақылдар біркелкі піспеді, бұл фермерлерге жаппай егін жинауға мүмкіндік бермеді. Егін жинауды алдағы күндері бастау жоспарланып отыр. Жалпы ауа райынан басқа егін жинау жұмыстарын уақтылы аяқтау бойынша проблемалық мәселелер жоқ, — деп атап өтті Құсайын Сәрсембай.

Бүгінгі таңда 90,2 мың гектар дәнді дақыл жиналды. Бұл — жоспардың 22,4 пайызы. Осыны ескерген облыс әкімі егін жинау қарқынын жеделдетуді тапсырды. «Қазгидромет» облыстық филиалының мәліметінше, қыркүйекте созылмалы жауын-шашын болмайды.

«Егін жинауға уақыт бөліп қана қоймай, аз шығынға ұшырау да маңызды. Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін жеңілдікті дизель отынының қажетті мөлшері бөлінді, ауыл шаруашылығы техникасының жеткілікті саны жұмылдырылды. Егін жинауды өзгелерден бұрын аяқтаған қожалықтар басқаларға техника жағынан көмектесу керек.  Элеваторлар астықты қабылдау үшін тәулік бойы жұмыс істеуге тиіс», — деді өңір басшысы Асхат Шахаров аудан әкімдеріне.

Өңір басшысы аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және егін жинауды бақылауға алуды тапсырды.

Кеңес барысында келесі жылдан бастап көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдетілген қарыздар беру туралы мәселе көтерілді. Бұдан басқа «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 2025 жылдан бастап «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде осы жұмыстарды жүргізуге қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Қаржыландыру «Аграрлық кредиттік корпорациямен және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен ынтымақтастықта жүзеге асырылады.

«Кең дала» бағдарламасы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қолайлы шарттармен несие алуға мүмкіндік береді, бұл маусымдық жұмыстарды жүргізуді айтарлықтай жеңілдетеді.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button