«Ескерткіш — ел тарихы»
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ескерткіш — ел тарихы» атты акция ұйымдастырылды. Іс-шараға волонтерлер, белсенді жастар мен депутаттар қатысты.
Табиғат жанашырлары алдымен Ахмет Жұбанов атындағы мемориалды ескерткіш маңын күл-қоқыстан тазалады. Олар ескерткішті жуып қана қоймай, гүлзарларды көркейту жұмыстарына атсалысты.
— Ең алдымен «Таза Қазақстан» акциясына атсалысқан ақтөбеліктерге шексіз алғысымды білдіремін. Жастардың экологиялық білімін арттыру, туған қаласының табиғатына қамқорлық көрсетуге тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылғаны жөн. Қала тазалығы әрбір шаңырақтан басталуға тиіс. Осы уақыт ішінде қала аумағында 16 рет экологиялық акция өткізіліп, 5000 тоннаға жуық қоқыс полигонға жөнелтілді, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин.
Экологиялық акцияға қатысқандар арасында Қ.Жұбанов университетінің жанынан құрылған «Жұбанов жылуы» волонтерлік тобының мүшесі Алмат Жанаев та бар.
— Тазалық бәрімізге керек. Волонтерлер аз уақыттың ішінде қаламыздағы ескерткіштерді жуып, тазалады. Гүлзарлар абаттандырылып, Астана ауданына қарасты аумақ тазарып қалды. Қала тұрғындары мен қонақтары тазалыққа атүсті қарамай, аула аумағын таза ұстаса деген тілегім бар, — дейді волонтер.
«Ескеркіш — ел тарихы» акциясы интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш-обелиск және саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында жалғасты.
«Жас Инвест» жастар ұйымының белсенділері ескерткіш аумағын қоқыстардан тазартса, мердігер ұйымдар жарылған плиткаларды ауыстыру жұмыстарын жүргізді. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарын «ALI Group ST» ЖШС жүргізді.
— Ескерткішті қалпына келтіру жұмыстары шілде айында басталды. Оған 11 адамнан жасақталған екі бригада жұмылдырылды. Ең алдымен, ескерткіштің гранит тастары қайта өңдеуден өтті. Жалпы жөндеу жұмыстарына 50 текшеден астам бетон өнімдері мен гранит пайдаланылды, — дейді «ALI Group ST» ЖШС директоры Қайрат Қайыржан.
Ескерткіштер аумағын жөндеу, абаттандыру мен тазалау акциясы облыстың барлық ауданында өтті.
Ақтөбе облысында мемлекеттік тізілімге енгізілген барлығы 863 ескерткіш бар. Оның 9-ы — республикалық, қалғандары — жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Археологиялық ескерткіштер — 669, монументалды өнер ескерткіштері — 58, қала құрылысы және сәулет ескерткіштері — 87, ансамбльдер — 6, киелі нысандар — 43. Бұдан өзге тарихи-мәдени мұра объектілерін алдын ала есепке алу тізімінде 1431 нысан тіркелген.
Жастар өзен жағалауын тазартты
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын аясында Ақтөбе су қоймасында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастырумен тазалық акциясы өтті. Аталған іс-шараға «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары, облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары және волонтерлер қатысты.
— Біз әрқашан арнайы бекітілген кестеге сәйкес тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Тазалық жұмыстарына «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары, студенттер қатысып, белсенділік танытты. Экологиялық акцияға 50-ден астам қала тұрғыны қатысты. Олар Ақтөбе су қоймасы маңайын күл-қоқыстан арылтып, сынған ағаштарды жинады. Осы жолы ұйымдастырылған экологиялық акцияға тиегіш техникалары жұмылдырылып, 60 қап қоқыс қалдықтары шығарылды. Ауа райы қолайсыздық танытпаса, бұл акция жалғасын табады, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының жастар жастамаларын қолдау және ұйымдастыру бөлімінің маманы Жоламан Асанұлы.
Экологиялық акцияға қатысқандардың бірі Дильназ Серікбаева тазалық жұмыстарына жиі қатысатынын айтады.
— «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесімін. Осы еңбек жасағына келгелі қаламыздағы ірілі-ұсақты өзендерде «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Ардагерлерді ардақтайық» секілді акцияларға белсене қатысып келемін. Бұл, бір жағынан, жастарды еңбекке баулу, екінші жағынан, оларға әлеуметтік көмек беру мақсатында қолға алынған бастама деп білемін. Жасақ мүшелері осындай экологиялық акция арқылы қоршаған ортаға, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға дағдыланады, — дейді еңбек жасағының мүшесі.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.