Денсаулық

Үзеңгі үстіндегі үміт

Иппотерапия

Атқа мінудің адамға әкелер пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, бұл ағзаға биомеханикалық әсерін тигізіп, оны шынықтырады деседі. Яғни жылқы жүгендегеннің қозғалыс импульсі реттеледі, мысалы, жүре алмайтындар жаяу жүргендей күй кешеді... Жануардың бұлшық еттері қозғалысқа түскенде, адамның денесіне массаж жасалады әрі жылынады (аттың температурасы адамдыкінен 1,5 градусқа жоғары). Ең бастысы — ер үстіндегі ем кезінде кіші жамбас бөлігіндегі қанайналым жүйесі жақсарады, бұның шарапаты зор. Сол арқылы сал ауруына шалдыққандарға, сондай-ақ аутизм, Даун синдромы, артрит пен жүйке ауруларына тап болғандарға иппотерапияның көмегі орасан.

Біз өңірдегі сәйгүлік үстінде сауыққысы келетіндердің жай-күйін, оларға жасалған жағдай жөнінде білген едік…

Ерекше қызметке арналған 3 ат

 «Қазақ пен жылқы — егіз ұғым». Осы сөздің қалай дөп айтылғанын уақыттың өзі тайға таңба басқандай дәлелдеп беріп отыр. Әйтпесе соңғы жылдары саумал ішіп, атқа мінетін қаладағы жұртшылықтың күрт артқанын қалай түсіндіреміз? Бұрынғыдай емес, Қамбар ата тұқымына қай жағынан да сұраныс ерекше. Бұл денсаулығы дімкәс балалардың еміне де қатысты.

Медицина саласында иппотерапия деген атаумен таныс оңалту түрінің біртармағы біздің өңірде де біртіндеп дамып келеді. Көпшілікке ат спорты мектебі ретінде белгілі мекеме — Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде иппотерапияға арналған 3 ат бар.

— Біздің мектеп жанынан салынған арнайы алаңда дене мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаттығулар күнделікті өтеді. Манеждің аумағы — 76х36. Мекеме ерекше қажеттіліктері бар ұл-қыздардың ақысыз атқа мініп, емделуі үшін ғимарат пен қылқұйрықтыларды ұсынып отыр. Ал бұл ем түріне баратындарды іріктейтін, оның қаншаға созылатынын белгілейтін арнайы клуб бар, бәрін солар шешеді. Бүгінгі таңда спорт мектебінің аумағында барлығы 33 Қамбар ата тұқымы шауып жүр. Солардың дені күнделікті сабақ барысына қолданылса, арасында көкпарға түсетін сәйгүліктер, сондай-ақ аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындарға жұмылдырылатындар бар. Иппотерапияға арналған және 3 жылқымыз бар. Яғни әрқайсысы өзіндік «міндетке» ие. Барлық аттар анрайы бекітілген заңнама негізінде қоректендіріледі. Айталық, бір жылқыға күн сайын жем шөбін есептемегенде, сәбіз, жұмыртқа, дәрумендер беріледі. Ауырып қалса, екпе салуымыз да мүмкін. Бұл бағытта жануарды күтіп-баптайтын атшылар, мал дәрігерлері, өзге де мамандар қызмет етеді, — дейді жоғарыда аталған спорт мектебі директорының орынбасары Ерлан Жақсылық.

Әкімшілік ғимарат, күрес залы, 2 арнайы алаң (жабық манеж) мен 2 ат қорасы бар спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы барлық талапқа сай келеді. Әңгімелесушіміз өз сөзінде соңғы бірер жылда атқарушы билік тарапынан қамқорлықтың күшейгенін атап өтті.

АЙТПАҚШЫ…

Уикипедия ашық энциклопедиясының мәліметінше, «иппотерапия» сөзінің өзі бізге ежелгі грек тілінен енген, қазақ тіліне тәржімалағандағы мағынасы «ат үстіндегі ем» дегенге саяды. Бұл туралы алғаш рет Гиппократ өз еңбектерінде жазған деседі. Ал XVIII ғасырдың ортасында ағартушы-философ Дени Дидро өзінің трактатында атпен жүруді жоғары бағалап, денешынықтырудың озық үлгісі ретінде сипаттайды. Бірақ XIX ғасырда ғана аталған сала ғылыми түрде зерттеле бастайды. Иппотерапия тұңғыш рет Германия, Австрия, Швейцария мемлекеттерінде қосымша ем түрі ретінде қолданылғанын айта кету керек.

Иппотерапия бойынша алғашқы стандартты һәм кешенді бағдарлама канадалық және америкалық дәрігерлердің бастамасымен 1980 жылдардың соңында жарыққа шыққан.

 

Бір жастан жоғары балалар да келеді…

Облыстық мамандандырылған ұлттық спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі иппотерапия бөлімінің әдіскер-жаттықтырушысы Мәди Бимурзиннің айтуынша, жыл өткен сайын иппотерапияға жүгінетін балалардың саны артпаса, кемімей отыр. Бұған себеп болар жағдайлар өте көп… Экологиялық ахуал, тамақтағы жасанды қоспалар, болашақ ата-ананың тіршілігіндегі тауқыметтер айналып келгенде ұрпағына залалын тигізеді екен.

Өңірде иппотерапия 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Соңғы 5 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, олар мектебімізде ақысыз негізде ем алып жүр.

