Жігерлі жастар — жарқын болашақ
12 тамыз Халықаралық жастар күні. Осы атаулы күнге орай 7-12 тамыз аралығында облыста ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бүгінде қалада 14 пен 35 жас аралығындағы 170 мыңнан астам жас бар.
Қалалық және аудандық жастар ресурстық орталығының мамандарынан атаулы күн аясында өткізілетін іс-шаралар туралы білген едік…
Қаладағы қайырымдылық
Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалиннің айтуынша, жылдағы дәстүр бойынша биыл да қалада атаулы күн аясында бірқатар іс-шаралар өткізілмек.
— Биыл дәстүрлі «Aqtobe Jastary – 2024» фестивалі Триатлон саябағында өтеді. Дәстүрлі іс-шарада мемлекеттік грант жеңімпаздары атанған мүмкіндігі шектеулі жастар марапатталып, зияткерлік ойындар ұйымдастырылады. Мерекелік іс-шарада халық әндері шырқалып, қыш құмыра жасаудан, сурет салудан шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, көрерменге «Шексіз әлем» атты концерт ұсынылады, — дейді ол.
С.Артығалиннің айтуынша, Халықаралық жастар күніне арналған ауқымды іс-шаралар қала әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.
— Ең алдымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын қолдау мақсатында «Қаржыгерлер» саябағында тазалық акциясы ұйымдастырылды. Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған айлық акция апта сайын өткізіледі. Одан бөлек «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында бау-бақша ұжымдарында тұратын қарияларға көмек ретінде ардагерлердің үйіне барып, олардың аулаларын, бау-бақшаларын тазартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында ерікті жастармен бірге аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балаларға көмек көрсетеміз, — дейді орталық басшысы.
Аталған орталық — қала жастарының қандай да бір мәселе, ұсыныс-тілектерін, ой-пікірлерін емін-еркін келіп айтатын, бас қосатын орны. Бұл жерде жастарға қашанда есік ашық.
— Орталыққа жүгінетін жастардың денін жұмыссыздық мәселесі алаңдатады. Оларға кеңесімізді айтып, білгенімізбен бөлісеміз. «Мансап» орталықтары жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтамасыз етіп келеді. Мәселен, биыл осы орталықпен бірлесе іске асырған жоба нәтижесінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы — 292, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы — 26, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 50 жас жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан бері 14 мыңға жуық жас қалалық жастар ресурстық орталығы өткізген іс-шараларға қатысты. Биыл 7 ай ішінде өткізілген 200-ге жуық қоғамдық іс-шараға да жастар белсенді қатысты, — дейді С.Артығалин.
Қалалық жастар ресурстық орталығында 11 адам жұмыс істейді. Мұнда жұмысты үйлестіретін екі бөлім бар: ақпараттық түсіндіру және жастармен жұмыс бөлімі, қоғаммен байланыс бөлімі. Орталық көптеген акциялар мен ауқымды іс-шараларды өткізуге мұрындық болып, қала жастарын еңбекке, ізденіске шақырады. Жыл сайын облыс аумағында қала жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға арналған танымдық бағыттағы фестивальдер ұйымдастырылады.
Ауыл мақтаныштары
Халықаралық жастар күні аудандарда да атап өтілмек. Мәселен, Мәртөк аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Адайбек Абдакиевтің айтуынша, аудандағы үздік жастар марапатталмақ.
— Елімізде болған су тасқынына байланысты биыл ауданда халықаралық жастар күніне орай ауқымды іс-шаралар өткізілмейді. Тек осы атаулы күнге орай әр салада еңбегімен көзге түсіп жүрген үздік 15 жасты марапаттап, концерттік бағдарлама ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл кеште жастар арасында Qarakesek деген атпен танымал жас әнші өнер көрсетеді, — дейді ол.
Мәртөк ауданында 14 пен 35 жас аралығында 8401 жас бар. Жастар ауданда өткізіліп жатқан қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады, қандай да көмектен бас тартпайды. Мәселен, биыл жастар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, волонтерлік қызметке жұмылдырылды.
— Жұмыссыз жүрген жастарды қолдау мақсатында көптеген жобалар, бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл ауданымызда 430 жас мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасты. «Zhas Project», «Бастау-бизнес» сияқты жобалар ауыл жастарының кәсіп бастауына мүмкіндік беріп отыр. Олар акция аясында ардагерлердің үйіне барып, олардың аулаларын, бау-бақшаларын тазартып, көмектесті. Көшелерді тазалап, арықтарды күл-қоқыстан арылтты, — дейді А.Абдакиев.
Ал Қарғалы аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбанның айтуынша, халықаралық жастар күніне арналған іс-шаралар 6-13 тамыз аралығында өтеді.
