Білім

Алғашқы қоңырау соғылды

Білім күні облыстың барлық мектебінде «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбы аясында алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Биыл қала бойынша 110 585 оқушы жаңа оқу жылын бастаса, 11 278 оқушы бірінші сыныпқа барды.

Биылғы алғашқы қоңырау 1 және 11-сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет №39 қазақ орта мектебінің ұстаздары мен оқушыларын құттықтауға арнайы келді.

— Мемлекет басшысы білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл саланы жаңғырту бағытында қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Оқу үдерісіне инновациялық технологиялар енгізіп, мектептер күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен жаңарып келеді. Балаларымыздың жақсы білім алып, жан-жақты дамуы үшін басым бағыттарға көңіл бөлініп отыр. Биылғы оқу жылы баршамызға құтты болсын, деді қала әкімі.

Жаңа оқу жылын лицей мәртебесімен бастап жатқан білім ордасы 120 оқушыны 1- сыныпқа қабылдаған. Ал 75 оқушы мектеп бітіреді.

—Балалардың осы мектепте оқуға деген белсенділіктері жоғары. Бұған дейін жаңа қабылданатын балалардың ата-аналарымен жиналыс өтті. Ата-аналар мектеп жұмысымен, оқу бағдарламасымен және оқу кабинеттерімен, сабақ кестесімен танысты. Биыл мектебімізде екінші мәрте мамандық алу бойынша республикалық көлемде  эксперимент жүріп жатыр. 10-11 сынып оқушылары аптаның екі күнінде колледждерге барып, оқитын болады. Былтыр 25 бала оқуға өтініш білдірсе, биылғы оқу жылында 50 бала қабылданып отыр. Шәкіртақы тағайындалған оқушылар да бар. Олар автослесарь, тігіншілік мамандығын алып шығады. Сондай-ақ облыстық көлемде қолдау тапқан, ерекше балаларға домбыра үйрету жөнінде жаңа жоба қолға алынды. Арнайы құрылған оқу бағдарламасына сәйкес ерекше балалар енді домбыра тартатын болады. Сонымен қатар мектеп бойынша 6 жоба жұмыстары жүргізіліп, қорғалды. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі жанынан құрылған мектепішілік жобамыз бар. Дүниежүзі бойынша инсульт ауруларының алдын алу бойынша 2- сынып оқушыларына арналған жобамыз республикалық дәрежеде І орынды иеленсе, әлем бойынша 20-орынды еншіледі. Енді осы оқу жылында бұл жобаны барлық бастауыш сыныпқа енгізу жоспарда бар. Жобаның мақсаты — үйдегі үлкендердің отбасы мүшелерінің ауру белгілерін алдын ала байқауға дайындау. Былтырғы оқу жылының нәтижесі жақсы болды. Мектеп бітірген 57 оқушының 31-і мемлекеттік грант иегері атанды. Биылғы оқу жылында 3 оқушы — «Алтын белгіге» үміткер. Дайындықты бастадық, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз, деді мектеп басшысы Ақгүл Кисикова.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button