Мереке

Кеншілерге құрмет

Елімізде тамыз айының соңғы жексенбісінде кеншілердің кәсіби мерекесі атап өтілетіні белгілі. Мереке қарсаңында облыс әкімі Асхат Шахаров елдің көмір өнеркәсібі мен шахта құрылысын дамытуға айтулы үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградаларды тапсырды.

Өңір басшысы құттықтау сөзінде экономикамызды арттыруға елеулі үлес қосып отырған саланың маңыздылығына тоқталды.

— Бұл сала Қазақстан экономикасының тірегіне айналып, мемлекеттің қуатын арттыруда ерекше орын алады және өңіріміздегі индустрия саласының басты қозғаушы күші. Кен өндіру саласының облыс өнеркәсібіндегі үлесі 20 пайыздан асады, бұл — өңір үшін үлкен көрсеткіш. Компаниялар жыл сайын жаңа технологияларды белсенді енгізуде. Өнеркәсіптік қауіпсіздік, басқару жүйесі мен өндіріс көлемін арттыруға бағытталған жаңғырту жобаларын тұрақты жүзеге асырып отырады, — деді Асхат Шахаров.

Аймақта тау-кен саласында Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Ақтөбе мыс компаниясы», «Восход Ориель» және «Алтынэкс Компани» секілді компаниялар жұмыс істейді. Жыл сайын өңірде 6 млн тоннаға жуық хром кені, 1 млн тоннадан астам мыс кені және 4 миллионға жуық мыс-мырыш кені өндіріледі. Ал өндірісте 12 мыңға жуық жерлесіміз табысты еңбек етіп жүр.

Салтанатты марапаттау рәсімінде «Құрмет» орденімен — «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинаты машинисінің көмекшісі Игорь Плохов, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен — «AltynEx Company» АҚ қызметкері Самат Анарбаев, «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатының электрслесарі Владимир Гайто және осы комбинаттың көлік жүргізушісі Мырзагелді Исенгалеев, электр және газ дәнекерлеушісі Уәлихан Шынтеміров, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС «Весенне-Аралчинское» кенішінің учаске басшысы Евгений Ливицкий, «Ерен еңбегі үшін» медалімен— «AltynEx Company» АҚ слесарі Дархан Әділмағамбетов, «Восход-Oriel» ЖШС машинисі Руслан Байтурин, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС «Весенне-Аралчинское» кенішінің ұңғылаушысы Владимир Величко және осы кеніштің машинисі Манас Сәкенов наградталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button