Медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайту қажет
Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов облыстық стационарлардың материалдық-техникалық базасымен танысып, дәрігерлердің проблемалық мәселелерін тыңдады.
Қарғалы қалалық ауруханасына күн сайын 1200-ге дейін адам қаралуға келеді. Емдеу мекемесіне қазіргі уақытта 50 мыңнан астам жергілікті тұрғын тіркелген.
Облыс әкімінің орынбасары биыл пайдалануға берілген қалалық аурухананың жаңа корпусын қарап шықты. Үш қабатты қосалқы құрылыс заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтылған, мұнда операциялық блок, хирургиялық және терапевтік пациенттерге арналған 2 жансақтау бөлімі бар, ал қабылдау бөлмесі триаж жүйеге арналған.
Аурухананың тәулік бойына демалыссыз жұмыс істейтін перзентхана блогында күн сайын 16 сәби дүниеге келеді.
Стационардың бас дәрігері проблемалық мәселелер қатарында емхананың күндізгі стационарының жылыту жүйесін жөндеу, ғимараты 1884 жылы бой көтерген және жаңғыртуды қажет ететін тері-венерологиялық корпусқа күрделі жөндеу жасау жайын көтерді.
Облыстағы жедел сипаттағы сырқатпен түскен аурулардың 96 пайызына көп профильді облыстық аурухана қызмет көрсетеді. Алпыс жылдық тарихы бар ғимарат толық қайта құрылымдауды, қабылдау бөлімі мен өңірдегі жалғыз жарақат таңатын пунктті қайта жарақтандыруды қажет етеді.
Бұл жерде тұрғындарға медициналық көмекті 10 бөлімше көрсетеді. Операциялық блоктардың жағдайлары талапқа сәйкес келмегеніне қарамастан, аурухана қызметкерлері бірегей хирургиялық және жарақаттарды хирургиялық емдеу операцияларын жасап келеді.
Стационар жедел көмек көрсетудің көш басында: ол жылына 35 мың келушіге қызмет көрсетеді. Инсульттік орталықта 2023 жылы ғана 2824 сырқат емделді.
«Дәл осы жерде реанимация бөлімінде Қазақстанда ишемиялық инсультпен ауыратын науқасқа алғашқы тромболитикалық терапия жүргізілді. Бұл әдіс қазір бүкіл елде қолданылады, бұл мүгедектікті іс жүзінде жоюға және осы аурудан болатын өлімді азайтуға көмектеседі.Сіздердің ауруханаларыңыз облыс аумағы үшін кадрлар ұясы болып есептеледі. Сондықтан емделушілер үшін де, сондай-ақ аптасына 7 күн 24 сағат төтенше режимінде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін де жағдай жасау маңызды. Қайта құрылымдау жобасын әзірлеуде стационардың алдағы уақытта да үздіксіз қызмет көрсетуі үшін барлық қажетті тетіктерді ескеруді тапсырамын», — деді А.Әбдікәрімов.
Ақтөбе медициналық орталығының операциялық бөлімшесінде 10 жыл ішінде 78 мың шамасында хирургиялық іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл —органдарды ауыстыру, бариартрия, буындарды эндопротездеу, тағы да басқа жоғары біліктілікті қажет ететіп операциялар. 400 орындық емдеуге есептелген аурухана биыл жаңа МРТ-жабдығымен толықтырылады. Келесі жылы мұнда барлық бөлімшелерді күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.
«Бүгін мен білікті мамандар қызмет істейтін 3 стационарда болдым. Бұл жерлерде кадрлар жетіспеушілігі жоқ. Бірақ материалдық-техникалық база олқылығы байқалады. Тұрғындарға медициналық қызметті сапалы көрсету үшін медициналық мекемелердің инфрақұрылымдарын нығайту керек. Бүгін қозғалған барлық проблемалық мәселелер бойынша денсаулық сақтау басқармасына барлық түзетулерімен жобалар жасауды тапсырамын. Ауруханаларда қажетті жағдайлар жасау үшін біз дәрігерлердің идеяларын қолдауға әзірміз»,— деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов.
Н.ДӘНЕКЕРОВ.