Әдебиет

Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫ

Абай күні

МЕН ЖАЗБАЙМЫН ӨЛЕҢДІ ЕРМЕК ҮШІН

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін.

Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды.
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
Таң қаламын алдыңғы айтқанды ұқпай,
Және айта бер дейді жұрт тыным бермей.

Сөз айттым «Әзірет Әлі», «айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз».
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз,
Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз.

Батырдан барымташы туар даңғой,
Қызшыл да, қызықшыл да әуре жан ғой.
Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз,
Елірмелі маскүнем байқалған ғой.
Бес-алты мисыз бәңгі күлсе мәз боп,
Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой!

Өлеңі бар өнерлі інім, сізге
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл, өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге.
Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,
Қанша қызық болады өзіңізге?

СЕНБЕ ЖҰРТҚА, ТҰРСА ДА ҚАНША МАҚТАП

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.

ЕСІҢДЕ БАР МА ЖАС КҮНІҢ?

Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос,
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің —
Кімді көрсең, бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?

Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!

Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті —
Жете алмайсың, тоқтайсың.

Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын.

ӨЛСЕ ӨЛЕР ТАБИҒАТ, АДАМ ӨЛМЕС

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айырылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, мәғшарға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас.

ТАЛАЙ СӨЗ БҰДАН БҰРЫН КӨП АЙТҚАНМЫН

Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқанмын.

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын,
Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін.
Көздің жасы, жүректің қаныменен
Ерітуге болмайды ішкі мұзын.

Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін,
Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін.
Ыржаңдамай тыңдасаң нең кетеді,
Шығарған сөз емес қой әңгіме үшін.

Адасып алаңдама, жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық, қамалмай.
Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай.

ҒАШЫҚТЫҚ, ҚҰМАРЛЫҚПЕН — ОЛ ЕКІ ЖОЛ

 Ғашықтық, құмарлықпен — ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Көңілімнің рақаты сен болған соң,
Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!

Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр, үміт үзсе,
Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.

АДАМ — БІР БОҚ КӨТЕРГЕН БОҚТЫҢ ҚАБЫ

Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі — ол баяғы.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!

ПІЛ МЕН ҚАНДЕН

(И.Крыловтан)

Көшеде піл жетелеп біреу жүрді,
Кім көріпті хайуанды мұндай түрлі.
Көрсеткелі ап жүрген жануарды
Тамашалап, артынан жұрт боп ерді.

Көшеде кез боп бір қанден
Ұмтылды пілге шаптығып.
Шаңқылдап үрді ерленіп,
Тартынбай ұрысар жан шығып.

Қанденге бір ит кездей боп
Деді: «Әліңді білсеңші,
Пілмен ұрысар сиқың жоқ,
Мазақ болмай, қой, көрші!

Қырқылдап қалдың, не бітті?
Әуре болмай, қой!— деді.
Сен бұлқындың, ол кетті,
Жан деген жоқ ол сені».

«Мен де соны білемін,
Сондықтан ер боп келемін.
Ұрыс, соғыс қылмай-ақ,
Ер атанып көремін.

Жұрт мұнымды көрмей ме?
Батыр атақ бермей ме?
Қой, бұл қанден — ер шіркін,
Пілге де үрген демей ме?»

ОСПАНҒА

Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек, жомарт құбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жан біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!

ӘУЕЛДЕ БІР СУЫҚ МҰЗ АҚЫЛ ЗЕРЕК

Әуелде бір суық мұз ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да,
Оған да үкі, тұмар тағылса да.
Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды,
Кім желігіп, қай шеттен қағынса да.

Күшік ит бөрі ала ма жабылса да?
Тәңірі сақтар, табандап тап ұрса да.
Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды,
Әр жерде-ақ керегеге таңылса да.

Құтырды көпті қойып азғанасы,
Арызшы орыс — олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы.

ДҮТБАЙҒА

Жылуы жоқ бойының,
Жылмиғаны неткені?
Құбылуы ойының —
Кетпей құйтың еткені.

Мұңды, жылмаң пішінін
Кезек киіп, ел жиып,
Болыс болса, түсінің
Түксігін салар тырсиып.

Бір көрмеге тәп-тәтті
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып ар жағы.

Сенен аяр түгі жоқ,
Бүгін сыйлас көрініп.
Бүгін жалын, ертең шоқ,
Сөзі мен өзі бөлініп.

Әлі үміт, әлі серт,
Жын сықылды бұзылып.
Қулық емес, бұл — бір дерт,
Тұрлауы жоқ құбылып.

ҚАЛҚАМ-АЙ, МЕН ҮНДЕМЕЙ ЖҮРЕМІН КӨП

Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп,
Ойлама отсыз, ойсыз, суық жан деп.
Жүректегі жалынды көзден жас қып,
Ағызғаным болады ол неге сеп?

Антұрған ел көзіне тік қараймын,
Сонымды сен сөгеді-ау деп ойлаймын.
Жүрегімді кескілеп сатып жүрген
Арсыздарды досым деп неге аяймын?

Ішімде қайғым қалың, көз жасым кем,
Адам жоқ, кімді дос деп мен шағушы ем?
Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек,
Көзінен жасы шықса, бойына ем.

Көңіліңе дайын тұр ғой жайым менің,
Дұшпандығың қатайған шығар сенің.
Егер менің ішімді жарып көрсең,
Жылауыңды ұмытып, шошыр едің

АДАМНЫҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ

Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлыттан ашылса.

Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.

Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.

Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.

Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірсе алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.

Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сыя, ащы тіл,
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button