БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу жылы: ерекшеліктер мен міндеттер

Сабақтың басталуына санаулы күндер қалды. Облыстағы 433 мектептің 180 мыңнан астам оқушысы біліммен сусындау үшін қайтадан парталарына отырады.Оның 18мыңнан астамы —  мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған бірінші сынып оқушылары.

Жаңа оқу жылында оқушыларды, олардың ата-аналарын және мұғалімдерді не күтіп тұр? Не өзгереді?

Облыстың бас ұстазы Жайық Сұлтан облыс мұғалімдерінің тамыз кеңесі барысында білім беру жүйесіндегі жаңалықтарға жеке-жеке тоқталып, кәсіби көшбасшыларды қалай дайындайтынын, оқушылардың оқу үлгерімін арттыру, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да мәселелерді таратып айтты. 

Кадрлық резерв жасақталып жатыр

Жайық Сұлтан ең алдымен білім сапасы ұстаздың біліктілігі мен еңбегіне байланысты екендігін атап өтті. Ол педагогикалық кадрлардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, оларды қайта даярлау үшін 62 жаңа білім беру бағдарламасы әзірленгенін айтты. Биыл 6912 мұғалім біліктілігін арттыру курстарынан өтеді. Оның 60 пайызы — ауыл мұғалімдері.

— Кәсіби көшбасшыларды даярлау және педагогтердің кадрлық резервін жасақтау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Білім берудегі 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасы іске қосылды. Оның аясында мұғалімдердің аттестациядан өту критерийлері мен жұмысыңыздың тиімділігін бағалау тәсілдері өзгерді. Биыл 10 мыңнан астам педагог жаңа формат бойынша аттестациядан өтіп жатыр. Іріктеудің барлық кезеңдерінен өткеннен кейін сертификат беріледі, оның негізінде оқытушы республикалық кадр резервіне алынады және оған басшы-жетекші біліктілік санаты беріледі. Алдағы уақытта резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық процедуралардан өтпей тағайындалады. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа мектептерге жетекшілік ететін топ жасақталады, — деп түсіндірді Жайық Сұлтан.

Сонымен қатар Білім министрлігі конкурстық рәсімдерді өткізу процестерін автоматтандыру үшін ұлттық білім беру деректер, базасында «Мұғалімдерді жұмыспен қамту» HR-NOBD модулін іске қосты.

Қосымшадағы «Білім» қызметі

Басқарма басшысы «Egovmobile» мобильді қосымшасында «Білім» жаңа қызметі іске қосылғанын хабарлады. Ол білім туралы мәліметтерді, білім беру ұйымдарын бітіру туралы цифрлық құжаттарды, қорғаншылық және қамқоршылық туралы ақпаратты, баланың профилін және студенттер туралы қосымша ақпаратты қамтитын бірнеше бөлімдерден тұрады. Қажет болған жағдайда электронды үкімет порталынан орта білім туралы аттестат, техникалық және кәсіптік білім туралы дипломды жүктеп алуға болады. Сонымен қатар сервисте электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, білім беру ұйымдары мен пайдаланушы арасында білім беру қызметтерін көрсету туралы келісімдерге қол қоюға болады. «Білім» қызметінде мұғалімдерге арналған «Мұғалім портфолиосы» бөлімі бар, онда еңбек қызметі, тәжірибесі, санаты және сертификаттау туралы қысқаша ақпаратты көруге болады.

Балалар да бағдарламалау тілін үйренеді

Жаңа оқу жылынан бастап №49 «Думан» бөбекжай-балабақшасы мен №52 «Құлагер» балабақшасы базасында «Жасыл балабақша» және «IT-балабақша» атты екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалар аясында балаларға экологиялық білім мен компьютерлік сауаттылық үйретіледі. Ал балаларды ерте дамыту институтының сайтында «Виртуалды әдістемелік кабинет» ашылды.Мұнда балабақша жасындағы балалардың ата-аналарына педагогикалық қолдау көрсету үшін қажетті материалдар орналастырылған.

— Бүгінгі таңда балабақшалардағы қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Биыл Бас прокуратураның тапсырмасымен барлық балабақша қызметі тексерілді.Мектепке дейінгі мекемелерді тексеруден кейін тамақтану, балалардың қауіпсіздігі, бюджет қаражатының жұмсалуы, санитарлық-гигиеналық және өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша көптеген кемшіліктер анықталды. Біз балабақшаларда балалардың қауіпсіз және жайлы өмір сүруіне жағдай жасау үшін жұмыс істейтін боламыз. Ата-аналармен жұмыс жасау үшін балабақшаларда 168 кеңес беру пункті ашылды, — деді Жайық Сұлтан.

Ал балалардың мектепке дейінгі мекемелерге баруын бақылау үшін 171 балабақшаға биометриялық сәйкестендіру жүйесі (Face ID) енгізіліп жатыр. Биыл 23 балабақша ашу жоспарланған, алайда бүгінгі таңда оның 8-і пайдалануға берілді.

Оқулықтардың цифрлық форматы

Бүгінде еліміздегі 13 баспаның мектеп оқулықтарының барлығы дерлік цифрлық форматқа көшірілді. Олар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендердің тізіміне енгізілген. Цифрлық оқулықтар 11 платформада қолжетімді.

