Мереке

Кеншілер құрметке бөленді

Елімізде тамыз айының соңғы жексенбісінде кеншілер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров мереке қарсаңында елдің көмір өнеркәсібі мен шахта құрылысын дамытуға айтулы үлес қосқан азаматтарға ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген мемлекеттік наградаларды табыстады.

Алдымен өңір басшысы ақтөбелік кеншілерге жылы лебізін білдірді. Құттықтау сөзінде экономикамызды арттыруға елеулі үлес қосып отырғанын саланың маңыздылығына тоқталды.

Аймақта тау-кен саласында Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Ақтөбе мыс компаниясы», «Восход Ориель» және «Алтынэкс Компани» секілді компаниялар жұмыс істейді. Жыл сайын өңірде 6 млн. тоннаға жуық хром кені, 1 млн тоннадан астам мыс кені және 4 млн-ға жуық мыс-мырыш кені өндіріледі. Ал өндірісте 12 мыңға жуық отандасымыз табысты еңбек етіп жүр.

«Бұл сала – Қазақстан экономикасының тірегіне айналып, мемлекеттің қуатын арттыруда ерекше орын алады және өңіріміздегі индустрия саласының басты қозғаушы күші. Кен өндіру саласының облыс өнеркәсібіндегі үлесі 20 пайыздан асады және өңір үшін үлкен көрсеткіш. Компаниялар жыл сайын жаңа технологияларды белсенді енгізуде. Өнеркәсіптік қауіпсіздік, басқару жүйесі мен өндіріс көлемін арттыруға бағытталған жаңғырту жобаларын тұрақты жүзеге асырып отырады», – деді Асхат Шахаров.

Салтанатты марапаттау рәсімінде «Құрмет» орденімен – «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинаты машинисінің көмекшісі Игорь Плоховты, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен – «AltynEx Company» АҚ жарушысы Самат Анарбаев, «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатының электрслесарі Владимир Гайто және осы комбинаттың көлік жүргізушісі Мырзагелді Исенгалеев, электр және газ дәнекерлеушісі Уәлихан Шынтеміров, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС «Весенне-Аралчинское» кенішінің учаске бастығы Евгений Ливицкийді«Ерен еңбегі үшін» медалі – «AltynEx Company» АҚ слесарі Дархан Әділмағамбетов, «Восход-Oriel» ЖШС машинисі Руслан Байтурин, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС «Весенне-Аралчинское» кенішінің ұңғылаушысы Владимир Величко және осы кеніштің машинисі Манас Сәкеновтінаградтады.

Айта кетейік, кәсіби мереке ресми түрде 1947 жылдың тамызында бекітілген. Тәуелсіз Қазақстанда ол Кәсіби мерекелер тізбесіне 2003 жылғы қарашада енгізілді.

Н.ДАБЫЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button