Білім

Балдырған

Туған өңір

 

Ақбота биігіне бардық

Біздің Байғанин ауданының Алтай батыр ауылы территориясында ХVІІІ ғасырда Алтай батыр, Сәңкібай батыр, Қаратау би, Ақбота секілді атақты тұлғалар өмір сүрген, бірқатар тарихи ескерткіштер сақталған.

Біз география пәні мұғалімі Гүлжайна Айтжанова және құқық пәнінің мұғалімі Бақытнұр Қайырбаева апайларымыздың жетекшілігімен Сәңкібай қызы Ақбота биігінде болдық. Және Ақбота туралы көптеген деректер естідік.

Ақбота — ХVІІІ ғасырда өмір сүрген ержүрек қазақ қыздарының бірі. Әкесі Сәңкібай көп нөкерімен Әбілқайыр ханға сәлем бермек болып, Ырғыз даласына аттанған кезде, оның ауылын ежелден аңдысқан жау — қалмақтар шабады. Ақбота елде қалған жігіт-желең, малшылар мен ағайын-туыстың басын қосып, майданға шығады, сөйтіп ауылды жаудан тазартады. Алайда жойқын ұрыста Ақбота қыз жау қолынан мерт болады.

Ырғыздан аулына бет түзеген Сәңкібай қызының хабарын жол үстінде естиді. Көшіп келе жатқан аулын тосып алып, Ақбота қызының денесін биік жерге, адам аяғы мен мал тұяға тапамайтын орынға қоюды ұйғарады. Сол орын кейін Ақбота биігі деп аталып кеткен.

Біз Ақбота биігінің атына заты сай аппақ екенін көріп таң қалыстық. Табиғаттың шеберлігі сол — биіктікке шығар баспалдақты да қолмен ойып жасағандай.

Туған өлке өңіріндегі тарихи маңызы бар ескерткішті сырттай ғана қызықтаған біздер оның әлі де ашылмай жатқан құпия сырлары бар екендігіне көз жеткізіп қайттық. Әрқайсымыздың көңіліміздің түкпірінде «Шіркін-ай, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, табиғаттың тылсым сырлары тезірек ашылса екен» деген ой қалды. Бірнеше күнге дейін саяхаттың әсерінен арыла алмай, суреттерге қарап, Ақбота биігін әңгімелей бердік.

Ал бізді, 40 оқушыны, саяхатқа бастап апарған Гүлжайна, Бақытнұр апайларға алғысымыз шексіз.

 

Балжан ТАСБОЛАТҚЫЗЫ,

А.С.Пушкин атындағы орта мектептің оқушысы.

Алтай батыр ауылы,

Байғанин ауданы.

Оқушының өлеңі

Ұстазым

Ұстазым менің, ұстазым,

Бізге білім береді.

Біздер үшін қайғырып,

Жүреді ол, жүреді.

 

Ұстаз берген білімнен

Азамат боп шығамыз.

Әрқашанда ұстазға

Бас иіп біз тұрамыз.

 

Ислам ДАРХАН,

Қ.Жұбанов атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Жұрын ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Туған елім

Анамдайсың сүйікті,

Еңсесі биік ер елім.

Мен іздеймін биікті,

Жемісіңді теремін.

 

Аңсат ЗАЙТЖАНОВ,

№3 Алға қазақ орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Ауылым

Бозойдың Бозой деген аты қандай,

Жаныма Бозой бақыт шақырғандай.

Борсыққұм қойнауында — мөлдір теңіз,

Бал болып таңдайыма татығандай.

 

Жандос МИРМАНОВ,

оқушы.

Бозой ауылы,

Шалқар ауданы.

Тарих

Лицейдің «әкесі» — Аристотель

Мектеп, лицей, энциклопедия, кітапхана, академия… бұлардың барлығы да бізге Ежелгі Грекиядан келген жетістіктер.

Айталық, әлемдегі ең алғашқы лицей біздің заманымызға дейінгі 335 жылы Афины қаласының іргесінде пайда болыпты. Оның негізін қалаған — Ежелгі Грекияның ұлы философы Аристотель.

Ол заманда бұл білім ордасы ликей деп аталған және ол философтар мектебі болған. Тағы бір қызығы, онда  балалар емес, тек ересек адамдар оқыған. Сол себепті ол замандағы оқымыстылар философтар болған да, олардың ілімін үйрету орындары мектеп деп аталған.

Ал бұл білім ордалары неге ликей деп аталған? Себебі мынау. Ғылым игерушілер Аристотельдің дәрістерін тыңдау үшін Аполлон Ликей храмының жанына жиналады екен.

Академия дегеніңіз де ежелгі гректік философиялық мектептердің бірі, тіпті ликейлерден де бұрын пайда болған. Академияны біздің заманымызға дейінгі 387 жылы Аристотельдің ұстазы, ежелгі ұлы философтардың бірі Платон ашқан. Бірақ Платонның Академия мектебі біздің заманымызға дейінгі 529 жылға дейін ғана жұмыс істеп, одан соң пұтқа табынушылардың арқасүйер ордасы ретінде император Юстинианның жарлығымен жабылған. Ал Платоннан дәріс алушылар мен олардың ізбасарларын академиктер деп атаған.

Иә, Ликей, Академия тәрізді ежелгі гректік философиялық мектептерге ересек адамдар қабылданған, бірақ бұл ежелгі әлемнің балалары сауатсыз болған деген сөз емес. Мысалы, Ежелгі Египетте мәтінді көшіріп жазушыларды бала кезінен даярлаған. Қысқа мерзімде 3000 иероглифті үйреніп шығу оңай деп кім айта алады?! Бұл кәсіп көбінесе әкеден балаға мұра болып қалып отырған. Ал перғауындар мен аса белгілі адамдардың балаларын сол заманғы ең танымал оқымыстылар оқытқан, тәрбиелеген. Мысалы, македондық Филипп патшаның баласы, болашақ ұлы қолбасшы және әлемді билеуші Александр Македонскийдің ұстазы Аристотель болған.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button