Басты жаңалықтарСу тасқыны

Қобдадағы қоныстой

Біз біргеміз!

Конституция күні Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккен 117 отбасы жайлы, жаңа үйдің кілтін алды. Қобда ауылында 100 үй, одан бөлек Жарық ауылында тағы 17 үй Болат Өтемұратов қорының қолдауымен салынды. Қобда ауданы бойынша көктемгі су тасқыны кезінде 288 үй суға кетіп, 155-і жарамсыз деп танылды. Аудан бойынша 133 үй бөлінген қаражатқа қайта жөнделді. Сондай-ақ тұрғындар өз қалауымен 8 дайын үйге көшіп барды. Барлығы 147 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 117-сі  халық игілігіне берілді.

Аумағы 80 шаршы метрді құрайтын әр үй заманауи қондырғылармен жабдықталған.Салтанатты іс-шарада жаңа қоныс иелеріне кілт тапсырған облыс әкімі Асхат Шахаров апаттан зардап шеккендерге мемлекет пен жеке кәсіпкерлерден көмек уақтылы берілгенін атап өтті.

Біз тасқын судан кейін басымызға түскен қиындыққа қол ұшын созған  кәсіпкерлерге облысымызды қалпына келтіруге қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз. Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыс нәтижесі қиын кезеңдерде бірігудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қалыпты өмірге оралған жаңа қоныс иелерінің қуанышы біздің өңіріміздің игілігі үшін әрі қарай ынтымақтастықта жұмыс істеуге жігерлендіреді, — деді ол.

Қобда ауданында біраз жылдан бері тұрып жатқан үш баланың анасы Гүлсінай Жаманбаева айтып келмейтін апат кезінде қолдау көрсеткен жанашырларға ризашылығын білдіріп, өз әсерімен бөлісті.

Жылдың басы қобдалықтар үшін ауыр сынақпен басталды. Су тасқыны кезінде үйдің ішіне кірген су 20 сантиметрге дейін көтерілді. Біз қолымызда бар дүниемізді бір сәтте жоғалттық. Жаңа пәтердің кілтін алғанша пәтер жалдап тұрдық. Анамның үйі де суға кетті. Меценаттар мен мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа үйге кіріп жатырмыз. Көрсетілген көмекке дән ризамыз. Үйдің іші кең әрі жарық. Құрылыс процесін бақылап, басы-қасында болдық. Үйімізде жылыту және санитарлық тораптарды қоса алғанда, жайлы өмір сүру үшін бәрі бар, — деді ауыл тұрғыны.

Ал 65 жастағы қобдалық Алтын Байдилдина қиын кезде қолдау көрсетіп, су тасқыны кезінде ауласын су басқан тұрғындардың үйлерін аралап, құтқарушылармен, еріктілермен тығыз байланыста жұмыс жасаған аудан әкімшілігіне алғысын айтты.

Былтыр да үйім суға кеткен еді. Жөндеу жұмыстарын жасап, жаңа жиһаздар сатып алған едік. Алайда биылғы су тасқыны кезінде барлығы жарамсыз болып қалды. Міне, аз уақыттың ішінде баспаналы болдық. Егер бір-бірімізді осылай қолдайтын болсақ, еліміз тұрақты дамиды. Жаңа үйімізге қажетті жиһаздарды орналастырып, бір-екі күнде қоныстойын жасаймын, — дейді ол.

Жалпы алғанда, Болат Өтемұратов қорының компаниялар тобы Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде шамамен 12,5 млрд теңге бөлді, оның 10 млрд теңгеден астамын қайырымдылық қоры берді, ал «Кар-Тел» және RG Gold компаниялары әрқайсысы 1 млрд теңгеден үлес қосты.

Біз әрқашан қиын сәттерде адамдарға қолдау көрсетуге тырысамыз. Баспанасыз қалу — кез келген адам үшін ауыр сынақ. Біздің міндетіміз жайлы және сапалы үйлерді уақтылы салу ғана емес, сонымен қатар адамдардың қалыпты өмірге оралуына, болашаққа деген сенімділікті қалпына келтіруіне көмектесу болды. Таяу күндері қор тағы да 30 үйдің кілтін табыстайды, бұл облысымызда 400-ден астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жобаны толығымен аяқтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін өңір тұрғындарына Ақтөбе қаласынан 106 пәтер және облыстың түрлі аудандарынан 162 үй берілген еді, — дейді Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағанбетов.

