Көкжөтелден сақтан!
Облыста көкжөтел ауруына шалдыққандар саны тағы көбейген. Жұқпалы дерт жаздың ортасында да азаймады. Әсіресе аурудың құрығына балалар түсіп жатыр. Соңғы алты айда 66 бала ауруханада ем алып шыққан. Қазіргі күні 3 бала емделіп жатыр. Мамандар күзде аурудың өршуі мүмкін екенін айтады.
Көкжөтел — Bordetella pertussis таяқшасынан туындайтын жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын зақымдайтын, яғни ауыз қуысы, көмей мен мұрында өмір сүретін бактериялық жұқпа. Көкжөтелдің қоздырғышы науқас жөтелгенде, түшкіргенде, онымен қоса ауа тамшылары арқылы таралады. Қоздырғыш екі метр қашықтықтан да жұға береді. Әсіресе балалар ауруды тез жұқтырады. Өңірлік коммникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Ақзер Сүлейменова мен облыстық клиникалық инфекциялық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Майра Нұрғалиева тұрғындарды аталған аурудан сақтануға шақырды.
— Көкжөтелдің алдын алудың тиімді жолы — екпе. Сондықтан ата-аналар екпеден бас тартпағаны жөн. Ауру әсіресе екі жасқа дейінгі сәбилер үшін өте қауіпті, — деді Майра Нұрғалиева.
Көкжөтелге қарсы вакцина ұлттық күнтізбеге сәйкес жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талабына сәйкес, нәрестелерге екпенің үш дозасы, бір және алты жас аралығындағы балаларға бір бустерлік доза егіледі.
Кәмшат ҚОПАЕВА.