Мәселен, bilimland.kz, itest.kz, twig-bilim.kz және imektep.kz сайттарына тіркелу арқылы «BilimMediaGroup» ЖШС электронды оқулықтарын пайдалануға болады.

«Келешек-2030» баспасы мектептерді Білім және ғылым министрлігі бекіткен тізімі бойынша 7-11сыныптарға арналған дискідегі электронды оқулықтармен қамтамасыз етеді.

«Алматы кітап» баспасының электронды оқулықтар кітапханасы opiq.kz платформасында орналасқан. Кітапханаға компьютер немесе ноутбук, планшет немесе смартфон болсын, кез келген құрылғыдан кіруге болады.

Сондай-ақ oqylyq.online сайтында барлық баспаның электронды оқулықтары бар.

Білім беру округтері құрылады

Орта білім саласының басты мақсаты — сапалы және қолжетімді білім беру.

Жаңа оқу жылынан бастап «Нысаналы мектептер» жобасы бастау алады. Білім сапасы төмен 13 мектепке әдістемелік қолдау көрсетіліп, педагогтерінің кәсіби дамуына жағдай жасалады. Осы мақсатта облыста Жобалық кеңсе құрылды. Облыстағы барлық мектептер білім деңгейіне қарай үш санатқа бөлінді. Бұл ретте PISA зерттеуінің көрсеткіштері мен оқушылардың оқу жетістіктерінің жыл сайынғы мониторингінің (МОДО) нәтижелері ескерілді. «Нысаналы мектептер» жобасы аясында үлгерімі төмен мектептердің мұғалімдеріне білікті ұстаздар тарапынан әдістемелік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жоба аясында ауыл мектептерінде жасанды интеллектпен жұмыс және ақпараттық технологиялар енгізілмек.

— Білім беру сапасын арттыру үшін ауылдық тірек және шағын жинақты мектептерде жекелеген пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдері енгізілетін болады. Ақтөбе қаласында білім беру округтері құрылады. Атап айтқанда, Әл- Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимзаия мен Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы тірек мектебіне айналып, төмен нысаналы мектептерді қолдайтын болады. Өңірдегі шағын жинақталған ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологиялар арқылы дамыту жобасы өткен жылы жүзеге асырылды. Одан кейін арнайы оқу орындарының мұғалімдерін де оқу үдерісіне тартып, оқу бағдарламалары жасалып, әдістемелік ұсыныстар дайындалды. Ал жобаның арқасында қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты 5 пайызға қысқартуға қол жеткіздік. Бұл — жақсы көрсеткіш. Сондықтан біз бұл әдісті жалғастыра береміз, — деп түйіндеді Жайық Сұлтан.

Жаңа оқу жылында «Цифрлық мұғалім» жобасы іске асырылады.Жоба мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға математика, химия, физика, биология, Қазақстан тарихы секілді негізгі пәндер бойынша қосымша сабақтар ұйымдастыруды көздейді. Сондай-ақ ол қазіргі уақытта орта білім мазмұнына жасанды интелектті енгізу бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын, жасанды интеллектті оқытудың элементтері мемлекеттік білім стандартына, оның ішінде 5-11сыныптардағы «Информатика» пәнінің мазмұнына енгізілетінін айтты.  Сонымен қатар 10-11 сыныптардың «Жаһандық құзыреттіліктер» курсының мазмұнына «Жаһандық перспективалар», «Жобалық жұмыс» тақырыптары енгізілетін болады.

Саусақ ізі арқылы кіру

Білім беру ұйымдарында қауіпсіз ортаны құруға көбірек көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Ақтөбедегі 72 мектепте «Alaqan» жүйесі енгізіліп жатыр. Балалардың қауіпсіздігі үшін қала мектептеріне кіру енді биометрика, яғни алақан таңбасына негізделетін болады.

— Бұл әдіс былтыр Әбіш Кекілбаев атындағы №72 IT мектеп-лицейінде сынақтан өткен болатын. «Alaqan»жүйесі арқылы мектеп оқушылары кітапханадағы кітаптарды қабылдап, жыл соңында тапсырды, асханада алақандарын сенсорға қою арқылы алған тамағына ақша төледі, ал ата-аналар мобильді қосымша арқылы баласының мектепке келген-кеткен уақытын қадағалап, ас мәзірін қарап, балаларының асханадағы шығындарын біле алады.

Қазір бұл жүйе 60 мектепте орнатылған. Қалған 12 мектептегі жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, —деді Жайық Сұлтан.Сондай-ақ облыс бойынша мектептерге 4800 бейнебақылау камерасы орнатылмақ.

«Электронды кесте» жобасы

 Облыста былтырдан бері «Электронды кесте» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол облыстың әр ауданынан бір мектепті қамтиды. Жасалған қосымшаның арқасында ата-аналар балаларының сабақ кестесін қарап қана қоймай, сабаққа онлайн қосылып, өз мектебіндегі мұғалімдердің портфолиосын қарап, асханадағы ас мәзірін көріп, мектеп туралы жан-жақты ақпарат ала алады.

Жоба тиімділігін көрсетіп, оны келесі оқу жылына ұзарту туралы шешімқабылданды.

— Қазіргі мектеп оқушылары цифрлық технологияларды жақсы меңгерген. Білім беру жүйесінің осы өзгерістерге бейімделуі маңызды, сондықтан біз мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттыруға күш саламыз, — деді Жайық Сұлтан.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button