Салтанатты іс-шарадан соң облыс әкімі Асхат Шахаров пен Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов Қобда ауылында кілттері тапсырылған үйлерді аралап шықты. Қиын кезеңдерді бастан өткерген жаңа қоныс иелеріне сабыр сақтап, шыдамдылық танытқандары үшін алғысын білдіріп, баспаналарына құтты болсын айтты. Тұрғындар өз кезегінде жаңа үйлері үлкен әрі жайлы екенін тілге тиек етті. Меймандарға үлкендер жағы ақ батасын берді.

Сол күні Қобда ауданы Жарық ауылында да көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарға 17 баспананың кілтін өңір басшысы Асхат Шахаров пен Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов табыстады. Құттықтау сөзінде өңір басшысы Жарық ауылының тұрғындары бірліктің үлгісін көрсете білгенін атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес, әрбір ауыл тұрғыны көмексіз қалған жоқ.

Осыдан үш ай бұрын Жарыққа келгенімде сіздермен жүздесіп, біраз мәселені талқыладық. Су тасқынының салдарын жою бойынша жоспар құрған едік. Қолға алған сол жұмыстар нәтижесін берді. Ауызбіршіліктің арқасында қиындықты еңсере отырып, Президент тапсырмасы ауылда толық орындалды деп айтуға болады, — деп атап өтті Асхат Шахаров.

Жаңа баспаналы болғандардың бірі Жарық ауылының тұрғыны Бақтияр Құстанаев. Ол біраз жылдан бері «Жарық» шаруа қожалығын басқарады.

Мереке күні аумағы 80 шаршы метрді құрайтын заманауи қондырғылармен жабдықталған үйдің кілті табысталды. Ауылдықтар бұл күнді асыға күтті. Себебі қаншама адам су тасқыны кезінде мал-мүлкінен айырылып, баспанасыз қалған еді. Қысылтаяң сәтте қолдау көрсеткен барша ақтөбеліктерге алғысым шексіз. Су тасқыны кезінде үйімнен бөлек, жеке шаруа қожалығым да суға кетті. Жеке шаруа қожалығымда 150 бас ірі қара бар еді. Шығын көлемі 8 миллион деп есептелді. Мемлекет тарапынан шығын көлемі толықтай өтеліп, бүгінде шаруа қожалығын қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Игілікті іске жұмылып, қолдау көрсеткен еліме ризамын, — деді ол.

Қуанышты күні баспаналы болғандарға Қобда аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері шағын сый-сияпаттарын табыстаса, ауыл тұрғындарынаның атынан Бақтияр Құстанаев құрылысшыларға сыйлықтарын берді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, су тасқыны болған сәттен бастап игі іске жаны құмар адамдар қобдалықтарға барынша көмек көрсетуге тырысты. Әсіресе ауыл тұрғындары төсек-орын жабдықтары мен киім-кешектерге мұқтаж еді. Сондықтан су жаңа заттарды жиналған қаражатқа сатып алып, тасқын судан зардап шеккендерге көмектестік. Төтенше жағдай жарияланғанша ауыл тұрғындарын тегін тамақтандырдық. Тіпті қаладан ауылға арнайы көлік жалдап азық-түлікпен қамтамасыз еткен еріктілер де болды. Одан бөлек азық-түлік, шаруашылық заттарын Қобда аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері мен волонтерлер уақытында жеткізіп отырды. Ойламаған жерде, баспанасынан айырылған тұрғындарға да барынша қолдау көрсеттік. Бүгінде, міне, бар қиындық артта қалып, ауылдықтар баспаналы болды. Салтанатты жиында Қобда аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері атынан баспаналы болғандарға тұрмысқа қажетті заттарды табыстадық, — дейді аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Әсия Әбрешова.

Бүгінде Жарық ауылдық округінде 40 шаруа қожалығы тіркелген. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 87 мың 262 гектарды құрайды. Округте 537 адам тұрады.

Ауылдық округ құрамында 4 елді мекен, 140 аула бар. Жарық ауылындағы құрылыс жұмыстарын «АймарGroup» ЖШС, «ПроектСтройГеология» ЖШС сияқты екі мердігер компания жүргізді.

— Жарық ауылында 2 мердігер үш айдың ішінде 17 үйдің қабырғасын көтеріп, төбесін жапты. Бүгінде Жарық ауылындағы 80 шаршы метрді құрайтын үйлердің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарында екі бригада аянбай қызмет етті. Құрылыс нысандарына материалдар уақтылы жеткізіліп отырды. Барлығы — отандық өнім. Үйлерге электр, газ, су желілері тартылды, — дейді «АймарGroup» ЖШС директоры Дулат Әміржанов.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button