— Атаулы күнге орай аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ашық аспан астындағы фильм көрсетілімі, «Ел ертеңі — жалынды жастар» атты дөңгелек үстел, «Қамқор жастар» акциясы, «Қарғалыда жасалған» көрмесі сынды оннан астам іс-шара ұйымдастырылады. Сондай-ақ жастар арасында шағын футбол мен үстел теннисінен турнир өткізіліп, үздік ойыншылар марапатталады. Одан бөлек ауыл жастары «Таза жағалау» аясында өзен жағалауларын қоқыстан тазартып, экологиялық акция өткізеді, — дейді Мейіржан Жұбан.
Қарғалы ауданында 3640 жас бар. Олардың дені мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Биыл жастарды қолдауға мемлекеттік бюджеттен 2,5 миллион теңге бөлінген.
— Ауыл жастары қоршаған ортаның тазалығына үлес қосады. Мәселен, биыл «Жасыл ел» еңбек жасағында 30-дан астам жас еңбек етіп жатыр. Олар 4 мердігер компаниямен жұмыс істеп, көшелерді көркейту, абаттандыру жұмыстарына тартылды.
Сондай-ақ биыл «Қарғалы жастары» командасы облыстық «Жайдарман» ойындарының Премьер-лигасына өтіп, нәтижелі ойын көрсетті. «Жайдарман» ойындары жас таланттардың өнерін шыңдау мақсатында жиі ұйымдастырылып тұрады. Аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан ашылған «Жас сарбаз» патриоттық клубы қайырымдылық акцияларын тұрақты түрде өткізеді. 30-ға жуық еріктісі бар патриоттық клуб аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, қариялардың аулаларын қоқыстан арылтып, түрлі әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды ұйымдастырады, — дейді М.Жұбан.
Жаңашыл жандар
Атаулы күн қарсаңында қоғамдық іс-шараларға қатысып жүрген белсенді жастармен де әңгімелескен едік. Солардың бірі Ақтөбе қаласының тұрғыны Жанерке Мирашева жазғы демалысын қайырымды істерге арнап, қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған кешенді іс-шараларға қатысқандығын айтады.
— Қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараларға қалмай қатысамын. Қаламызда жастардың басын біріктіріп, бірнеше бағытта жұмыс істейтін осындай орталықтың болғаны қандай жақсы. Бүгінде Бопай ханым жоғары медициналық колледжінің 2-курсында оқимын. Ауқымды іс-шараларға өзім қатысып қоймай, колледж оқушыларын да қайырымдылық іс-шараларына қатысуға шақырамын.
Қаламызды көркейтуге үлесімді қосу мақсатында «Таза қала — таза жағалау», «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Туған қалаңа ағаш сыйла!», «Ардагерлерді ардақтайық» секілді акцияларға қатыстым. Тек жастар ғана емес, барша қала тұрғындары тазалық жұмыстарына жұмылдырылуы тиіс.
Қазір озық идеяларымен қоғам дамуына үлес қосып жүрген жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Жеңілдетілген несие мен мемлекеттік грант иегері атану кез келген жастың қолынан келеді. Ерінбеген адам нәтижеге жетеді. Оқуымды аяқтаған соң, медицина саласында қызмет атқарып, мен де мемлекеттік қолдауларға ие болғым келеді, — дейді Жанерке Мирашева.
Қарғалы аудандық Мәдениет үйі директорының орынбасары Асқат Түлкібаев бұл қызметке жақында ғана тағайындалыпты. Аз уақыттың ішінде іскерлігімен көзге түскен ол алдағы жоспарларымен бөлісті:
— Маған жастармен жұмыс істеген ұнайды. Алғашқы еңбек жолымды аудандық жастар ресурстық орталығынан бастадым. Осында жүріп көптеген жалынды жастармен танысып, олардың озық идеяларын жүзеге асыруға көмектестім. Бүгінде жұмыс істеймін деген жасқа мүмкіндік көп. Елімізде жастарды кәсіпкерлікке баулу, жұмыссыздықты жою мақсатында «Дипломмен — ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Ауыл аманаты», «Zhas Project» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
Аудандық жастар ресурстық орталығында жұмыс істеп жүрген кезде түрлі сала мамандарынан жасақталған «Aq sham» еріктілер тобын құрған едік. Игі іске атсалысып жүрген Қанат Қартбай, Шапағат Аманжол, Жомарт Баймұқан, Нұрсұлтан Бекмұратов, Нұрдәулет Қуандықұлы сынды жастардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олар қазір де аз қамтылған отбасыларға көмек беріп, жақсылық жолында қызмет етуде. «Шынайы жанашырлық көрсету — қазақ халқына тән қасиет. Міне, нағыз волонтер болудың озық үлгісі деп осыны айтуымыз керек», — деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен жігер алған жалынды жастарымыз еліне қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетеді деген сенімдемін, — дейді Асқат Жөкешұлы.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.