Пікір

Еңбек адамының мәртебесін көтеру — ең маңызды мақсат

Алтынбек ӘМІРҒАЛИЕВ,
облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған жаңа бастамалардан тың нәтижелер күтеміз. Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялай келе: «Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек», — деп атап өтті.
Елімізде Жұмысшы мамандықтары жылының жариялануы — өте маңызды бастама. Жұмысшылардың еңбек құқығын қорғайтын бірден-бір іргелі қоғамдық ұйым — кәсіподақтар еңбек адамының мәртебесін көтеруге арналған бастамаларды жүзеге асыруға әрдайым атсалысады. Жұмысшылар үшін еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, олардың лайықты жалақы алуын қамтамасыз ету, әл-ауқатын одан әрі жақсарту жолында жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестік аясындағы ұжымдық шарттар арқылы бірқатар кепілдіктерге қол жеткіздік.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясының да биылғы жылды «Лайықты еңбек жылы» деп атап, еңбек адамдарының қоғамнан лайықты орын алуына бағытталған бастамаларды қолға алғанын айтып өткім келеді. Осы орайда Мемлекет басшысының: «Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» — деген сөзі алдағы жұмыстарымызды одан әрі жандандыра түсуге серпін береді.
Сонымен қатар 6 қазанда атом электр стансасын салуға қатысты жалпыұлттық референдум өтеді. ҚРКФ-ның атқару комитеті Қазақстанның еңбек ұжымдарын осы бастаманы белсенді түрде қолдауға шақырған үндеу қабылдаған болатын. Кәсіподақтар Федерациясы елімізде атом электр стансасының құрылысына батыл қолдау білдіріп отыр. Себебі экономика дамыған сайын, мол энергия қажет. Президент атап өткендей, «Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр».
Сондай-ақ Қазақстанда Үлбі металлургия зауытында ядролық технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар.
Мен бұл Жолдауды қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған оң әрі батыл қадамдардың заңды жалғасы деп білемін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button