Биылдыққа аталған ем түріне 164 бала келіп үлгерді. Олар — бір жастан асқан ұл-қыздар. Диагнозы да әртүрлі. Жылқыларға келсек, 5 жастан жоғары, бойы 145 сантиметрден төмен емес, жуас, ырғақты қозғалысқа ие жануарлар таңдап алынады.

Иппотерапиядан өту үшін ата-аналар мектебімізге тікелей келіп, жазыла алады. Мекенжайымыз: Қарғалы, 103. Инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшамыз: ippoterapiyaaktobe. Өзімен бірге баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, мүгедектігі туралы анықтама, 3х4 сурет, 0.27 үлгісіндегі медициналық анықтама сияқты құжаттарды ала келсе жеткілікті, — деп атап өтті ол.

Асылы, сала маманы осы ем түрінен толыққанды сауығып кеткендердің жоқтығын, бірақ жақсы нәтижеге қол жеткізгендердің аз еместігін алға тартты. Барлығы келушінің жасына, диагнозына, алғаш жазылған уақытына байланысты.

— Ем қабылдаушының сабағы манеж ішінде жүргізіледі. Әр науқасқа 12 сабақ бекітіледі, 1 аптада 2 немесе 3 реттен қойылады. Ұзақтығы — 20-30 минуттың аралығында. Осы уақытта әртүрлі жаттығулар жасалады. Барлығының талапқа сай болуын әдіскер, жаттықтырушы және атшылар қадағалайды.

Біз әр минутты есептеп, барынша көп науқас баланы қамтуға тырысып жатырмыз. Соның өзінде кезегін күтіп отырғандар бірталай. Мұнда, негізінен, диагноздары әртүрлі — аутизм, церебралды паралич, көру қабілеті нашар балалар, сколиозбен ауыратындар келеді, — дейді Мәди.

Арайлымның тілегі

Әлгінде айтқанымыздай, мұнда келетіндер басым бөлігі — кәмелет жасына толмағандар. Оларды ата-анасы ертіп әкеледі. Солардың бірі Арайлым Қалиеваны әңгімеге тартқанымызда, 6 жастағы қызы Айлиннің аталған ем түрін 6 айлық кезінен бастап үзбей алып келе жатқанын білдік.

Айлинім церебралды параличке шалдыққан. 6 ай сайын спорт мектебіне келіп, 12 сағат иппотерапияның игілігін көреміз.

Осының арқасында қызымның денсаулығында оң өзгеріс бар. Әу баста тек жататын еді, қазір отыратын халге жетті. Аттарды көрсе, күліп, мәз болады. Өзіне қатты ұнайды.

Менің бір тілегім — ем уақытын ұлғайтса екен. Әйтпесе жарты жылда 12 сағат өте аз. Егер жыл бойы атқа мінсе, жағдайы әлдеқайда жақсарар еді… Сол сияқты  қызымның диагнозына ұқсас балаларға балабақша да, мектеп те жоқ. Сондықтан науқас балаларға қамқорлықты күшейтсе деймін, — дейді Арайлым.

«Қызымның қуанышы — менің жұбанышым»

Біз спорт мектебінің арнайы алаңына барғанда ат үстінде ем алып жүрген Татьянаны кезіктірдік. Қыз бала аутизммен ауырады екен. Анасын әңгімеге тартқанымызда:

— Қызыма осы ем түрін дәрігер тағайындады. Аутизммен ауыратындардың көпшілігі иппотерапияға келеді екен. Бұның оңды әсері болатыны әлдеқашан дәлелденіп қойылған. Бұған дейін 2 курс ем алдық. Мынау — 3-ші жылымыз. Бүгін, міне, 13 жаттығуға келіп отырмыз. Әр сабақ 20 минутқа созылады. Аптасына екі рет келеміз. 3-курстың арасында үзілістер болғандықтан, нақты бір мынадай өзгерісті байқадық деп айта алмаймын. Бірақ Таняның осында келгеннен кейін көңіл күйі көтеріңкі болады. Атқа мінгеніне мәз. Соның өзі неге тұрады? Үйде отыра бергеннен далаға шығып, ойы бөлінгені де жақсы. Бұрынғыдай емес, қорықпайды, «досындай» қабылдайды. Мен де ат «көңілді» болсын деп үйден сәбіз алып келуді әдетке айналдырдым. Балаң үшін барлығын істейсің ғой. Орталықтың қаланың сыртында орналасқаны ғана қиын. Осында екі автобуспен қатынаймыз. Дегенмен баламның бал-бұл жанған жүзін көргенде,  бұның барлығы ұмытылып кетеді. Тілегім — аз да болса денсаулығы жақсарып, өзге қатарластары секілді өмір сүрсе деймін. Ақтөбеде аутизммен ауыратын балалардың арнайы қауымдастығы бар. Сондағы тағдырластарым осында келуге кеңес беріп, мүгедектік туралы анықтама, туу туралы куәлік пен дәрігерлердің рұқсат қағазын тапсыру керектігін айтты. Соны орындап, иппотерапияға осымен үшінші жыл келіп жүрген жайымыз бар, — деп сыр бөлісті Анна Николаева.

 P.S. Мақаланы жазу барысында ақылы негіздегі иппотерапияға баратын жерлестеріміздің де аз емес екенін білдік. Олар әр сабаққа орташа есеппен алғанда 4-5 мың теңге төлейді екен.Бірақ мұныекінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні — шындық. Сондықтан барлығы әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі… Ең бастысы, ата-аналардың үзеңгіге ілінген үміті ақталғай!

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button